Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланады. Осыған орай, ауданда 10 күндік Наурызнама тұжырымдамасының аясында іс-шара жоспары бекітіліп, 14 – наурыз Көрісу күнінен бастап, мерекелік іс-шаралар легі жалғасын табатын болады. Онда халқымыздың ұмыт болған дәстүрлерін, сол дәстүрлерден туындаған әртүрлі ұлттық тағамдарды даярлау әдістері және ұлттық қолөнер бұйымдары дәріптеледі.
14 наурыз – Көрісу күніне орай аудандық орталық кітапхананың «Білім» орталығында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі, аудандық «Жастар ресурстық орталығы», аудандық орталық кітапхана мен аудандық мәдениет үйінің басшылары бірлесіп, «Көрісу күні – Амал мерекесі» тақырыбында тәрбиелік маңызы зор іс-шара өткізді. Оған зейнеткерлер, аталмыш мекемелердің қызметкерлері қатысып, бір-бірімен амандасып, жақсылық тілеп қана қоймай, жасы үлкендерге құрмет көрсетіп, ілтипат білдірген дәстүрлер көрініс тапты. Сондай-ақ төс қағыстырып, мал-жанының амандығын сұрасты.
Мерекелік іс-шарада аудан өнерпазы Жанғазы Пәрмешов домбырамен ән шырқап, кештің көркін қыздырды.
Ал ардагер ұстаз Шахаркүл Оспанова: «Бұл күн – «Адам аузы аққа, мал аузы көкке тиді» деп адамның адаммен, жылдың жылмен көрісетін күні.
Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды. Адамдар осы күні бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісе отырып, «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!» деп айту керек. Үй ішін жуып, тазалап, ауланы да ретке келтіріп қояды. Көрісу күніне ешкім арнайы шақырылмайды, жайылған дастархан жиылмайды. Адамдар бір-біріне түске дейін көрісіп шығуға тырысады. Көрісе шыққан адамды қабақ шытпай көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып, дастарханға шақырады-деді.