Міржақып Дулатұлының туғанына — 140 жыл

0 22

Алаш арыстары — ұлт мақтанышы

Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».

1909 жылы қазақ даласын дүр сілкіндіріп, қалың қауымды елең елең еткізген үш кітап жарыққа шықты. Бірі-Абайдың өлеңдер жинағы, екіншісі-Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалы», үшіншісі-«Оян, қазақ!» атты Міржақып Дулатұлының өлеңдер топтамасы. Дәл осы тұста елдік мәселеде үн қатып, азаттық жолында өмірін сарп еткендердің қатарында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлылар болатын. Қазақ зиялылары арасында 1905 жылдан бастап-ақ заманға жаңа көзқарас, халықты оқуға үндеу сынды ағарту жұмыстары бастау алған еді. Осындай ұлтқа ортақ мәселені шешуде аталған Алаш арыстары маңызды рөл атқарды. Бұл жайында кезінде Сәкен Сейфуллин де айтты.
Елге есімі мәлім Міржақып Дулатұлының еңбегі әлі күнге толық зерттеліп болған жоқ. Ол үшін әдебиетшілерге кінә артуға болмас. Себебі, Алаш арысы туралы архивтердегі материалдардың көбі жойылған. Жиырмасыншы ғасырдың орта тұсында көзін көргендер мен есіміне қанық азаматтарға ол жайында тіс жаруға тыйым салынды. Осылайша Алаш арыстары мен тәуелсіз елдің ұрпақтарын жалғайтын тұтас бір буын зұлмат жылдар жайында ашылып айтпады, көсіліп жазбады. Тек 1988 жылдан кейін Алаш арыстары ақталған соң ғана қазақ қайраткерлерінің есімдерімен қайта қауышты. Расында бұл заманның озбырлығы, қоғамның қиянаты еді.
Жалпы біз мұндаға дейін қазақтың алғашқы романы Спанияр Көбеевтің «Қалың малы» деп келдік, оқулықтан солай таныстық. Прозалық үлгідегі бұл шығарма 1913 жылы Қазан қаласында басылып шықса, Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамалы» 1910 жылы жарық көрді. Қос шығарманың да қозғаған тақырыбы бір ол-әйел теңсіздігі. Бұл тақырып сол тұстағы қалам ұстаған қайраткерлердің барлығына тән әрі ортақ еді.
Міржақып Дулатұлы туралы естеліктердің денін оның қызы Гүлнар Дулатова қалдырып кетті. Жүз жасқа жақындап өмірден озған апамыз тек әке мұраларын жинақтаушы ғана емес, онымен қатар жүрген Әлихан Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов сынды Алаш қайраткері туралы өте құнды жазбаларды архивке өткізді. Ал баспасөзде Гүлнар Дулатованың естеліктері тек Алаш арыстары ақталған соң, яғни 1988 жылдан кейін жарық көре бастады.
Елдің еркіндігі мен жарқын болашағы үшін қызмет жасаған арыстардың былайғы өмірі оңай болған жоқ. Біз «1917 жылы саяси ұйым мен ұлттық үкімет құрылды» деп бір сөзбен жаза салғанымызбен мұның артында қыруар жұмыстар жүргізілді. Әсіресе, Міржақыптың алғашқы жинағы «Оян, қазақ!» жарық көргенде баспа ісі жөніндегі басқарма қатты алаңдайды. Тіпті автордың өзін тұтқынға алады.
– Оқушыларға мағлұм «Оян, қазақ!» өлең кітабымды ескі үкімет шам көріп, «қазақ оянып кетер» деп қорқып, 1911 жылы мені сотқа берді, сол себепті жыл жарымнан артық абақтыда жатып шықтым. «Оян, қазақ!» халық арасына тарамасын деп, үкімет үкім салды,-дейді бұл туралы автордың өзі де. Ол ол ма, 1910 жылы Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» атты романының соңы да сүйінші емес, абақтымен аяқталады. Шығарма аймақтық жандармерияны қатты алаңдатады. Тыңшылары арқылы автордың үстінен неше түрлі арыз ұйымдастырады. Соның салдарынан 1911 жылы Міржақыпқа айып тағылып, Семей түрмесіне жабылады. Бұл тұста ел үшін қызмет жасаған қазақ зиялыларының барлығы патша үкіметінің қатаң бақылауында болды. Сол бақылаудың ең қаталы А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының үстінде еді. Өйткені, қос арыс қазақ даласына тарайтын «Қазақ» газетін шығарып отырды.
Міржақыптың тұтқындалуы мұнымен бітпейді. 1921 жылдан бастап Кеңес қызметіндегілердің жағдайы біршама төмендей бастайды. Қызметтен шығару, жауапқа тарту жиілейді. Соңында Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатұлын Семейде тұтқындайды. Бұдан соң қос арысты Орынборға жібереді. Олар түрмеде бір жылға жуық отырады. М.Дулатұлының зайыбы Ғайнижамал 1922 жылы елге жазған хатында Ә.Бөкейханов пен М.Дулатұлының 1919 жылғы Ленин мен Калинин қол қойған ұлтшыл партиялардың мүшелеріне кешірім жариялаған қаулысына сәйкес босатылғанын және Кеңес үкіметіне адал қызмет етуге мүмкіндік берілгені айтылған.
Заман құбылып, үлкен зұлматтың келе жатқанын біле тұра қазақ қайраткерлері бастапқы алған бағытынан қайтқан жоқ. Жиырмасыншы жылдардың соңын ала Алаш арыстарының бірқатары тұтқындала бастайды.
Бұл туралы Гүлнар Дулато­ва өз естелігінде: — 1928-1930 жылдары отыз­дан астам белгілі кісілер қамал­ды. Әр қа­ладан әкеліп, әуелі Қы­зылорда түрмесіне жапты, одан Алматыға айда­ды. Тек үш кі­сіні Қызылор­­дадан Мәс­кеудегі Бутырка түр­месі­не әкетті. Бәл­кім он­­да бас­қалар да болған шы­­ғар, оны білмеймін. Үшеу­­­дің бі­рі — Міржақып тә­­тем, екін­­­шісі-Ахмедсафа Юсу­пов, үшін­шісі-Жүсіпбек Аймауытов.
Өңкей өрімдей жас келіншектердің тоқайласатын жері-исправдомның алды. Қақпасынан сығалаймыз, кейде ашылып қалған есіктен қорада жүрген кісілерімізді көріп қалып қуанамыз. Шілденің ыстығынан таңдайымыз кеуіп шөлдейміз, бірімізді-біріміз аяп жылап та аламыз. Несін айтасың, өтті ғой басымыздан небір сұмдық күндер,-дейді.
Тағы біртелігінде Гүлнар Міржақыпқызы: — Әкемді ұс­тап алып кеткенде мен 13 жаста едім. Түсте үйге сау етіп 6 адам кіріп келді. Бөлме­лерді жағалай тінтіп, астан-кестенін шығарды. Кетер­де әкемнің айтқаны: -есің кіріп қалды ғой сенің, Гүлна­рым. Мамаңа сүйеніш бол! Сабағыңды жақсы оқы! Біздің істеген ісіміз ақ бо­лады. Соған сенемін. Мық­ты болыңдар! Осылай деп маңдайымыздан сүйді де көзімізден тасаланып кетті,-дегені бар. Бұл тұтқындаудан соң Міржақып қайтып орал­ған жоқ, оны өзі де сезген болар, бәлкім.
1930 жылы қамауға алынғанда Міржақыпты ОГПУ коллегиясының шешімі ату жазасына кеседі. Бірақ кейіннен бұл үкім 10 жыл абақтыға қамау жазасымен алмастырылады. Бұл Алаш арысының төртінші әрі соңғы рет тұтқындалуы еді. Халық үшін қызмет жасаған қайраткер осы айдаудан соң елге оралған жоқ, топырақ та жат жерден бұйырды.
1931 жылы Мәскеуде үштік сот болып, М.Дулатовты Ақтеңіздегі Сосновец аралына айдауға жібереді. Тағдыр осынша қатігез болар ма? Қиырда, түрмеде қажыған тұтқындардың арасынан тәрбиелеген, әке орнына әке болған, туған ағасы Асқармен кездеседі. Бір-біріне көмектесер қайран жоқ. Қажыған ағайынды қос арыс тек мұңдарын шертумен шектеледі. Міржақыптың өзі де Бутырка түрмесінен ауру арқалап шыққан. Сосновецтің ылғалды ауасы дертін асқындырып жібереді.
Бұл жерге де Міржақып­тың жары Ғайнижамал Горькийдің әйелі Е.Пешковаға хат жазып кездесуге рұқсат беруін сұрайды. Рұқсат қағазы тек 1934 жылы ғана келеді. Ғайнижамал үлкен қиындықпен Сосновец аралына жетіп, жолдасының жағдайына қанығады.
Бір жылдан соң яғни 1935 жылы 5 қазанда Сосновец лагерінде Міржақып Дулат­ұлы да мәңгілік сапарға атта­нады. Ұлт шырақшысы атанған арысқа тағдыр 50 жыл ғана ғұмыр берді. Тек 57 жылдан соң, 1992 жылдың 1-18 қыркүйегі аралығында Торғай облысынан жасақтал­ған арнайы экспеди­ция Міржақып Дулатұлы­ның мүрдесін Карель АКСР-нің Сосновец станса­сындағы қабірден алып, туған топырағы Жангелдин ауданына қайта жерлейді.
Алаштың ардақты тұлғасы Елдес Омаров досы Міржақып қайтыс болғанын естігенде Смет Кеңесбаевқа: -Смет, бүгін мен үшін қаралы күн, аза тұтамын, аяулы Міржақып Дулатұлы-жан-жолдасымның дүние салғанын естідім. Менің сабағымды өзің жүргізе сал,-деген көрінеді.
1930 жылдары жүргізіл­ген саяси қуғын-сүргін елді бастап жүрер қайраткерлерді алып кетті. Бірақ олардың артында өшпес мұралары, өміршең сөздері қалды. Бұл тарихымыздың ақтаңдақ беттері. Тарихымызды ұмытсақ келешек ұрпақ кешірмейді. Бүгінгі бейбіт күніміз, тәубе тілігіміз өткен шежіремізбен байланысып жатыр.