Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы немесе халық арасында «көкала» деп аталатын ауру –табиғи ошақтық аса қауіпті жұқпалы вирустық инфекция. Бұл аурудың аса қауіптілігі өлім-жітім көрсеткіштерінің жоғары 30-70 пайыз аралығында болуында.
Әр жылда күлімдеген көктеммен бірге осы бір аса қауіпті жұқпалы аурулар тобына жататын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (әрі қарай КҚГҚ) ауруының эпидемиологиялық маусымы да келеді. Яғни осы кезде табиғатта кенелердің белсенділігі артып, саны тез көбейіп, олардың ішіндегі ауру тасымалдаушы кенелер адам денсаулығына қауіп туғызады.
Табиғи ортада КҚГҚ вирусы кенелердің және әр түрлі жабайы жануарлар мен үй жануарларының ағзасында болады. Аурудың негізгі тасымалдаушысы иксод кенелері. Кенелер күннің көзі жылысымен жылы қанды жан-жануарларға және адамдарға шабуыл жасайды. Сондықтан адамдар арасында бұл ауру кенелердің белсенділігі артқан кезде жиі кездеседі, яғни көктемде наурыз-маусым айлары мен күзде қыркүйек-қазан айларында. Ауру кене шаққанда немесе мал қырқу кезінде кененің қаны шашыраған кезде, не болмаса ауру адамның қанымен жанасқанда жұғады.
КҚГҚ адамда аяқ астынан тез басталады. Аурудың белгілері кене шаққаннан кейін 2-14 күн ішінде білінеді. Басталуы кез келген вирустық инфекцияда болатын белгілермен сипатталады -дене қызуының 38-40 градусқа күрт көтерілуі, бас ауруы, тамаққа тәбетінің болмауы, буын мен белдің сырқырауы, осы кезде Келесі күні лоқсуы, құсуы, іші өтуі , ине салған жерлері көгеруі , беті ісініп, қызаруы мүмкін. Ауру одан әрі медициналық көмек уақтылы көрсетілмеген жағдайда науқастың мұрнынан, қызыл иегінен, ішектен қан кете бастайды, тері бөртпелері және тері астына қан құйылу арқылы көкала дақтар пайда болады. Осының салдарынан науқастың жағдайы нашарлап, әлсірейді, жүректің соғуы жиілейді, соңы өлімге әкеледі. Аурудың бірінші белгілері пайда болған жағдайда өлім-жітімді болдырмау үшін емдеуді мүмкіндігінше тез бастау керек.
Құрметті аудан тұрғындары!
Аудандағы қолайсыз елді мекендерде жылдағыдай облыс және аудан әкімінің қаулыларымен бекітілген іс шараларға сәйкес ағымдағы жылдың 15 сәуірінен бастап эпидемиологиялық қолайсыз елдімекендердің сыртын айналдыра 200 м қорғаныш аймағын жасау арқылы дәрілеу, ал елдімекен ішінде ауыл шаруашылық малдары мен қора-жайларды бірінші кезең көктемгі дәрілеу жұмыстары басталады. Дәрілеу жұмыстары сапалы болу үшін аулалар, мал қамайтын қора-қопсылар қидан таза болу қажет, сол себепті дәрілеу жұмыстары басталғанға дейін қораларда механикалық тазалық жұмыстарын жүргізіп қидан тазартуларыңызды сұранамыз. Ірі және майда мал бастарын кенеге қарсы дәрілеу кезінде де өздеріңіздің белсенділіктеріңіз қажет.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы көп жағдайда негізінен адамды кене шағуымен тікелей байланысты екенін қатаң ескерте отырып кене шағудан сақтанудың қарапайым тәсілдерін естеріңізге саламыз.
Ауыл шарушылығы малдарымен қатынас кезінде (мал күтімімен айналысу, қырқу, мал сою, сиыр сауу т.б.) аса сақтық шараларын орындау қажет. Мал күтімімен айналысу барысында бөлек арнайы киім пайдаланып, мал қорадан шыққанда оны ауыстыру керек. Жұмыс барысында бірнеше рет өзін-өзі және адамдар бір-бірін кене жабысуынан тексерудің де аурудың алдын-алуда маңызы зор.
Аурудың алдын-алу мақсатында қой төлдеу науқанында, қырқын кезінде, күн жылуына байланысты табиғатқа серуендеуге, су жағалауына, демалыс орындарына бару жиілейді ,сол кезде шалбардың балағын, көйлектің жағасын, жеңін толық қымтап, кененің денеге өтіп шағуына жол бермеу қажет. Егер де денеңізге кене жабысқанын байқасаңыз, оны қолмен жұлып тастауға, езуге болмайды. Саусақтарыңызды резеңке қолғаппен қорғау қажет. Кенеге май немесе басқа да сұйықтық тамызбай, қарапайым ұшы сүйір пинцетпен оны теріге мейлінше жақындата отырып, жұлқымай, теңселтпей жоғары қарай кенені іліп алу қажет. Пинцетті қатты қыспай (кенені мыжып тастамау үшін) ақырын және жұлқымай тарту керек, өйткені олай тартпаса кененің ауыз бөліктері де қалып қоюы мүмкін. Егер қалып кетсе ауыз бөлігін пинцетпен іліп, тартып шығару керек. Кене жабысқан жерді спирт, йодпен өңдеп, алынған кенені тығыз қақпақты ыдысқа салып емдеу мекемесіне тапсыру қажет.
Кене шаққан жағдайда және аурудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайларда тез арада дәрігерлік көмекке жүгініңіз!
Г.Маханова,
Талас аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.