Кимешек өзінің өміршендігін халық арасында жоғалтып бара жатқан жоқ па?

0 1

Әр ұлттың өзінің қоныстанып мекен еткен жерінің тәбиғаты мен ұстанатын діні, мәдениетіне, ер мен әйел адамдардың жас ерекшеліктеріне негізделген киім үлгілері бар екені белгілі.
Бұл ерекшелік қай ұлттан екенін және ұстанатын дінінен хабар беріп тұрса, киген киімдерінің тігілу стилі және басқа да ерекшеліктері сол ұлттың мәдениетінің қаншалықты деңгейде екенінің айқын көрінісі еді. Бұл айырмашылық XX ғасырдың басына дейін өз қасиеті мен құндылығын жоймады. Ал қазіргі кездегі біз өмір сүріп отырған XXI ғасыр, өзінің көптеген ерекшеліктерімен қатар технологияның шарықтап дамып барлық нәрсе қолжетімді болып, бұрындары айлап жылдап жүретін жерлерге адамдар қас — қағым уақытта баратын, әр ұлт бір-бірімен жақыннан қарым-қатынас жасап, алыс-беріс көбейіп барлық ұлттардың киім үлгілері бір стильге ауысып, аз ұлттар көп ұлттардың мәдениетіне шырмалып, өздерінің құндылықтары мен ерекшеліктерінен айырылып жатқан уақыт.
Қазір дүниежүзіндегі ұлттардың санаулысы ғана өздерінің ұлттық киімдерін тастамай, қандай да бір ресми іс-сапар, кездесу болса да, үй жағдайында да киіп жүреді. Алысқа бармай-ақ өзіміздің көрші өзбек пен қырғыз елін алып қарасақ та болады. Ала шапанды өзбек ағайындар, айыр қалпақты қырғыз бауырлар деп өздерін ерекшелеп тұрған киімдері мен қалпақтарына қарап атаймыз. Осындай ұлттық құндылықтарын, өзге елдің мәдениетіне жұтылып кетпей, киім үлгілері өз ерекшелігі мен артықшылығын жоғалтпай, өзгеріске ұшырап кетпей сақтап отырғанда, біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды сақтау үшін нендей іс – әрекеттер жасап жатырмыз деген сұрақ туындайды.
Бізде қазіргі кезде тек өзіміздің ұлттық мейрамдарда ұлттық киімдер кию үрдісі қалыптасқан. Ал, басқа уақыттарда көп жағдайларда сандықтың түбіне салып, мейрам келгенше сыр сандықтын ішінде бойындағы бар сыры мен ерекшелігін бойына сақтап, күтіп жатады. Ал, біздер сол аз ғана күнде ұлттық киімдердің бойындағы ерекшелігі мен өзімізбен келешек ұрпаққа беретін тәрбиелік қасиеттерін бойымызға сіңіріп, балаларымызға қадір — қасиетін ұғындырып тәрбие бере аламыз ба?
Жоғарыда айтқандай әрбір ұлттық киімнің бойына сақтаған ерекшеліктері мен ұрпақ тәрбиелеуде өзінің орны болған. Осындай ұлттық киімдеріміздің ішіндегі бірегейі, әйел адамның ажары мен көркі болған, кимешекті мақалама арқау еттім. Біздің мақсат осы мақаланы оқыған әрбір оқырманның жүрек түкпіріндегі ұлтқа деген сүйіспеншілігін түртіп қозғап жіберсе болғаны.
Кимешек — апа-әжелеріміз киген бас киім үлгісі. Төбеден бастап алдыңғы омырау мен артқы белге дейін түсіп, әйел адамдардың зейнетті жерлерін бүркемелеп жауып тұратын бас киім үлгісі. Бұрындары кимешекті босағадан жаңадан аттаған жас келіннен бастап, жасы келген апаларға дейін жас ерекшелігіне қарай бастарынан тастамай киетін болған. Мысалға: жас келін түскенде, балалы болғанда, ене болғанда, жесір қалғанда, жасы келгенде киетін кимешектін өзінің ерекшеліктеріне қарай түрлері бар екені белгілі.
Кимешек әйел адамдарды өзге ер адамдардан зейнетті жерлерін қорғайтын ары мен абыройы болып табылады.
XIV – XV ғасырларда өмір сүрген белгілі ғалым, емші, этнограф Өтебойдақ Тілеуқабылұлы кимешек жайында: «Киім пірі – кимешек», — деп өзінің бағасын берген екен. Бұлай айтуында үлкен мән жатыр деп ойлаймын. Өйткені кимешек ол әйел адамның абыройын қорғап тұратын бірегей бас киім үлгісі. Ал, абыройы қорғалған, зейнетті жерлері жабық жүретін әйелдерден намысты, текті ұрпақ дүниеге келеді. Ал, тектіден намысты саналы қарабасынан бұрын ұлттың тағдырын жоғары қоятын ұрпақ туады.
Тарихқа үңіліп қарасақ қаншама ақ жаулықты апа-әжелеріміздің шынайы образын көріп, тәнті боласың. Осындай аналардың омырауынан нәр алып, осындай әжелерден ертегі, жыр – дастан тыңдап өскен бала қалайша өскенде кемеңгер, ойшыл, ғалым болмайды деп тамсанасың. Болашақ кемеңгер ақын Абайдай балаға ертегі айтып, батыр-жыраулардың ерлік дастандарымен сусындатып өсірген Зере әжеміз бен болашақ ғалым Шоқандай балаға ғылыми, келешек өміріне жол сілтейтін қызықты әңгімелер айтып өсірген Айғаным әжеміз. Абайдың шешесі Ұлжан, Шоқанның шешесі Зейнеп барлығының кигендері кимешек еді.
Қазақ даласының тау — сайларын, өзен-көлдерін, құм – тастарын, аң – құстарын өзінің әсем әуенді күйлерімен баураған күйші Дина әжеміздің кимешек киіп домбыра тартып отырған бейнесінен танимыз. Осының барлығы қаймағы бұзылмаған біздің ғасырымызға дейін өмір сүрген апа – әжелеріміздің шынайы келбеті мен қазақи бейнесі еді. Міне, осындай деректерге қарап отырып, бұрыннан қазақ даласында «әжелер» мектебі мықты болып қалыптасқанына көзің жетеді. Сол апа-әжелерімізден жалғасын тауып келген «әжелер» мектебіне жан бітірсе, болашақ қыз-келіншектерге қазақы тәрбие мен ұлттық құндылықтарымызды бойларына сіңіріп өсуіне ұшан теңіз пайдасын тигізер еді. Өйткені, қыз балаға берілген тәрбие ол ұлтқа берілген тәрбиемен бірдей.
«Әжелер» мектебі қазіргі кезде әрбір облыс, аудан, ауылды жерлерде өз жұмыстарын жақсы деңгейде жүргізіп отыруы үлкен қуаныш, көңілге демеу. Бірақ әлі де көп жерлерде өз арнасын таппай, бір жолға қоя алмай отырған өңірлер бар. Кейбір өңірлерде «әжелер» мектебі болмаса да кейбір отбасылардың ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда өздерінің әулеттерімен үлкен іс-шараларды ұйымдастырып жатқаның көргенде еріксіз сүйсінесін.
Сөзімізге тұздық болсын, осы жақын күндерде өзімнің ауылымдағы Әбиевтер әулетінде, сол әулеттің шамшырағы болған жеті қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты батыр ана Жебегенқызы Тұрсынкүл әжеміздің 90 жас еске алу асында сол шаңырақтан өсіп-өрбіген ұл-қыздары үлкен іс – шара ұйымдастырып, ауылымыздағы көпбалалы аналарға өз қолдарымен кимешек тігіп, барлығына бір-бір кимешектен кигізіп, оның қадір — қасиеті мен ерекшелігін жиналған көпшілікке айтып, ендігі жерде кимешектерді бастарынан тастамай киіп, ауылдың ақжаулықты апалары болуға тілектестіктерін білдірді.
«Жебегенқызы Тұрсынкүл әжеміз басынан өмірі кимешегін тастамай киіп жүретін жан болған», — дейді көзін көргендер. Қазіргі кезде Фатима, Айман атты қыздары кимешекті тастамай киіп жүруі және «әжелер» мектебін ашып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда елеулі жұмыстар жасап жатқаны Тұрсынкүл әжеміздің тәрбиесі екендігі белгілі.
Тағы бір ауылымызда болған осыған ұқсас елеулі оқиғаны айта кетейін. Ауылымызда Қырғызбектер әулетінде де осындай тәрбиелік мәні зор іс – шара болып өтті. Садұғұлқызы Күләш әжеміздің немересі Айсара кезінде оның тәрбиесінде болып, әжесінің кимешек киіп жүретінін көріп өскен жан екен. Немересі кезінде әжесімен жақсы араласқан кұрбылары мен көршілерге осындай кимешекті тіктіріп әкеп, тарту етіп, кигізіп шықты.
Әрқашан насихаттап, қолдау білдіріп отыратын болсақ, ұлттық құндылығымыз халық арасында өзінің өміршендігін бір сәтте жоғалтпас еді.

Зульфухар Түзелбаев,
«Төртбай ата» мешітінің имамы.
Бостандық ауылы.