Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».
Қазір тірлік бастаймын дегенге кедергі жоқ, керісінше мүмкіндік көп. Мемлекет тарапынан бөлінетін қолдау бар, бастысы ниет болса болғаны. Қызыләуіт ауылының тұрғыны Серік Алпысбаевты тәуекелге бастаған кәсіп айналдыруға деген қызығушылық.
Серік Сейітжанұлының негізігі мамандығы- мұғалім. Талай жыл Қаратау қаласында мектеп-лицейде шәкірт тәрбиелеген оның ауылға қоныс аударғанына да біраз жылдың шамасы болды. Қол қусырып бос жатқанды құп көрмейтін Серік қазір Қызыләуіт ауылында калифорниялық шылаушанды өсірумен айналысады.
-Шылаушанның бұл түрі топырақтың құнарын арттырады. Бақша баптайтын шаруалардың көбі біле бермейді. Әсіресе, аудан көлемінде сұраныс кем. Ал мұндай кәсіп қазір Түркістан облысында қызып тұр. Бақша өсірсең, тіпті шелекке үйге гүл ексең нәтижесін ұзаққа бармай-ақ көресіз,-дейді кәсіпкердің өзі.
Жалпы Серік кәсіп бастау үшін үй іргесіндегі жерді айналдыруда. Калифорниялық қызыл құртты өсіру үшін қорадағы түліктердің қиын пайдаланып отыр. Оның көлемі 20 шаршы метр. Одан бөлек кәсіпкер үй іргесінен 200 шаршы метр жерді кәдеге асырып отыр. Болашақтағы жоспары жер көлемін үлкейтіп, кәсіпті кеңейту.
Ол жайында Серік Сейітжанұлы: -Тыңайтылған топырақтың жарнамасын әлеуметтік желі арқылы өзім таратып отырмын. Тапсырыс берушілер де жоқ емес. Қазір литрін 60 теңгеден саудалап жатырмын. Көтерме саудаға сұраныс берушілер болса, бағасын келісеміз,-дейді.
Кәсіп бастамас бұрын шаруа тірліктің дәл осы түрімен айналысып жатқандардан кеңес алған көрінеді. Бизнес жоспар әзірлеп, мемлекет тарапынан берілетін грандты да жеңіп алған. Бұл соңғы бір жылда жеткен еңбек. Ниетіне бұйырған несібесі.
Жалпы калифорниялық шылаушанды өсіретіндер ауданда некен-саяқ. Қайбір кәсіпкерлер жайында қолға алған ісін үлгі етіп баспасөз жарияладық та.
Қазір бастаймын десең кәсіптің түрі көп. Тек тірлік көзін таба біл. Ал біз тақырыпқа арқау еткен калифорниялық шылаушан өсіру-кәсіптің ауыр әрі пайдалы түрі. Ауырлығы сонда көпке беймәлім. Ал пайдасы шаш етектен. Кез-келген шаруа құнарлы топырақты еш қиындықсыз кәдеге жарата алады.