Қоғамды алға жетелейтін құқықтық сауаттылық

0 3

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заң үстемділігіне және қо­ғамдық тәртіптің сақта­луына басымдық беру қа­жет­тілігін баса айтып келеді.
— Заң мен тәртіп қағидаты халықтың санасына терең орнығуы тиіс. Ол үшін кез келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағи­дасын берік ұстау қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде ұйымдас­тырылуы керек. Мұны әсіресе аймақ әкімдері мен елге қадірлі, сөзі өтімді қарияларымыз қолға алғаны жөн,- деп атап көрсетті.
Қоғамды алға жетелейтін құқықтық сауаттылық «Үйде бақытты адам әлемде бақытты,» — депті Л.Толстой бақытты қоғам бақытты отбасыдан құрылады. Ал сол бақытты өмірдің баспалдағы өзара сыйластық пен үйлесім салтанат құрған, заңға да, арға да сүйенетін азамат­тардың таным түсінігімен берік. Бүгінгі күннің беде­рінде отбасындағы құқық­тық сауат қоғамның рухани сауатын арттыратын маңыз­ды құралға айналып отыр.
Заң үстемдік құрған қоғамда ғана адам құқығы мен бостандығы қорғалады. «Заңын қадірлемеген елдің болашағы жоқ»,- деген екен Жүсіп Баласағұн бабамыз.
Қазіргі күннің ең өзекті мәселесі балалар мен жасөс­пі­рімдер тәрбиесі болып отыр.
Әлдебір данышпан «Балаңды тәрбиелеме, алдымен өзіңді тәрбиеле», — деген екен. Бұл сөз қазіргі қоғамды да ойландырады. Тәрбиені жалпылама деп қарастырсақ оның ішіндегі ата- ана тәрбиесі үлкен маңызға ие. Қазақ атам: «Балаңды бес жасқа дейін ұлыңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген. Бұдан шығатын қорытынды! Баланы жасына қарай тәрбиеле, балаңды жақсы көрсең аяма деген сөз.
Біздің көп ата-аналар бұл тәсілді біле бермейді, бала тәрбиесіндегі жауапкершіліктен қашады. Баласының күні бойы не істеп жүргенінен бейхабар. Оның достары кімдер, араласатын орталары қандай, зерттеп зерделеп жатқан ешкім жоқ.
Аман-есен үйіне келсе, болды. Баласымен бір мезгіл ашық әңгімелесіп, оның болашағына көз жүгіртіп, адами қасиеттің нышандарын бойына сіңіру арқылы ақыл кеңесін аямаса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қазіргі жазғы каникул кезі, балалардың қолы бос. Сол қолы бос балалар түнгі сағат он екіге дейін спорт алаңдарында жүреді. Олар не істеп жүр? Ешкімнің шаруасы жоқ. Оларды іздеп жатқан ата-анасы тағы жоқ. Осылай бұғаусыз жүрген бала түн мезгілінде бірдеңеге ұшырамасына кім кепіл? Теріс қадам осы жерден басталары да анық.
Сондай-ақ, осы спорт алаңының жанында балалардың әткеншек теуіп, сырғанайтын ойын алаңшалары да бар. Сол жерде отырған аналар балалардың әткеншекке таласып, бір-бірін жылатып жатқанын көрсе де, үндемей, әңгіменің қызығына түсіп отыра береді. Япырай жөн сөз айтып, ақылға келтіретін ата-аналардың да азайып бара жатқаны ма?
Қазақтың хас батыры Б.Момышұлы: «Мен үш нәрседен қорқамын: бірінші- баласына бесік жырын айтпаған анадан, екіншісі- немересіне ертегі айтпаған әжеден, үшіншісі- бір-бірімен қазақша сөйлеспеген қазақтардан», — депті. «Біріншіден бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын»,-деген еді.
Иә ұлттық құндылықтарды ұмыта бастағанымыз жасырын емес. Ұлы Даланың аталар бекіткен «Дала Заңы» артта қалды. Осы жерде «Біз қайда кетіп барамыз?» деген сауал еріксіз туындайды. Санаңа даналықтың дәнін себер даналар қайда, баланы мейірімділікке жетелейтін аналар қайда, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетер балалар қайда деп налисың.
Құрметті ағайын! Кешен келешектің кемеңгер ұл-қызын тәрбиелейміз десек қоғам болып балалар мен жасөспірімдер тәрбиесін мықтап қолға алғанымыз жөн.
Мектептерде үлкен балалардың төменгі сынып оқушыларынан ақша бопсалауы да, нашақорлыққа әуестену де кездесіп жатады. Мұның бәрін мектептерде сыртқа шығармай, жасыру фактісі етек алып жатады. Мектептің рейтингісін түсіргілері келмейді.
Сол себепті, әр ауылдық округтегі ақсақалдар алқасы мектептерде кездесулер өткізіп, өскелең ұрпақты парасат пен пайымдылыққа, кісілік пен кішілікке, мейірім мен қамқорлыққа, адамдық пен адалдыққа бейімдеп отырса құба құп болар еді.
Ата-аналармен дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, өз ойларын ортаға салып отыру да тәрбиенің маңызды бір көзі болар еді.
Балаларды кітап оқуға баулу – кезек күттірмес мәселе. Француз ойшылы Дидро: «Кітап оқуды тоқтатқан адам ойлауды да тоқтатады»,-деген екен. Ойсыз, құштарлығы төмен баланың болашағы да бұлдыр болары сөзсіз.
Ойсыз болудан сақтанайық.
Адамның күш-қуатын жан дүниесін, ішкі сарайын ашатын басты құрал- тәрбие. Тәрбиені ынта-ықыласты оята отырып бойға сіңіру сезім жолымен жүрек арқылы өткізгенде ғана жасампаз құндылыққа, өмірлік шапағатқа жол ашады.

Қамысбай Сауқымов,
журналист.
Қаратау қаласы.