Кеңейтілген отырысы өтті

0 11

2024 жылғы 25 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Пре­зиден­тінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі №636 Жарлығына сәйкес, ағымда­ғы жылғы 6 қазанға тағайындалған республикалық референдумды өткізу жөніндегі науқан шеңберінде Жамбыл облыстық аумақтық рефе­рендум комиссиясының кеңейтілген отырысы өтіп, онда мынадай мәселелер қаралды:
1. Республикалық референдумға дайындық жұмыстарының барысы туралы аумақтық референдум комиссиялары төрағаларының есебі туралы;
2. Учаскелік референдум комис­сиялары мүшелерін оқыту-семинарларының қорытындысы және референдумды ақпараттық сүйемелдеу мәселелері туралы;
3. Учаскелік референдум комиссияларының жұмыстарын ұйымдастыру туралы.
4. Аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және дербес деректерді жою қағидалары туралы.
Отырысқа облыстық аумақтық референдум комиссиясының то­лық құрамы мен қалалық және аудандық аумақтық референдум комиссияларының төрағалары қатысты.
Комиссия отырысын ашқан облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов қатысушыларды күн тәртібіндегі мәселелермен та­ныс­тырып, бірінші мәселе бойын­ша аумақтық референдум комиссия­лары төрағаларының респуб­ликалық референдумды өткізу жұ­мыстарының барысы туралы есебін тыңдады.
Қалалық және аудандық аумақ­тық референдум комиссияларының төрағалары референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың ті­зімін қалыптастыру, референдум учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін жағдайларды қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Серғали Өмірзақұлы аумақтық референдум комиссияларының төрағаларына жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс орната отырып, учаскелердің дауыс беру күніне дайындығы мәселелерін бақылауда ұстау, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үшін барлық жағдайларды қамтамасыз ету қажеттігін тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық аумақтық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов сөз сөйлеп, ағымдағы жылдың 9-23 қыркүйек күндері аралығында өткен учаскелік референдум комиссиялары мүшелерін оқыту-семинарларының қорытындысы туралы баяндады.
Семинар барысында, аумақтық, учаскелік референдум комиссияларына және жергілікті атқарушы органдарға әдістемелік көмек көрсетіліп, нақты практикалық ұсынымдар берілді. Облыстық аумақтық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Т. Жамалов республикалық референдумды әзір­леу мен өткізу кезеңіндегі ақпарат­тық сүйемелдеу жұмыстары бойын­ша атқарылып жатқан жұмыстарға да кеңінен тоқталып өтті.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша, облыстық аумақтық референдум комиссиясының хатшысы Абылхайыр Асқарұлы Боранбаев сөз сөйлеп, учаскелік референдум комиссияларының жұмысын ұйымдастыру мәселелері жөнінде баяндады.
Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша, облыстық аумақтық референдум комиссиясының мүшесі Мейіржан Ермекбайұлы Сембеков баяндама жасады. М.Сембеков аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл туралы және республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу барысында референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімімен жұмыс істеу кезінде дербес деректерді жою қағидалары туралы баяндады.
Облыстық аумақтық рефе­рендум комиссиясының төрағасы С.Айдапкелов отырысқа қатысушыларға халықты ақпарат­тандыру жұмыстарының маңызы жөнінде, шақыру қағаздарының әрбір сайлаушыға жеке табысталуы туралы, дауыс беру күніне учаскелердің дайындық жұмыстары және өзге де ұйымдастыру жұмыстары бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясы.