Мал шаруашылығы жануарларын сырғалау және чиптеу жұмыстарын күшейту Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру (сырғалау, чип салу жұмыстары) – жоғалған малды табуды жеңілдетіп, індеттердің алдын алуға және ветеринариялық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Мал ұстаушы азаматтар мен шаруа қожалықтарының міндеттері туралы ҚР заңнамасына сәйкес белгіленген:
1. Малдарын белгіленген мерзімдерде чиптеу және сырғалау
2. Малдың иесі ауысқанда, сатылғанда, сойылғанда және өлген жағдайда бұл ақпаратты жергілікті ветеринар мамандарына хабарлау.
3. Ветеринариялық профилактикалық шараларға, жоспарлы екпелер мен тексерулерге тұрақты түрде қатысу.
4. Малдың қоғамдық орындарда, жол бойында және өзге де қауіпті аймақтарда қараусыз жүруіне жол бермеу.
5. Қора-жай, жайылым мен суаттарда санитариялық талаптарды сақтау.
6. Мемлекеттік ветеринариялық инспекторлар талап еткен жағдайда мал туралы деректерді және сәйкестендіру құжаттарын көрсету.
7. Малдың құлақ жапсырмасы (сырға) жоғалған немесе жарамсыз болған жағдайда көшірмесін жасау үшін жергілікті ветеринар маманына хабарлау.
8. Сырттан сатып әкелген немесе басқа жағдаймен келген мал басын дер кезінде жергілікті ветеринар маманына хабарлау.
Жылқы малдарын чиптеу талаптары және мал иелерінің жауапкершіліктері:
Осы бағытта жылқы малдарын чиптеу жұмыстары ерекше мәнге ие. Чиптеу дегеніміз – жануардың тері астына арнайы электрондық идентификатор (RFID-чип) енгізу арқылы оған бірегей нөмір беру. Бұл нөмір республикалық деректер базасына тіркеліп, әр жануарға қатысты толық ақпаратпен бірге сақталады.
Электронды чип жануардың өмір бойы өзгермейтін жеке «паспорт» қызметін атқарады.
Чиптеудің артықшылықтары:
— Жоғалған немесе ұрланған малды жедел анықтау мүмкіндігі;
— Жануарды сатып алу, сату, тасымалдау кезінде құжат рәсімдерін жеңілдету;
— Ветеринариялық бақылауды, екпе мен тексерулер ақпаратын нақты тіркеу;
— Мал ұрлығы фактілерін азайту және құқықтық жауапкершілікті күшейту;
— Жайылымдық жерлердегі бақылауды арттыру.
Қорытындылай келе, жылқы малдарын чиптеу -бүкіл қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды процесс. Бұл жүйе мал иесі мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына және құқықтық тәртіптің сақталуына үлкен үлес қосады. Сондықтан әрбір мал иесі заңмен бекітілген талаптарды сақтауға және малдарын уақытылы тіркеуге жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Аудандық ветеринария бөлімі.