Соғыс-жеке отбасы үшін ғана емес, жалпы ел үшін қасірет. Ананы баладан, баланы әкеден, жақынды бауырдан, әйелді тіректен айырған соғыстың зардабын буыны бекімеген бала болсақ та көріп өстік. Бізді ерте есейткен соғыстан соңғы ел ішіндегі сүреңсіз көрініс болатын. Екінші дүниежүзілік соғысқа тек қазіргі Қаратау ауылынан 202 азамат аттанған екен. Солардың 34 ғана елге оралды.
Өзіңіз ойлаңызшы, қандай қасірет. Әр азамат бір шаңырақтың тірегі, бір отбасының үміті. Қанша үміт солып, қанша тірек құлады.
Соғыстан кейінгі жылдары елге аман есен оралған майдангерлерді көзіміз көріп өсті. Ақылын алдық, ағаларымызға еліктедік. От пен оқтың ортасынан оралған олар туған өлкеге келген соң ауыл тірлігіне араласып кетті, халықтың тұрмысының тіктелуіне еңбек етті, үлес қосты. Қазір сол сұрапыл соғысқа қатысқандар ауданда қалған жоқ. Облыс көлемінде майдангерлердің саны тіпті онға да жетпейтін көрінеді. Ой елегінен өткізе отырып, өзім көзін көрген, ақылын алған аға буындардың кейбірін қағазға түсіре кетуді жөн санадым.
Айбосын Омаровтың ерлігі елдің есінде. 1923 жылы дүниеге келген ол «Қызыл жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері. «Қызыл жұлдыз» орденін 2 рет иеленген майдангер. Мұндай белгі әдетте ерен ерлік жасаған жауынгерлерге берілетіні белгілі. Батыр тұлға өзі майданда радист болған. Ауыр артиллерияға снаряд тасыған. Днепрден өту үшін болған қиянкескі шайқаста қосымша күш келгенше 18 фашистің көзін жояды. Денпрден өтіп, арғы беттегі партизандарға қосылады. Қызыл әскермен арада байланыс орнатады. Жеңісті Германияда қарсы алады. Соғыстың соңына дейін қатысқан майдангер одан кейінгі бейбіт өмірде ауылға келіп бала оқытады. Орта мектепте математика пәнінен сабақ береді. Өзім де ауылда жұмысшылар комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүргенде талай ретте дәмдес те, пікірлес те болдық. Әңгімесін тыңдадық. Жас ұлғайған соң кейінгі буынға білгеніңді бөліскен жөн ғой. Көргеніңді жеткізіп, бағытыңды берсең сол тәрбие. Қариялардың да міндеті сол деп білемін. Нұғмансая Жүсіпов атамыз да соғыстан елге оралған аз азаматтың бірі еді. Жасын үлғайтып небәрі 16-дағы өрім соғысқа сұранып өзі барады. Алды артын аңдап үлгермеген жас Беларусь майданында болады. Витебскіде ауыр жараланады. Бірақ ерге тән мінез, Отанға деген сүйіспеншілік оны қолына қайта қару алдырады. Елге келген соң Тамды ауылында талай жыл қызмет атқарады. Ардақты азамат 4 қыз, 7 ұл өсіріп тәрбиеледі. Олардан өрбіген ұрпақ бүгінде үлкен әулетке айналды. Адам ұрпағымен мың жасайды деген осы.
Тағы бір ерекше тоқталып кететін майдангерлердің бірі-Білдән Мелдебеков. Әскер қатарына шақырылғанда Білдән 21-гі өрімдей жас еді. Бастапқыда Алматы қаласы түбіндегі 147-ші атты әскер полкі құрамында екі ай жаттығудан өтеді. Ат үстінде қару қолданудың қыр-сырын меңгереді. Аттың жалын тартып өскен ауыл баласына тек қару ұстау, оны ату ғана таңсық. Әскери тәртіпке бейімделу және бар. Осы сынды міндеттерден хабар алған ол 1942 жылдың маусым айының соңында соғыс өрті шарпып жатқан Смоленскіге жетеді. Ұрысқа 7-ші гвардиялық дивизияның 27-ші атқыштар полкі құрамында қатысады.
Жас Білдән үшін ең ауыр, ең есте қалған шайқас 1943 жылы Курскіде өтеді. Екінші дүниежүзілік соғыста шешуші рөл атқарған Курскі шайқасы тарихтан белгілі. Ұрыс 1943 жылдың 5 шілдесі мен 23 тамызына дейін созылды. Соғысқа екі жақтан 4 миллионнан аса адам, 69 мыңнан астам зеңбірек пен миномет, 13200-ден астам танк пен өздігінен жүретін қондырғы, 12 мыңға жуық ұшақ қатысты. Міне, қанды соғыстың ауқымы. Бұл шайқаста 1 және 2 Украин майданының жауынгерлері ерліктің өшпес үлгісін танытты.
Оқ пен оттың ортасынан аман шыққан Білдән 1944 жылы Карпаттағы шайқасқа қатысады. Бұл жерде жиырмаға жуық жаудың көзін жалғыз өзі жояды. Дәл осы батылдығы үшін ол «Қызыл жұлдыз» орденіне лайық деп танылады.
Бұдан соң Чехия, Венгрия, Болгарияны жаудан азат етуге қатысып, Одер, Эльба өзендері бойындағы Дрезден, Торгау қалаларындағы ұрыстарда ерлігімен көзге түседі. Дәл осы көзсіз батырлығы үшін Білдәнға 3-ші дәрежелі «Даңқ» және «Қызыл жұлдыз» ордені беріледі.
Ұлы Жеңісті жас батыр Прагада қарсы алады. Осындағы Жеңіс шеруіне қатысады.
Бірақ Жеңіс күнін қарсы алғанымен Білдән бірден елге орала қоймайды. Батыс Украинадағы ұлтшылдардан құралған бандеровшылармен айқасқа түседі. Бұл тапсырманы мүлтіксіз атқарғанымен жас батырды 1946 жылдың сәуір айында Владивостокқа кеме матросы етіп жібереді. Гвардия аға сержанты тек 1947 жылы ғана туған еліне оралады.
Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Бұл дегеніміз-кешегі соғысқа аттанған өрімдей жастың кемі 100-ге келіп отыр. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда-қазан» деген бұрынғылар. Кешегі соғысқа қатысқандар қалмай барады. Бір дәуір көшіп барады. Олардың есімін, ерен ерлігін, ел үшін жасаған еңбегін кейінгі жастар біліп өссе деген ниет менікі. Өйткені, тарихын оқымаған, батырын білмеген ұрпақтан отанын сүйетін, үлкенін құрметтейтін азамат шықпайды.
Түзелбек Рақышұлы,
тыл ардагері, ауданның Құрметті азаматы.