Өткен аптада аудандық кітапхананың «Коворкинг» орталығында «Германиядағы кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарты әскерінің тобы» ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігінің Мойынқұм аудандық филиалының ұйымдастыруымен жиын өтті. Оған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков, Мойынқұм ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұханбетқұл Сабыров, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, майор Ерболат Әбілдаев, бөлім қызметкері Гапал Әлімқұлов, филиал төрағасы Болат Сағындықов, оның орынбасары Бәкен Бейсебаев әр жылдары Кеңес әскерінің құрамында шетелдерде Отан алдындағы борышын өтеген Серікбай Сейсенбаев, Мұрат Райымқұлов, Қайрат Хасенов, Байтан Шохаев, Кеңес Мәуленов, Үйсін Мырзабеков, Гүлнәр Ибраева, Мұрат Абданбаев, Жалғас Молдахметов, Ерік Тәпеев сынды азаматтар қатысты.
Жиында филиал төрағасының орынбасары Бәкен Бейсебаев сөз сөйледі.
– Варшава келісімі (ресми – Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарт) 1955 жылы 14 мамырда Польша астанасы Варшавада қол қойылды. Оның құрамына Албания, Болгария, Венгрия, Шығыс Германия, Польша, Румыния, КСРО және Чехословакия кірді. Құжатқа сәйкес келісім мемлекеттердің егемендігі және олардың ішкі істеріне араласпау негізінде БҰҰ Жарғысына сәйкес Еуропада бейбітшілікті сақтау мүддесі үшін жасалған. Ол қатысушы елдердің біріне шабуыл жасалған жағдайда өзара қорғаныс пен әскери көмек көрсетуді көздеді. АТС шеңберінде Қарулы Күштердің біріккен қолбасшылығы (ОКВС) және Саяси консультативтік комитет (ПАК) құрылды. Варшава шарты кеңес әскерлерінің бірқатар еуропалық мемлекеттерде болуын қамтамасыз етті. Олардың міндеті ресми түрде НАТО-ның ықтимал шабуылын тойтару болды. 1991 жылы 25 ақпанда Варшава шартының әскери ұйымын тарату туралы шешім қабылданды. Енді оған кіретін мемлекеттердің әрқайсысы өз бетінше әскери және саяси одақтарды таңдау мүмкіндігіне ие болды. Осы келісімшарттың тоқтатылуы негізінде Венгрия, біріккен Германия, Польша, Чехословакия, Болгария, Румыния мемлекеттерінде орналасқан кеңес әскерлері толықтай шығарылды. Сөйтіп, екі саяси жүйенің текетіресі нәтижесінде құрылған Варшава келісімшарты тоқтатылды, – деді Бәкен Тұрарқұлұлы.
Содан кейін сөз алған аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Жұманазар Көдеков, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Ерболат Әбілдаев, Мойынқұм ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұханбетқұл Сабыров және Варшава шартындағы келісімге орай Еуропалық шет мемлекеттерде әскери борышын өтеген азаматтар ұйым өз міндетін толықтай абыроймен атқарып отырғанын атап өтіп, осы шетелдерде әскери қызметін өтеген жауынгерлердің басын қосып, ұйым құрғандарын құптады. Бүгінде елуді еңсеріп, алпысты алқымдаған азаматтардың тұрмыс жағдайына, емдеу-сауықтыру орындарына баруына және тағы басқа да өмір тудыратын жәйттерде жалғыз қалдырмай көмек қолын созу маңызды. Ұйым бұл бағытта айтарлықтай жұмыс атқаруы керек,- деді олар.
Жиында осы әскери одақта қызмет еткен азаматтарға мүшелік куәлік пен арнайы шығарылған медальдар тапсырылды.
Алдыңғы жазба
Келесі жазба