Конституция, заң мен тәртіп принципін қамтамасыз ету – тұрақты қоғамның негізі

0 9

   Әрбір  өркениетті  мемлекеттің  негізінде  құқық  үстемдігі  жатыр.  Бұл – мемлекеттің  тұрақты  дамуына, азаматтардың  құқықтары  мен бостандықтарының  сақталуына,  қоғамда  әділдік  пен  тәртіптің  орнауына кепіл  болатын  басты қағидат.  Қазақстан  Республикасының құқықтық жүйесінің  іргетасы – Конституция.

    Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы қабылданып, еліміздің демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет ретінде дамуына жол ашты. Онда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттік билік тармақтарының қызмет ету қағидаттары және заң алдындағы теңдік нақты көрсетілген. Конституцияда: «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең»  деп жазылған. Бұл қағида – қоғамда әділдік пен сенімділік орнататын басты негіз.

    Құқықтық мемлекетте ешкімнің заңнан жоғары тұруына жол берілмейді. Азаматтың әлеуметтік жағдайына, лауазымына немесе байлығына қарамастан, ол заң алдында тең. Бұл – қоғамда әділ шешімдер қабылдануының, азаматтардың құқықтарының қорғалуының басты шарты. Егер біреу заңды бұзса, ол жауапкершілікке тартылуы керек, мейлі ол кім болса да.

     Заң үстемдігі тек мемлекеттік органдардың жұмысына байланысты емес. Бұл – әрбір азаматтың заңға деген құрметінен, оған бағынуынан басталады. Қоғам мүшелері заңды біліп, оны күнделікті өмірінде ұстанғанда ғана құқықтық тәртіп орнығады. Бұл – әділетті, парасатты және дамушы қоғамның көрсеткіші.

    Конституция мен заңдарды сақтау – қоғам дамуының басты алғышарты. Әрбір азамат заңды біліп, оны құрметтесе, құқық бұзушылық азаяды, қоғам тұрақтанады, мемлекет нығаяды. Сондықтан заң үстемдігін қамтамасыз ету – тек билік емес, барша қоғамның ортақ міндеті. Бұл – жарқын болашаққа апарар сенімді жол.

Талас ауданының  прокуратурасы.