немесе Абай мен Серік
Эссе
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ», — деп бекер айтылмаған, Серік Томанов дос өмірден өткелі біршама уақыт өтсе де, енді сағынып, енді танып, енді қадірлей бастағандаймыз. Ештен кеш жақсы бастысы, өзін сағындырып, өзін танытып, өзін қадірлетіп жатқаны ақиқат. Серікті тану оның шығармашылығын тану деп түсінген абзал. Себебі аз ғана мұрасын ақтарсаңыз қоғамда ол көтермеген тақырып, ол жырламаған құбылыс жоқ, мамандар түбіне жетіп үңіле зерттесе оның өлеңдері арғы бергі ойшылдар мен ақындарға арқау болған философиялық, суреткерлік, танымдық түйіндерге толы. Бастысы, бұл жалаң ұқсастық емес замана кезеңінің шындығына тән үндестік. Мүмкін қазірге заманға, тіпті отыз жылғы «егеменді қазақ поэзиясына» енген жаңалық деп түсінуге болар.
Әдетте арғы бергі ақындардың өмірбаяндарына үңілсең бала кезінен тақпақ жазған, «Пионер» немесе аудандық газеттерге қаршадайынан өлеңі жарияланған деректерге толы, Серікпен балалық шақтан мектеп бітіргенше бірге жүріп, тақпақ жазып, мектептің қабырға газетіне өлең ілгенін көрмеппін, сондықтан атақты математик немесе физик болатын шығар деп ойлайтынмын. Өйткені біздің алақандай ауылымыз ақындар мен журналистерге мұқтаж емес-ті. Ал физика мен химия «миымызға қонбайтын», Серік бұл пәндерге өте алғыр еді.
Бұл ойдың себебі жоғарыдағы ақындар тақпақ, содан соң өлең жазып, оны өңдеп, шыңдап, талғап шығармашылық эволюция жолымен өтсе, Серіктің өлеңдері Телғара Үсенбаев тұстасы айтпақшы, «құралай – жырдың құймасындай» өзінен өзі құйылып келді. Асылында жанартаулар жылдар бойы мүлгіп жатып, бір сәтте топалаң күшпен атылмаушы ма еді? Тіпті өзі де сезбеген ау, әйтпесе неге былай деді екен?…
Мына мен ақын екем,
Жырға жомарт жүрегі сақы мекен.
Өмірдегі өзімдей өнерде де,
Өлеңде де өзгеше аты бөтен,
Сенесің бе, мына мен ақын екем.
Ақын екем өз үні, айтары бар,
Кеудесінде тұңғиық Байкалы бар.
Кемерінен кейде бір асып жатса,
Кей-кейде арнасына қайтарылар,
Ақын екем мына мен айтары бар.
Жыр жаулаған «сақы мекен», адалдық пен тазалықтың мекені, тыныш мекен, алайда ықылым заманмен келе жатқан зұлымдық пен ізгілік, адалдық пен қараулық тыныш жатқыза ма, алдыңа таңдау қояды. Бұл ретте, ізгілік пен адалдықты таңдау қайсарлық пен күрескерлікті, сабыр мен төзімді, ең бастысы ішкі рухани жан тазалығын талап ететін таңдау.
Ал «қарсы күштің» амалдары мен айлалары өте көп, қас-қағым сәттік «ертегі өмір» сыйлайтыны тағы бар. Шайтанның азғыруынан да күшті, ережесімен жүрсең толассыз материалдық құндылықтар мен шексіз билік сыйлауы да мүмкін. Қаншама адамдар мен ақындар «сынып» кетті осы таңдаудан.
Алайда Серік сынбады. Себебі оның рухани қорғаны берік еді, ол Абайша айтқанда, әртүрлі айла-шарғылармен «боқ арқалап жүруді» ар санады, ұлы мәртебелі өлеңіне арналған аз уақытын «жан бағу» мен «мал табуға» қимады. Бұл өлеңге, өнерге деген адалдық болатын. Баз біреулер оны: «жолы болмады, еленбеді, көзі тірісінде өлеңдері жарық көрмеді», — деп мүсіркегендей болады. Тегінде Серік ғұмыр кешкен Кеңестік, бергі отыз жылғы егемендік дәуірімізде «мықты ақынның» жолы болып па еді?… Алға шыққан ақындардың көбі, «ақындық бәсекеден» гөрі жоғары жаққа «ұнау бәсекесі» үстем болып, «жақсы» ақындар шоғырын қалыптастырған жоқ па.
Бәйтерек – Астананың төрiндегi –
Өресi биiктiктiң өмiрдегi.
Аялы алақаны Елбасының,
Секiлдi өшпейтұғын сенiм мөрі,- деп жырлады кейбір ақындар, оны «қазақ әдебиетінің тәуелсіздік жылдарындағы толымды туындысы» деп бағаладық.
Немесе,
Уа, Нұр-Атам – Құдайым,
Сайтан қашқан сесінен.
Жұмақ аңқыр ылайым,
Елбасылық есінен!
Осындай мәндегі өлең, поэмалар жазылды, алды мемлекеттік сыйлық алып данққа бөленіп жатса, арты талантты жас ақын ретінде атақ марапаттар иеленіп, шығармашылық топтың «көрнекті» өкілдеріне айналды.
Бірақ ол шоғырға Серік қосылмады. Серік айбарлы, асқақ, күрескер әм қайраткер ақын ретінде қалды. Оның мұраты қысқа өмірде жиып тергенін, көрген сезгенін ой-толғағынан өткізіп, әділет пен ақыл тегеуіріне салып халыққа жеткізу еді. Терең ой мен салихалы сөздің рухани бұлағын Серік Абайдан іздеп:
Уа, аруақ! Датым бар!
Датымды айтсам дәл бүгін,
Патша сөздің тағдырын,
Парасатпен қорғап жүрген
пенде едім,
Екі етпестен жарлығын.
Аруағың алаң болып жүр ме деп,
Аманатқа адалдығын бір бөлек,
Айтқалы тұр арлы ұлың,-
деп Абайға сиынды.
Шындығында, Абай мен Серік өлеңдеріндегі сабақтастықты саралап, салыстыра қарағанда ой үйлестігі мен пікір бірлестігі белгі беріп, мен мұндалап тұрады. Отыз жылдан аса елдің еңсесін езген жемқорлық пен мараулық әділетті болды ма? Абай өрнектеген «мұрты аузына түскен, бір ұрты май, бір ұрты қан, шырайы сартша жылтырап тұрған қазақтың» орнына безбенін ұстаған «білімді безбүйрек қазақ» келді, саясаты мен саудасын ала келді.
«Қарсы күштердің» айы оңынан туды, бетперделерін ауыстырып саясат пен сауданың көрігін қыздырғандар да солар. Қаңыраған қала мен аңыраған ауылдың жайы кесел саясаттың арқасында мешел күйге ұшырады. Осы шындықты Абайша айтып, Абайша үйлестіріп, үндестіретін Серіктей таза, Серіктей әділетті ақын керек болды қоғамға, себебі әділетсіздікті әділетті адам ғана аңғарып сезіне алады.
Абай:
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың,- десе.
Серік:
Құралған өңшең тобырдан,
Жұртым бар көнбіс, көшке ермес.
Еті өліп кеткен елім бар,
Езіліп жатсын – ескермес,-
деп ах ұрды.
Серіктің «білімді безбүйрек қазақтары», Абайдың «шырайы сартша жылтырап тұрған қазағынан» өзгеше, оған сөз өтпейді, өйткені оның «ауызы салымды», «тақтан таққа мінеді», тіпті сенің өлеңіңді «тақпақ па» деп күлкіге айналдырады, ақын үні мұңды шығатыны содан. Сөйте тұра халықшыл ақын күдерін үзбейді, озбырлық пен өтірік уәдеден шаршаған елін ашу-ызамен күреске үндейді, қаракетке шақырады.
Қойдан да қоңыр жұртым бар,
Қорадан шықпай қамалған.
Қойшының зарын кім тыңдар,
Қасқырға жыртқыш таланған.
Шешілді шүкір- тұяқ бау,
Еркіндік бірақ жоққа есеп.
Бір қимыл керек сияқты-ау,
Мал болып мүлде кетпесек…
Ол өзінің шындығы түбінде жеңетінін білді, аярлықтың да аяғы бар екенін сезінді. Ақынның мықтылығы сезімінде жатыр. Ақын сезімі кешегі қанды қаңтарды меңзегенін қазір екінің бірі түсінеді. Биліктің ұраны да өзгерді, «әділетті қоғам құру үшін ең бастысы әділеттілікті қалпына келтіру» екендігін мойындады. Ендеше ақын сөзі рас, өзі өмір сүрген замана шындығын ашып көрсеткен. Оның жалғандыққа жаны қас. Жылтыр сөз жалған ұран да жат оған.
Кімге керек жылтыр сөз, жалған ұран,
Жүректен жас не пайда тамғанынан.
Жырлар жазып не керек
Балдақтыны,
Босатып жатпаса егер балдағынан.
Ақын ұстанымы осы, ол көргені мен сезгенін айтады, оған жоғарыдағы ақындардың «аялы алақаны Елбасының» немесе «Бәйтерек Елбасының өр тұлғасы, Әкеліп өз қолымен Тәңір қойған» сияқты сөз тіркестері жат. Оның көрегендігі «жылтыр сөз бен жалған ұранның» жалғандығын сезінуінде. Сондықтан басқалар сияқты «ұрандаудан» аулақ.
Жылуы жоқ бойының,
Жылмиғаны неткені?
Құбылуы ойының —
Кетпей құйтың еткені.
Әлі үміт, әлі серт,
Жын сықылды бұзылып.
Қулық емес, бұл — бір дерт,
Тұрлауы жоқ құбылып.
Оның рухани ұстазы ұлы Абай осылай деген, екеуінің де түпкі тақырыбы «жылтыр сөз бен жалған ұранға» негізделген қоғам дерті. Олар үшін, «Жылмиып» «қулықпен» «жындай» бұзылып «жалаң ұрандап» жүргендер осы дертпен ауырғандар.
Нарықтық экономика еліміздің әлеуметтік құрылымын бұрын-соңды болмаған күрделі өзгерістерге ұшыратты. Топтық басқаруға негізделген шаруашылық жүйесі күйреді. Жария заңсыз жекешелендіру саясаты, қоғамды жайлаған қылмыс пен жемқорлық кландық топтарды, бизнесмендер, кәсіпкерлер, фермерлер, банкирлер, алуан түрлі жеке фирмалардың, дүкендердің, қонақ үйлерінің, мейрамханалардың, т.б. жеке меншік иелері-«білімді безбүйрек қазақтарды» туғызды. Бұлар ел мен жер мүддесін ұмытып, өздерін құдайдан кем көрмейтін «жарты құдайлар» болатын. Абайша айтқанда олар «малынан басқа ойы жоқ», алаштан да, қазақтан да алшақ адамдар еді.
Малға достың мұңы жоқ
малдан басқа,
Аларында шара жоқ алдамасқа.
Табысына табынып, қалтаң қағып,
Тойғанынан қалғанын берсе алашқа
Мал жияды мақтанын білдірмекке,
Көзге шұқып, малменен күйдірмекке.
Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар,
Сорпа сумен, сүйекпен сүйдірмекке, -деп Абай күйіне мысқылдады оларды.
Былықтырған қоғамнан,
Аршимын деп халықты,
Бір қарыстай қаламнан,
Тұтамдай ақ қалыпты.
Қысқарғаны қаламның-
Жұқарғаны жүйкенің,
Мыстандары заманның
Неткен кәзап, ит еді.
Серіктің мысқылы да мірдің оғындай, Абай «өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар, сорпа сумен, сүйекпен сүйдірмекке» десе Серік, «мыстандары заманның, неткен кәзап, ит еді» дейді. Екеуі де адам бойындағы кемшіліктерді мінегенде төбесінен жай түскендей қылады, бірақ оны бір адамның кемшілігін мінеді деп түсінуге болмайды, себебі сол кемшіліктерде замана көрінісі мен қоғам мешеулігі атойлап тұр. Серіктің шындығы үнемі қоғамның шындығымен үйлесіп үндесіп жатқандықтан әр өлеңі шынайы, әрі терең ойға негізделген. Ал шынайы өмір шындығын әшкерелейтін ақын әрине қоғамға қажетсіз. Сөзіміздің басындағы «мықты ақынның» жолы болып па еді, дилемманың жауабы да осында. Меніңше бұл ақын трагедиясы емес-тағдыры, өйткені сөзін шындыққа байлап, өзін күреске арнаған адамның өмірі әрдайым өнеге болатыны ақиқат.
Ол әкім емес, ел тағдыры мен халық қамын өзгертер күші жоқ, бірақ аяусыз мысқыл-сынмен өрнектелген қуатты өлеңі бар. Әйтсе де ақын ет пен сүйектен жаралған жүректі жан «мыңмен жалғыз алысу» оның да жүйкесіне салмақ салып шарасыздыққа ұрындырады.
Ішім толған у мен өрт, сыртым
дүрдей,
Мен келмеске кетермін
түк өндірмей.
Өлең шіркін — өсекші,
жүртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын
айта бермей.
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны
да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде
өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым,
кінә қойма!
Тұтас дәуірдің шындығын жырлаған Абайды ешкім кінәлай алмас, өйткені өмір шындығы осы, жыр жаулаған «сақы мекенде» ешқашан тыныштық болған емес, өйткені «қарсы күштердің» айла-шарғысы оны болдырмауға бар күшін салады.
Нәлеті мынау нарықта,
Мен ішпеген у мен заһар қалып па?!
Соның бәрін өзегімнен өткіздім,
Зардаптары тимесін деп халыққа.
Таңсық болмас тауқыметке таң қалу,
Қайманаға қиын бірақ аңғару.
Әлі талай ақынға азық болады-ау,
Құнанбайдың баласынан қалған У.
Осылай халқының қамы екі ақынға да у ішкізді, алайда бұл жеңіліс емес, Серіктің аз мұрасында отыз жылғы замана шындығы көрініс тапқан, қазіргі «диванда жатқандар» мен «мінбеде тұрғандардың» «жылтыр сөздері мен жалған ұрандарынан» жалыққан жұрт, бәрібір Серіктің жырын оқып сергиді, серпіліс алады. Ақын құдіреті сол, өлеңдері өмірдің өзіндей, жеке тағдырына азаматтық әділеттігі мен қаламгерлік қарымы қосылып, таным таразысы мен суреткерлік сүзгісінен өтіп, еленіп, екшеліп оқырман сүйетін өлеңге айналуында. Эсседе замана шындығына қатысты Абай мен Серік өлеңдеріндегі ой үндестігін іздегендей болдым. Салыстырудан аулақпын. Мақсатым ақын өлеңдерінде еліміздегі қоғамдық, саяси әлеуметтік құбылыстарға байланысты көптеген ойлар мен түйіндер жатқанына әдебиетке жанашыр мамандар назарын аудару болатын.
Абай:
Көп адам дүниеге бой алдырған
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған
Өлді деуге сыяма айтыңдаршы
Өлмейтұғын артына
сөз қалдырған?
Серік:
Бетпе-бет кеп малдымен, мықтылармен,
Қайран Абай сенде де бітті дәрмен.
Мыңмен жалғыз алысқан, сөз патшасы,
Мен сені ұқтым әбден, ұқтым әбден.
Әбиірбек Қонысбаев,
прокуратура ардагері.