Жамбыл облысы ғана емес елімізге танымал өнер және әдебиет майталмандары Спандияр Мұқышев, Серік Томанов, Телғара Үсенбаев, Болат Бекжан, Көсемәлі Сәттібаев, Азамат Есалы секілді танымал тұлғалардың ұстазы Жақсылық Сағынбеков ағамыз өткен ғасырдың 60 жылдары Аманкелді сегізжылдық мектебінде қазақ әдебиеті мен қазақ тілі пәнінен сабақ беретін.
Шағын ауылдағы 1-мамыр, 7-қазан, жаңа жыл мерекелерінде мектеп сахнасында мұғалімдер мен ауыл жастарының күшімен қойылатын концерттерде Жақсылық ағайдың «Сайра бұлбұлы» мен жеңгеміз Бегімкүлдің орындауындағы Абайдың әндері ауыл тұрғындарының көңілінен шығып, разылығын тудыратын. Сексенінші жылдары студент кезімде Алматы қаласына білімін жетілдіру курсына келген Жақсылық ағайыммен екі ай бойы достарша сыйластым, пікірлестім. Биязы мінезі мен терең біліміне таңқалдым, тұлғасынан зиялылық есіп тұратын ағайыма іштей еліктей бастағаным да сол тұс.
Өзі айтқандай «жалғыз ұлдың, жалғызілікті анасына» қарайлап, елде қалып кеткеніне налығаным да рас, өйткені Алматы сияқты зиялы қауым ордасына түскенде, ортасынан ойып тұрып орын алатынына сенгенмін.
Орын демекші, «орнында бар оңалар дегендей», жақында Мәдениет қызметкерлерінің күніне орай ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші Мадина Сағынбекованың «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы сағынышты сәттерді еске салған.
Осындай ортадан шыққан Мәдинаның әнші болмауына хақысы жоқ болатын.
Бала кезінен өнерге қызығушылығы артып, мектеп қабырғасында жүріп-ақ түрлі байқаулар мен фестивальдерге қатыса бастаған.
1992 жылы 9 жылдық мектепті үздік аяқтап, Жамбыл мәдениет және өнер колледжіне оқуға түскен Мадина, колледж қабырғасында домбыра, гитара, баян аспаптарын жетік меңгеріп, қалалық, облыстық іс-шараларға белсене араласып жүрді. Алғаш рет Мұхтар Шахановтың «Қазақы дастархан» әнімен сахнаға шыққан, «ән-саз» факультетінде ұстаздары белгілі әнші Дүйсенбек Өмірәлиев және термеші Есенбек Сәтбаевтан дәріс алған Мадина 1995 жылы колледжді үздік аяқтап, сол жылы Шымкент қаласындағы Өнер институтының «Ән және музыка» факультетіне қабылданған.
Дәл осы жылы өнер ордасы – Алматы қаласында өткен «Үкілі Үміт» әншілер байқауына қатысып, Аман Малдыбаевтың «Нәзік сезім» атты әнін орындайды.
1995 жылы Тараз қаласында өткен Шәмші Қалдаяқов атындағы республикалық конкурста «Сыған серенадасы» әнін орындап «БАС ЖҮЛДЕГЕ» ие болуы жас әншінің өнер айдынында өз ізін қалдыратынын айқындағандай болып еді.
Айтқандай ақ, 1996 жылы «Жас қанат» республикалық жас әншілер байқауында С.Мешітбаевтың «Ықылас сазы» әнімен сынға түсіп, лауреат атанды.
1997 жылы Ашхабад қаласында өткен «Дүние жүзілік студенттер мен жастар» фестивалінде халық әні «Аққұм Дариға» әнін орындап лауреат атанды. Осылардың бәрі кәсіби біліктілік пен үлкен еңбектің жемісі болатын.
Студенттік жылдарынде болған бір оқиға Мадинаның есінен кетпейді.
Бірде кезекті жұмыс сапарымен Таразға келген Президент Н.Ә.Назарбаевтың алдында концерттік бағдарламамен ән орындау құрметіне ие болғаны бар.
Сахнаға шығатын кезегін күтіп тұрғанда, кенеттен жарық сөніп қалады. Сонда үлкен ағалары: «Мәдина, тезірек шығып ән айта тұр, біз жарықты қосып алайық», – деп өтініш білдіреді. Сөйтіп, ойламаған жерден Мадина, Шәмші, Нұрғиса аталарының әндерінен бастап Елбасы жақсы көреді-ау деген бірнеше әнді тірі дауыспен орындап шығады. Ең бастысы Нұрсұлтан Әбішұлы да оған қосылып шырқайды.
Шамамен 20 минуттан соң жарық беріліп, разы болған Елбасы Мадинаның тапқырлығына ризашылығын білдіреді.
2001 жылдың қаңтар айынан бастап қасиетті шаңырақ Жамбыл облыстық филармониясы оның шығармашылық ордасына айналды.
Осы жерде керемет әндер жазылды.
2008 жылы ең алғашқы ән кешінде орындалған ақиық ақын М.Мақатаевтың сөзіне жазылған Т.Досымовтың «Ұнатамын мен сені» әні оны халыққа кеңінен танытты. Алматы қаласында атақты бард әнші Табылды Досымовтың құрметіне осы әнге түсірілген бейнебаян әнсүйер қауымның кәдесіне жарағаны анық.
Ғ.Мәтебаевпен бірге орындаған Ш.Сариевтің «Ақ қар» әніне жазылған бейнебаян да оның шығармашылық жолымдағы жетістіктерінің бірі де бірегейі.
2013 жылы 17 әннен құралған, «Ұнатамын мен сені» атты ән жинағы, елге белгілі өнер адамдарының ыстық ықыласы мен жоғары бағасына ие болды.
Әншінің еңбегі елеусіз қалған жоқ 2015 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «ҚҰРМЕТ» грамотасымен марапатталған Мадина енді Қ.К.Тоқаевтың қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленіп отыр. Бұның бәрі кездейсоқтық емес, ұзақ жылғы қиыны мен түйіні көп қажырлы еңбектің жемісі. Өнер жолы тақтайдай тегіс жол емес, бұралаң, бұлтарысы көп бедерлі жол.
Соған қарамастан,
өнердегі өмірлік серігі Айдармен ретроәндер айтып жүрген өнерлі жұптың басты армандары қазақ өнері, оның ішінде сырбаз сазды ән өнерінің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосу!
Тәрбие тәлімін теңдей көтерген өнерлі жұп үш қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.
ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері әнші Мадина Сағынбекованың алар асулары әлі алда.
Әбиірбек Қонысбаев,
ҚР журналистер
Одағының мүшесі.