Құрметті жамағат!
Қадірменді мұсылман қауымы!
Айт мұсылмандардың ұлы мейрамы. Ислам дінінде екі айт мейрамы бар. Ол ораза айт, Құрбан айт деп аталады. Құрбан айт ораза айттан 70 күннен кейін басталып, үш күнге созылады. Міне, сол Құрбан айт мерекесі де келіп жетті.
Баршыңызды осы Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мерекенің алар орны айырықша. Өйткені, қасиетті Құрбан айт елдің бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Дәріптелген бұл дәстүр ғасырлар бойы халқымыздың қанына сіңіп, Ұлы дала төсіндегі ұлық мерекеге айналды.
Құрбан айт мерекесінде мүмкіндігі бар әрбір адам құрбандық шалуы абзал. Құрбандық шалуда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі.
Бұл мереке қазақ даласында өзіне жарасымды сән-салтанатымен имандылық жолына бастайды.
Құрбан айт-халықтың ынтымағын нығайтып, елдің ауызбіршілігін күшейте түсетін айтулы мереке.
Жыл өткен сайын халық мерекенің қадір-қасиетін тереңінен сезініп, қайырымдылық жасаушылар қатары көбейіп келеді.
Бұл ізгі құндылықтар тек мұсылман халқына ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ. Сондықтан біздің елде Құрбан айт діни мереке екеніне қарамастан, барлық қазақстандықтарды біріктіреді.
Тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстан бейбітшілік пен жасампаздық, сенім мен адамгершілік, достық пен татулық аумағы болды.
«Қайырымдылық жасасаң-қайырымын өзің көресің»-дейді халқымыз. Қасиетті Құрбан айт мүбәрак болсын! Құрбандықтарыңыз қабыл болып, шаңырақтарыңыз құтты берекеге, төрлеріңіз ырыс-ынтымаққа толсын!
Баршаңызға ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға мол қуаныш тілеймін!
Нұрбол ЖҮНІСБЕКОВ,
аудан әкімі.