Аудандық мәдениет үйінің үлкен залында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен жастар арасында қыз баланың бойында көркемдік пен рухани байлықты қалыптастыру, ұлттық салт-дәстүрді, әдебиет пен тарихты, әдеп пен мәдениетті меңгерген білімді қыз баланы тәрбиелеп, ішкі жан дүниесі мен сыртқы мүсіні келіскен, XXI ғасырдағы қыз баласының болмысын бүгінгі жастарға үлгі ету, бәсекеге қабілетті, дарынды, талантты қыздарды анықтау мақсатында «Мойынқұм аруы – 2024» аудандық байқауы өтті. Ұлтымыздың әдет-ғұрпын ұлықтауға арналған іс-шараға ауданымыздағы Қарабөгет, Жамбыл, Мойынқұм, А.Назарбеков, Биназар, Бірлік, Ақсүйек, Қылышбай ауылдарының 13 аруы қатысып, сынға түсті.
Байқауды ашқан аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев қазақ қоғамындағы қыз баланың орнына ерекше тоқталып, байқауға қатысушы аруларға сәттілік тіледі.
Байқаудың «Сәлем – сөздің анасы» кезеңінде үміткерлер білім, өнер жолындағы жетістіктерінен 3-4 минуттық слайд дайындап көрсетіп, көрсетілім барысында өзінің ұлттық бейнесін, сахналық сән-сымбатын, қазақ қызына тән әдебімен өзін-өзі таныстырды. «Мәдениетім – мәртебем, өнерім өрісім» бөлімінде арулар халқымызға тән өнер түрлерін паш етті. Онда қазақ қызының тек жарқын бейнесі назарға алынды. Сондай-ақ тіл нормасының сақталуына, сахна мәдениетіне де баса назар аударылды.
«Ұлттық тағам» ас үй сайысы бойынша дайындап әкелген жұмыстарының дайындалу барысын видеодан көрсетіп, қазылар алқасына ұсынып отырды. Бұдан кейін білімді дәлелдеу «Сымбатқа парасат сай келсе» кезеңінде салт-дәстүр, ұлттық таным тұрғысындағы сұрақтарға жауап бepді.
Әр кезеңде тапқырлық танытып, сыннан сүрінбей өтіп жатқан қыздарға соңғы бөлімдегі сұрақтарға жауап беру оңайға соқпады. Арулардың барлығы да ас мәзірін дайындаудың асқан шебері екенін, дәмді торттары мен ұлттық тамақтарының дәмін татып білді.
Дегенмен барлық қарсыласына қарағанда әрбір сұраққа ұтымды, дәл жауап бере біліп, өз өнері, білімімен дараланған Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Мерей Бақытхан бас жүлде, М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейінің ұстазы Қаракөз Оңласын I орынды иеленді. Биназар ауылынан келген Әлия Сүгірбекова II орынды, Бірлік ауылының аруы Айым Әбдіқадір III орынды еншіледі. Ал Балжан Әбдіғаріпова, Талшын Баянқұл, Диана Алмас, Әнел Абдыкаим, Жұлдыз Үсенбаева, Әсем Рысбай, Тоғжан Исламхан, Аяжан Тиянақбай, Нұрлина Болат «Көрермен көзайымы», «Өнерлі ару», «Парасатты ару» номинацияларымен марапатталды. Бұл қыздардың бірі ән айтқанда зал іші тыныштала қалса, ал бірі бишілік қырынан танылып, көркемсөз, қолөнер шеберлері екенін де танытты.
Міне аруларымыздың әрқайсысы өзінше осындай даралығымен, даналығымен бір-бірінен кем түспеді.
Әділқазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның Құрметті кітапханашысы Гүлсім Нарбаева, Аналар кеңесінің мүшесі Шахаркүл Оспанова, Мойынқұм шеберлер студиясының жетекшісі Алмаш Таубазарова, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айым Төребектер аталған байқаудың артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталып, барлық аруларға бағалы сыйлықтар мен аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиевтің Алғыс хатын табыс етті.
Байқау барысында аудандық мәдениет үйінің әншілері Ақжан Мамбеталиев, Назгүл Нұрғалиқызы әсем әндерін орындап, кештің көркін қыздырды.
Ал түрлі маңызды, мәні зор көпшілік іс-шараларды ұйымдастырып, жастарға серпін беріп жүрген аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мәди Күнту байқауды байыпты жүргізе білді.