ЕРТЕГІ – ТАНЫМНЫҢ КӨЗІ

0 30

Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінде бастауыш сынып білім алушыларының әжелерінен құралған «Ғибрат» әжелер клубының «Ертегі — танымның көзі» тақырыбындағы шебер сабағы өтті.  Шебер сабақты әжелер клубының жетекшісі Иетаева Саягүл Төреханқызы жүргізді.
Іс-шара Асқан Дарынның «Әже, әжетайым» әнімен ашылды.
Әжелерімізге арналған алғашқы тап­сырма «Сіздің әжеңіз қандай естелігімен қымбат немесе қандай естелік әжеңізді еске түсіреді?» деген сұрақпен басталды. Раяна Қалдықұлдың әжесі – Жанбота Сырымбетова «5-6 жастың шамасында болармын, әжем «Қолыңды үш рет жу, аузыңды үш рет шәй» деп құманнан су құятын, қазір ойласам сол уақыттарда әжем намаз оқитын болғаны ғой» деп бастады. Ал Нұрсейіт Жолдасбайдың әжесі Жамалхан өз әжесінің ұйықтап тұрғанда ««Биссмилләхи рахмани рахим» деп тұрып, ұйықтар алдында «Лә иллаха иллалла, Мұхаммадур Расулалла» деп айтуды үйреткен, сол менің әлі күнге дейін миымда сақталып, көкірегімде жатталып, осы сөзбен ұйықтап, осы сөзбен тұрамын, бір күн ұмытқан емеспін» деді. Әжелеріміз әжелерін еске түсірген сәт, біздің де көз алдымыздан кино көргендей ғибратты сәт болды.
Сабақтың келесі кезеңі 4 «А» сынып оқушысы Бақыт Инабаттың орындауында «Әжем айтқан ертегі» әнімен жалғасты.
«Ерте, ерте, ертеде» деп басталды кешегі,
Түн ұйқыға кетерде әжем айтқан ертегі.
Ұйып тыңдап жатыр ем, қызық ертегі екен деп,
Көзім ілініп кетіпті, әжеме мен еркелеп,
Менің әжем айтқан ертегі,
Биіктерге ертеді.
Бақытты жан етеді,
Сол ертектің жалғасын анық көрдім түсімде.
Түсті көріп болған соң, қайран қалдым күшіме.
Ғажап әнге шертеді, ұнап бала көңілге,
Әжем айтқан ертегі қайрат берді өмірге».
«Ертегі туралы не білеміз?» деп айдар тағылған бөлім әжелеріміздің құн­ды пікірлерімен жалғасып жатты. «Мақ­та қызбен мысық» ертегісінің түпкі мағынасы, ойланбай іс қылсаң екі аяққа зор келеді деген ұғымға саяды деген пікірлерімен бөлісті. Ы.Алтынсариннің «Әке мен бала» әңгімесі бойынша Жамалхан әжей еріншек адамның тірлігінде береке болмайтынын, келіп тұрған ырзық — несібеден құр қалатыны туралы айтып, тәрбиелік мазмұнына тоқталды. «Толағай» ертегісінде баланың туған жерге сүйіспеншілігі, ата-анаға қызметі туралы ой өрбіді. Сұрақтар бойынша Роза Әлімқұлова, Данагүл Дүйсенбаева, Раиса Қожабекова, Қызбала Балғынбекова әжейлеріміз құнды пікір­лерімен бөлісті. Әр ертегінің тәрбиелік мағынасын, тәрбиелік мақсатын айтып өтті. Заманауи тәрбиенің де кемшін тұстары сол, ұялы телефондардан бас алмайтын кейінгі ұрпақтарды халқымыздың ұлттық құндылықтары – ертегі айтып, жұмбақ жа­сырып, жаңылтпашты жаңылмай айтқызып, өлең шумақтарын жаттатып тәрбиелеуді келешектегі күн тәртібінен түспейтін мә­селе болуын айтып өтті.
Шебер сабақты Саягүл Төреханқызы «Ертегі — фальклордың ішіндегі қо­ғамдық тәрбиелік маңызы зор халық шығармашылығының жемісі. Балалар әдебиетін ғылыми мазмұнда зерттеген қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов ертегі туралы «…Ертегі деп баяғы заманғы елдің дүниеге көзқарасын білдіретін, я сол көзқарастың белгілі ізін көрсететін, онан соң белгілі елдің салтын білдіретін, арнаулы үлгі айтатын; жамандықты жерлеп, жақсылықты көтеріп айтқан, ойдан шығарған кө­терме әңгімені айтады» деп жазған еді. Қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уәлиханов та алғашқы зерттеу жұмысын ертегі жинақтаудан бастаған» – деп қорытты.
Шебер сабақ соңында әжелерімізге «Ақжаулықтарыңыз кірлемесін» деп барлық әжеге орамал жауып, құрметтеді. Әжелеріміз ұстаздарымыздың еңбегіне баға беріп, ризашылықтарын айтты.