Ең өзекті мәселе

0 18

СУДЫ ҮНЕМДЕП ПАЙДАЛАНУ МӘДЕНИЕТІ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Осы мақаланы жазуыма түрткі болған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзі. Онда ол ел болып күресетін бес мысалды атап еді. Соның соңғысы төмендегі тұжырымы:
«Келесі түйіткіл — ысырап­шылдық. Шын мәңінде, ырыс­тын бастауы — үнемшілдік. Дамыған елдерде жарық пен суға дейін үнемдеп пайдалану жоғары деңгейдегі қоғамдық мәдениетке айналған. Ал бізде бұған мүлде керағар жағдай қалыптасқан. Миллиондаған адамның ысырапшылдығы бүкіл елдің байлығын желге ұшырады. Мысалы, су мәселесі. Бізде суды үнемдеуге байланысты қалыптасқан дәстүр жоқ. Оны ашық мойындауымыз керек. Ал, су болашақтың байлығы екенін бүкіл әлем мойындайды. Бұл- Қазақстан үшін аса маңызды мәселе. Себебі, елімізде су тапшылығы пайда болды. Бізде материалдық қана емес, рухани ысырапшылдық та бар. Өзіңді, еліңді дамытуға қажетті қаншама алтын уақыт өнбейтін дау- дамайға, еш пайдасы жоқ іске жұмсалып жатыр. Әрқайсымыз үнемшіл әрі ұқыпты болсақ, еліміздің берекесі арта түсер еді. Ұрпақтың санасына осыны сіңіре беруіміз қажет».
Ия шыңында да сусыз тіршілік жоқ. Адам баласының топырақтан, судан, ауадан және ұйыған қаннан жаратылғандығы жөнінде ғы­лыми болжамдар бар. Адамның дене құрылысының жер шарына ұқсастығы да осы пәлсапаның растығына көз жеткізеді. Егер жер шарының 70 пайызын су алып жатса, адам денесінің де сұйық затының сол көлемде екендігі таңқалдырады. Соншама мол судың екі пайызы ғана тұщы су екендігін ескерсек ол да ойланатын жағдай. Сондықтан, адам баласы жаратылғалы бері суды қасиеттеп, қастерлеуді басты мұраты етіп алды. Оған «бұлақ көрсең, көзің аш», «суды лайлама», — деген толып жатқан сөздер айғақ. Тіпті ертеде Египеттің Перғауыны: «судың алдын бөгеген немесе оны ластаған адам болса өлім жазасына кесілсін» деген заң шығарыпты.
Мемлекет басшысы айтқандай су мәселесі біздің елімізде ең өзекті мәселенің бірі. Жер асты суын былай қойғанда еліміздің территория­сына келетін судың 70-80 пайызы трансшекаралық аймақтардан келеді. Оның үстіне кешегі Кеңес дәуірінде табиғат­тың тепе – теңдігін бұзып, су қойма­ларын салу, суды жозықсыз пайда­лану, шамадан тыс егістік алқаптарын игеру соңы өзен – көлдердің ағынын тоқтатып, мыңдаған гектар аймақты сусыз қалдырып, қуаңшылыққа ұрындырды. Әлі де сол үрдіс жалғасуда. Мысалы, Қырғыз жеріндегі Киров су қоймасының салынуы Жамбыл облысының аймағын қуаңшылыққа ұрын­дырды. Оның үстіне тау мұздақтарының еруі су көлемінің азаюына ықпал етуде. Жер үсті жылуының артуы көңілге қорқыныш ұялатуда. Ғалымдар 2050 жылға қарай Қазақстан аумағының, оның ішінде Оңтүстік өңірлердің 70 пайызы су тапшылығына ұшырап, қуаңшылық болады деп жорамалдап отыр.
Оның алғашқы белгілері Талас, Сарысу аудандары қазірдің өзінде байқауда. Соңғы жылдары тамшылатып суару әдісін қолдан­ғанымен, оны су проблемасын түбегейлі шешеді деп айту қиын. Біз бұл жерде ағын су мәселесін сөз етіп отырмыз. Ал, адамдар тұтынатын тұщы су мәселесі қалай шешілуде? Рас, соңғы жылдары мемлекет, елді – мекендерді ауыз сумен қамту үшін 2003 – 2010 жылдар аралығында «Ауыз су» және 2011 – 2020 жылдар аралығында «Ақ бұлақ» бағдарламалары аясында 11 ауылдық округтегі 14 елді – мекенді (Ақкөл, Қызыләуіт, Үшарал, Кө­шек, Бөлтірік, Ойық, Тамабек, Шә­кіров, Бостандық, Талапты, Аққұм, Қасқабұлақ, Тамды, Майтөбе) ауыз сумен қамтамасыз етті. Осы бағдарламаның аясында Үшарал ауылындағы Қайыр, Арал, Ойық ауылындағы Сейілбек, Тұрымқұл, Қаратау ауылындағы Қараой елді – мекендеріне ауыз су тарататын нысандар салынуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылдың соңына дейін елді – мекендер ауыз сумен толық қамтамасыз етілуі тиіс.
Өте жақсы жоба. Халық үшін жасалынған игі шара. Мұндай жақ­сылықты ауданның әкімшілік ор­талығы Қаратау қаласының тұрғындары да көруде. Қаладағы «Игілік» КМК КК Қаратау мекемесі тұрғындарды жылумен, ауыз сумен, және кәрізбен қамтамасыз етуді шешетін бірден – бір кәсіпорын.
Су жүйелерін жаңғыртуда мем­лекет қаржысын аяп отырған жоқ. Ал сол игілікті тұрғындар қалай пайдалануда? Ауыз суды тиімді, үнемді пайдаланудың мәдениеті қандай дәрежеде? Шыңын айтқанда, елді — мекен және қала тұрғындары ауыз суды таусылмайтындай көріп, есепсіз, жауапсыз пайдаланатынын көріп, біліп жүрміз. Мысалы, «Талас Таза Су» көпсалалы мемлекеттің коммуналдық кәсіпорынының ауыз суды пайдаланған тұрғындар мен мекемелерден жинайтын төлемақы ай сайын небәрі 500000 теңге екен. Мекеме басшысы Оңалбаев Шәріпбектің айтуына қарағанда ай сайын небәрі 100 – 120 мың ғана теңге жиналатын көрінеді. Ол қаржы мекемеде жұмыс істейтін отыз адамның еңбек ақысының жыртығын жамауға еш келмейді. Оның үстіне ауыз сумен қамтамасыз етілген халық саны – 19281 адам; аула саны – 3056. Абонент саны – 2007 (жеке тұлғалардан – 1966, заңды тұлға — 41). Су есептегіш орнатылған абонент саны 1689 (82,7%). Су желілерінің ұзындығы – 320,8 км. Электр желілерінің ұзындығы 54, 7 км. Құдықтар саны – 2106. Трансформаторлар саны – 21 шт (40кВт, 63кВт, 100кВт). Өрт гидранттарының саны 908 дана.
Осы цифрлардан көрініп тұрғандай су есептегіш құралдарын пайдаланушылардың саны 82, 7 пайызды құрап отыр. Қалғандары ол қызмет түрін пайдаланудан қашқақтап, өз құдығымыз бар, тұщы суды пайдаланып отырған жоқпыз деген уәждерін алға тартады. Тіпті кейбір елді – мекендердің тұрғындары тұщы судың уақытылы келмейтінін, болмаса сапасының сай еместігін айтып, шағымданып отыр. Мысалы, Ойық ауылының тұрғындары ауыз судың түсінің сарғыш тартып, дәмінің май татитынын айтып шағымданғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Биыл ғана суды тазалайтын құрылғы орнатып, бұл мәселенің сәл де болса оң шешімін тапқанын айтып жұрт қуанулы. Енді Сейілбек, Тұрымқұл ауылдарының тұрғындары да сапа­лы су ішсек екен деп армандайды. Осындай мәселе Аққұм ауылында да бар. Ауылдық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ә. Мұсабаев:
— Ауыз су мәселесі біздің де назарымыздан тыс қалған емес, — дейді, — су тарататын нысан жиі істен шығып, ауыз суға тұрақты қол жеткізе алмаймыз. Нысандағы су тартатын насос күйіп істемей қалса сол күндері сусыз қаламыз. Оның себебін сұрастырсақ, аудан­дық электр жүйесіндегілер желілердің тозғандығын алға тартады. Әрі ауылда электрик жоқ.
«Талас – Таза Су» көпсалалы мемлекеттік коммуналдық кәсіпо­рынның директоры Ш.Оңалбаев қолда бар трансформаторлардың көпшілігінде су сорғыштарды күйіп кетуден сақтайтын қосымша ажыратқыш аппараттың жоқтығын алға тартады. «Соның кесірінен насостар жиі істен шығады» дейді ол. Бір насостың құны – 1 – 1,2 миллион теңге шамасында. Оны сатып алатын қаражат жоқтың қасы. Үстіміздегі жылы Бостандық, Ақ­құм, С.Шәкіров, Тамабек, Ойық, Үшарал ауылдарында насостар істен шығып, қатты қиналыпты.
Мекеме басшысының айтуына қарағанда кәсіпорын өзін – өзі қаржыландыру керек деген талап­пен, жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбей келеді. Тіпті кейінгі бес жылда мекемені банкрот деп танып, жекешеге сату жоспарланыпты. Қиюы кеткен, шығыны шаш етектен, нысандары ескірген кәсіпорынды кім ала қойсын? Жергілікті атқа­рушы билік су нысандарын жаңғырту үшін әрекет жасап жатқандарынан да хабардар болдық. Бірақ оған қаражат қарастыруға мүмкіндік жоқтың қасы.
Осындай күйді «Игілік» КМК КК бастарынан кешіруде. Рас, соңғы жылдары су жүйелерін жаңғырту үшін мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінуде.
— Соған қарамастан, — дейді мекеме басшысы Азамат Жұмабеков – жылу және ауыз су тұтынушылар өздері­нің пайдаланған жылу және судың төлемақысын уақытылы төлемей, соның кесірінен мекеме қарыздың астында қалуда. Қазір тұрғындардың және жеке тұлғалардың қарызы 86 миллион теңгеге жетіп отыр. Жасыратыны жоқ олардың арасында қалталы азаматтар да жетерлік. Жаз айының ішінде тек суға ай сайынғы жиналмаған қарыз – 15 -16 млн. теңгені құрайды. Ашығын айту керек ауыз сумен есігінің алдындағы алқаптарды суаратындар да кездеседі. Малын суарады, кір қоңын жуады, ал төлемақыны төлеуге келгенде сансыз сылтау айтып, мекемеден кемшілік іздейді.
Мекеме басшысының жанай қайын түсінуге болады. Мұндай ысырапшылдық, жауапсыздық елді – мекендердегі су пайдаланушылардың арасында да жетерлік. Олардан төлемақы жинауды қадағалайтын ауыл әкімдерінің де белсенділігі байқалмайды. Тығырықтан шығатын жол бар ма?
— Бүгінгі танда, — дейді аудандық тұрғын – үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Назарбеков Дархан мырза: — қала және елді – мекендердегі ауыз су тарататын нысандардағы қайта зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындар арасында төлемақыны ретке келтіру үшін есептегіш құрал­дарын орнатуды қолға алып отырмыз. Оған қоса нысандарды жаңғырту жұмыстары қолға алынады.
Әрине, бұл ұйымдастыру жұмыстарының түпкі нәтижесі оңды болса екен деп тілейміз. Бірақ, қолға алған істің мәселені толық шешеді деп айту ертерек сияқты. Жұрттың пікірінше, мамандардың ұсыныстарын ескерсек су нысандарын коммуналдық меншікке алып, оны стратегиялық нысандар қатарына жатқызу бірден – бір онды шешім болар еді. Және де су пайдаланушылардың жауапкершілігін арттырудың жолдарын қарастыру керек. Суды ысырап еткендерге айыппұл төлетуді енгізген де жөн бе дейміз. Дамыған елдерде суды пайдалану мемлекет тарапынан қатты қадағаланады. Бір тамшы суды ысырап етсеңіз қомақты айыппұл төлейсіз. Ал бізде көптеген су тұтынушылары, суды пайдаланудың мәдениетін менгермек түгілі, оны тегін көріп, ойлағысы да келмейді. «Судың да сұрауы бар» екендігін әрбір тұрғынға шегелеп тұрып ескертетін кез келді. Сонымен қатар ауыз су нысандарын салу мен оны пайдалануға беруде «бармақ басты, көз қыстыға» орын болмауы тиіс.
«Уралап» іске қосқан су нысан­дарынын сапасының төмен­дігінен тұтынушыларымыздың ұтылып жатқандығын да ескерсек екен. Тіпті кейбір су нысандарындағы судың көлемінің дұрыс есептелмеуі, қысымының төмендігі талай ауылдың проблемасына айналды. Осының барлығын суға жауапты мекемелер қаперлеріне алып, халықты сусыз қалдырмаса екен деп тілейміз. Ал судың құны әзірше қымбат емес.
ҚР Ұлттық Экономика Ми­нистрлігі табиғи монопо­лия­лар­ды реттеу комитетінің Жам­был облысы бойынша депар­таментінің 28 Наурыз 2024 жылғы №38 – НҚ суды таратушы желілері арқылы беру қызметі оның ішінде; арнайы есептеу құралы бар тұрғындарға 1 текше метр үшін – 78,47 теңге ҚҚС – мен, арнайы есептеу құралы жоқ тұрғындар үшін – 95,92 теңге ҚҚС –мен, заңды тұлғаларға 1 текше метр үшін – 298,84 теңге ҚҚС – мен мөлшерінде бекітілді.
Сонымен суды үнемдеп пайдалану үшін жұмысты неден бастау керек? Ысырапшылдыққа қалай тосқауыл қоямыз? Өзге елдердің тәжірибесі не дейді? Меніңше су пайдалану мәдениетін қалыптастыру үшін монополист мекеме мен тұтынушылар арасындағы келісім — шарт қысқа – нұсқа, екі тілде түсінікті жазылу керек. Көріп жүрміз, біздегі келісім – шарт баяғы Кеңес Үкіметінен қалған құжаттың қалдығы сияқты. Көбінесе монополистің құқығын қорғайтындай. Екіншіден, меншік иесі немесе жалға алушы негізгі тұлға екенін сезінуі тиіс. Мекеме әрбір тұтынушының пайдаланған суын реттейтін есептегіштің қабілетін тексеріп отырса, тіпті шет елдердегідей кәріз суына дейін есептегіш орнатуды қалыптастыру қажет. Егер ауыз сумен есігінің алдындағы азын – аулақ алқабын суаратын болса, оған да, есептегіш орнатуын талап еткен жөн. Ең болмаса акт жасап, суды ысырап жасағаны үшін айыппұл төлету үшін құзырлы органдарға жолданса жөн болар еді. Әрине, барлығын заң жолымен қарастырған жөн. Әсіресе, қолында күші барлардың суды есепсіз пайдаланып, оған ақша төлеуге келгенде жалтараты­ның да көріп жүрміз. Оларға да тосқауыл қойылса дейміз.
Тұтынушылардың мәдениетін көтеруде оларды кінәләй бермей өзімізден бастайық. Біз неғұрлым әділ, арымыз таза болса, адамдарды иландыра алатындай қасиетке ие болсақ қана суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыра аламыз.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
ҚР ақпарат саласының үздігі.