Қаратау жотасының бірегей өңірі геопарк құруда зор әлеуетке ие

0 45

ЮНЕСКО-ның маңызды жобаларының бірі – жаһан­дық геопарк құру. Аталған ұйым бұл мәселе бойынша бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Геопарктер – халықаралық геологиялық маңызы бар объектілері мен ландшафты бар географиялық аймақтар.
Аймақтың табиғи һәм мәдени мұрасын сақтау, жергілікті өзіндік болмысын нығайту және тұрақты туризмді ілгерілету геопарктердің негізгі мақсаттарының біріне жатады. Бүгінде геопарктер өңірлерді дамытудың, жергілікті қоғамдастықтарды қолдаудың жаңа үрдісі саналады. Геопарктер аумақтардың табиғи-тарихи мұраларын тұрақты дамытуды, жергілікті мәдениет, ғылым-білім, салт-сана, әдет-ғұрыптар сынды рухани ұстындардың сан саласын жан-жақты насихаттауды қарастырады. Қазіргі таңда әлемнің 49 еліндегі 213 аумақ ЮНЕСКО-ның Жаһандық геопарктері құрамына кіреді. Сол тұрғыда елімізде туризмнің орнықты дамуына, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға, геомұрағат нысандарын сақтауға, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге, білім беру сапасын жақсартуға мүдделі.
Ұлттық геопарк желілерін құру бастамасы 90-жылдардың аяғында Еуропадағы геологиялық мұра нысандарына туристер легін тарту арқылы жергілікті ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің өз өнімдері мен қызметтерін тұрған жерлерінде тұрақты өткізуіне жағдай жасау, ауылдық жерлердегі экономикалық құлдырауды тежеу мақсатында қолға алынған. Қазіргі таңда мемлекетіміз геомұра нысандарды сақтаудың маңыздылығын, туризмді тұрақты дамытудың және жергілікті қауымдастықты нығайтудың маңыздылығын ескере отырып, геопарктерді құру процесіне белсенді түрде қатысуда. Бұл жұмыстар аясында ел аумағында геопарктер құру, мұндай нысандарды туристік аймаққа айналдыру шаралары жүргізілуде.
Өткен 2024 жылдың 18 қазанында Жамбыл облысы Мәслихаты тұрақты комиссиясының №4-3 қаулысымен Кіші Қаратау геопаркін құру туралы қаулы шыққан болатын. Кіші геопарктерді құруға Талас, Сарысу, Жамбыл, Жуалы, Байзақ аудандары кірді. Сондай-ақ Қаратау қаласында «Қаратау геопаркі» аумағын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп бастады. Ауданда туризмді дамыту мен тарихи нысандарды қорғау, табиғаты ерекше жерлерді қорғауға алу жұмыстары негізінде «Қаратау геопаркі» аумағына бірнеше аумақтар кіреді деп жоспарлануда. Соның ішінде дүниежүзілік қауымдастық Грейг жабайы қызғалдағының отаны деп танитын Қаратау тауының жотасында орналасқан Есейхан ауылындағы «Қызғалдақ» ЖШС-не қарасты аумақ, Ақкесене, Тәңірқазған, Бөріқазған тұрақтарын ерекше атап өтуге болады.
Геопарктер аумақтың геологиялық табиғи және мәдени мұрасын болашақ ұрпақ үшін сақтауға арналған. Сол себепті, жоғарыда аталған аумақтарды ауданымызда орналасқан тек мәдени, тарихи ескерткіш деп қана санамай, оларды ерекше қорғауға алу маңызды істердің бірі. Алдағы уақытта, ауданымызда геопарк аумағына өндіріс орындарында қазылған карьерлер мен шахта орындарын да кіргізу жоспарлануда. Бұл жергілікті халықтың шаруашылық қызметін жүргізуіне мүмкіндік береді.
Геопарктер табиғи қазына ғана емес, экотуризмнің де маңызды орталығы, ошағы. Еліміздің әрбір өңірінің өзінің геологиялық нысандары бар, олардың жаһандық ауқымда түрлі эстетикалық және ғылыми құндылығы бар. Бүгінгі таңда республиканың геомұрасын сақтау проблемасы бірінші орынға шығып отыр. Сондықтан, өңірлерде индустриялық емес, шикізаттық емес экономиканы дамытуға жол ашып, бірегей табиғи геологиялық объектілерге бағдарлану маңызды. Тек осылайша жаңа ұрпақ үшін бірегей табиғи объектілерді сақтап, олардың денсаулығы үшін таза қоршаған орта қалыптастыруға болады.

Ақнұр КОЖАХМЕТОВА,
аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің статисті.