«Tt» — ақпарат».
Апта ішінде аудан әкімі Нұрбол Жүнісбековтің Қаратау қаласының тұрғындарымен кезекті есептік кездесуі өтті. Жиынға аудан прокуроры Жомарт Науатов, аудандық маслихаттың төрағасы Қадірбек Садубаев, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, бірқатар мекеме басшылары мен қала тұрғындары қатысты.
Балалар өнер мектебінде өткен жиында Қаратау қаласының әкімі Дархан Баймбетов 2025 жылдың 11 айында атқарылған жұмыстар мен жүзеге асқан жобалар туралы кеңінен баяндады.
Дархан Тобашұлы Қаратау қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндап, есепті мерзім ішінде инфрақұрылымдық жобалар, тұрғын үй құрылысы, жол жөндеу, абаттандыру және экологиялық бағыттағы жұмыстар бойынша атқарылған істерден нақты деректер келтірді.
Өз сөзінде қала басшысы сондай-ақ, Қаратау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылғандығын, балалар ойын алаңшалары қойылып, пайдалануға берілгендігін, қала ішілік көшелер жөнделіп, бүгінде тұрғындар игілігін көріп отырғандығын, инженерлік желілер жаңартылып, бірқатар көшелер жарықтандырылғандығын жеткізді.
Жиын барысында аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков қаланы көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары кезек күттірмейтін мәселелердің бірі екендігін айтып, қаланың санитарлық тазалығын сақтау мен күтіп ұстау бағытындағы жұмыстарға тұрғындардың атсалысуы маңызды екендігін жеткізді. Нұрбол Әбдімәжитұлы сонымен қатар, орталық көшенің бойында орналасқан сауда дүңгіршектерінің маңайын ластамай таза ұстауда әрбір кәсіпкер жауапкершілік танытса деген тілегін жасырмады. Қоғамдық орындарға қоқыстың тасталуы, қала көшелерінде үй жануларының қараусыз, бей — берекет жүруі де тұрғындардың жауапкершілігінде екендігін, сенбілік жұмыстарына көбіне тек мекеме қызметкерлері мен мектеп мұғалімдері қатысатындығын, бұл жұмыстарға қала тұрғындарының атсалысуы төмен деңгейде екендігін тілге тиек етті. Қаланың тазалағын сақтау, мәдени нысандарды күтіп ұстау ортақ міндет болғандықтан, бұл істе тұрғындармен бірлесе жұмыс атқару маңызды екендігін айтты.
Есепті жиында Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Жұмахан Танкебаев депутаттық қызметі барысындағы атқарылған істер барысын баяндады.
-«AMANAT» партиясының депутаттық фракция мүшесі ретінде Талас ауданына қатысты түрлі проблемалық мәселелер бойынша облыстағы жауапты басшыларға 9 рет депутаттық сауал жолдаған болсам, бүгінге дейін бұл мәселелердің бірқатары шешімін тапты. Атап айтқанда Ақкөл ауылындағы Ақкөл орта мектебі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Ойық ауылындағы жаңадан салынып жатқан Б.Әлменұлы атындағы орта мектеп ғимаратының құрылысы жүргізілуде, Қожағаппар және Сейілбек ауылдарында 50 орындық мектеп салу бойынша облыс әкімінің жауапты орынбасарына партия депутаты ретінде ұсыныстар жолдап, нәтижесінде аталмыш елді мекендерде мектеп құрылысын жүргізуге жобалық сметалық құжаттар әзірленді. Бұл жұмыстар толық шешімін тапқанға дейін бақылауымда болады. Қаратау қаласындағы аудандық орталық аурухананың ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқандығы өздеріңізге белгілі. Бұл жұмыстарға партиялық бақылау жүргізіліп, оған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы ретінде тұрақты қатысудамын. Аталмыш нысанға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы және жөндеу жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталуы бойынша тиісті ұсыныстар беріліп, бақылауға алынды. Сонымен қатар, Қаратау қаласындағы А.С.Пушкин атындағы орта мектеп пен Аққұм ауылындағы Б.Тоқтықожа атындағы орта мектеп ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарын алдағы 2026 жылы жүргізу бойынша да депутаттық сауал жолданды. Бұл мәселе толық шешімін тапқанша бақылауымда болады, — деді баяндамашы өз сөзінде.
Талас аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов білім саласына қатысты мәселелер кезең-кезімен шешімін тауып жатқандығын айтып, бұл жұмыстарға атсалысып жатқан аудан басшылығы мен жанашыр азаматтарға ризашылығын жеткізді. Қарату қаласындағы бос тұрған Қаратау тау-кен технология колледжінің ғимараты білім бөлімінің балансына берілсе. Аталмыш ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Оқушылар сарайы» болып қайта пайдалануға берілсе деген ұсынысын айтты. Жиын барысында сондай-ақ, қала тұрғындары тарапынан да бірқатар мәселелер көтеріліп, назарға алынды.
Есептік кездесуге арнайы қатысқан аудан прокуроры Жомарт Науатов «Қоғаммен байланыс» жобасы аясында аудан аумағында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру бойынша атқарылған жұмыстар, оның ішінде қылмыстардың алдын алу мен тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған түрлі акциялар мен шаралар барысына тоқталды. Мұнан соң, Қаратау қаласы әкімінің аппаратымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған «Үздік аула», «Үздік көше» байқауларының жеңімпаздары марапатталды.
Жиын соңында аудан прокуроры Жомарт Науатов пен аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков тұрғындарды жеке сауалдарымен қабылдады.