МӘМС жүйесіндегі өзгерістер: не күтеміз?

0 5

Президент мін­детті әлеуметтік медици­налық сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістерді бекітті. Бұл жаңалықтар халықты қамтуды арттыруға және жүйенің қаржылық тұрақтылығын қам­та­­масыз етуге бағыт­талған. «Әлеу­меттік медици­налық сақтан­дыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойын­ша филиалының дирек­торы Ғайни Аймағанбетова негізгі өзгерістерді түсіндіріп берді.
Әлеуметтік осал азаматтар үшін жарнаны кім төлейді?
Енді әлеуметтік осал топтарға (D және E деңгейі), сондай-ақ ресми тіркелген жұмыссыздарға жарналар жергілікті бюджет есебінен төленеді. 2026 жылға дейін қосымша 1 млн адам МӘМС жүйесіне тартылады. Облыста бүгінде 80,8% азамат сақтандырылған, ал D және E деңгейіндегі 70 мың адам жүйеге тартылмақ.
Сақтандырылған мәртебені сақтау мерзімі ұзартылды
5 жыл қатарынан жарна төлеген азамат, егер төлем тоқтаса, 6 ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтай алады (бұрын – 3 ай). Бұл уақытша жұмыссыз қалған азаматтарға медициналық көмек алуға мүмкіндік береді, бірақ кейін берешекті өтеу қажет.
Онкоскрининг пен диагностикалық көмек – тегін
2026 жылдан бастап онкологиялық скринингтер барлық азаматтар үшін, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, тегін болады. Сонымен қатар, 8 әлеуметтік мәні бар ауруға (туберкулез, АИТВ, инфаркт, инсульт, қатерлі ісік, т.б.) күдік туған жағдайда да тегін кеңес және диагностика қарастырылған.
МӘМС базалық пакетінің кеңеюі
2026 жылдан бастап:
– амбулаторлық диализ,
– 12 топтағы созылмалы ауруларға (бауыр, қан, асқазан-ішек жолдары, қалқанша безі, т.б.) кеңес, диагностика, дәрілік қамтамасыз ету,
– жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек МӘМС шеңберіне енеді.
Жарна есептеу тәртібі өзгерді
2026 жылдан бастап:
– жұмыс беруші үшін табыс шегі – 40 ЕТЖ,
– қызметкер үшін – 20 ЕТЖ.
Бұл шешім салықтық ауыртпалықты арттырмай, жүйенің тұрақтылығын сақтауға бағытталған. Нәтижесінде, МӘМС жүйесінің жылдық табысы шамамен 200 млрд теңгеге өседі.
Мемлекеттік жарна мөлшерлемесі өседі
Мемлекет бұрынғыдай жеңілдікке ие санаттар үшін (балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер, мүгедектер және т.б.) жарна төлейді.
Қазіргі жарна – 2%, 2027 жылы – 2,2%, ал 2037 жылға дейін 4,7%-ға дейін көтеріледі. Бұл «Бірыңғай медициналық көмек пакетін» енгізуге байланысты қаржылық қажеттіліктерді өтеуге бағытталған.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы.