Кенеден келер кесел көп

0 20

Жаз келе жатыр деп қуана бастаймыз, бірақ жаздың да адам мен мал үшін өзіндік зиянкестері бар екенін ескерген жөн. Күннің жылына бастауымен олар да бас көтере бастайды. Соның ішінде кенелердің белсенділігі артатын шақ осы уақыт. Оның адам мен малды шағуы кене энцефалиті, кене сүзегі, кене боррелиозы, геморрагиялық қызба секілді қауіпті жұқпалы ауруларды туғызуы мүмкін. Түймедей ғана кененің зияны өзінен әлдеқайда күшті. Кенеден көктем айларында ғана емес жаз бойы, тіпті қазан айына дейін сақтанған жөн.
Кененің шағуынан болатын науқастың бірі – кене энцефалиті. Ол кененің шағуынан миды қабындырып, орталық жүйке жүйесін қатты зақымдайтын жұқпалы ауру. Осы науқастың салдарынан адам мүгедек болып қалуы тіпті өлімге дейін әкелуі мүмкін. Сондықтан оның қатерін елемеуге болмайды.
Аурудың вирусы адамға негізінен иксод кенелердің қанды соруы арқылы беріледі. Кенені езгенде немесе шаққан жерін тырнағанда, тіпті қаны теріге жағылған кезде де аурудың пайда болуы мүмкін. Шағып тұрған кенені бірден жұлып тастауға да болмайды. Өйткені кене өзінің инесін немесе басын қалдырса қабыну реакциясын туғызуы мүмкін. Кененің шаққан орнын этил спиртімен немесе йодпен сүрту керек.
Кене шағудың алдын алудың бір шарасы – ұзын жеңді киім кию және ашық түсті киім кию. Ашық түсті киімде кене бірден көрінеді. Сондай ақ оларға қарсы кремдер, гельдер және аэрозольдар түріндегі репелленттерді де қолдануға болады.
Биыл мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Талас ауданының Үшарал, Арал, Ақатай, Әбілда би, Бөлтірік шешен, Көшек батыр, Бостандық, Аққұм елді мекендерінде сәуір және қыркүйек айларында кенеге қарсы дезинфекциялық іс-шаралар жүргізіледі.
Кене шағып алған адамдарға медициналық көмек, кеңес беру және медициналық бақылау үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға бару ұсынылады.

Ғ.Қалабай,
«Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК ЖОФ Талас аудандық бөлімшесінің бастығы.