Қызғалдақ – табиғаты мен тарихы тамырлас Әулиеата өңірінің бренді

0 4

«Tt» — ақпарат».

Тіршілік жаңарғанда қызыл кілемге оранғандай ерекше құлпыратын Қаратау бөктері «Грейг» қызғалдағы өсетін еліміздегі санаулы мекендердің бірі. «Грейг» қызғалдағы- жабайы қызғалдақтардың ең әдемі және ең ірі түрі. Жамбыл жерінің жазиралы даласында қызғалдақтың 18 түрі өседі, оның 10-ы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Жуалы ауданының Берікқара шатқалында да қызғалдақтың сирек кездесетін 5 түрі өседі. Берікқара шатқалы ресми түрде қызғалдақтың әлемдік отаны деп саналады. Мұнда Қызыл кітапқа енген Кауфман және Грейг қызғалдақтарынан тыс, Зинаида, Борщов, Островский, регель, Альберт сияқты өзге де эндемиктер өседі. сирек кездесетін дала гүлінің түр-түрін көруге қызыққандар бүгінде елімізге арнайы саяхаттап келеді.
Сонау ерте заманда «Жібек жолымен» кіре тартқан саудагерлер мен жаһангерлер Қаратау өңірінде өсетін қызғалдақтарды түбімен қазып алып, оны Түркияға, одан әрі Европа елдеріне таратыпты. Голландиялық селекционерлер еңбе­гінің арқасында қызғалдақ гүлі көптеген керемет сұрыптардың атасына айналып, олар бүгінде әлем елдерінің бақтары мен гүлзарларын көркемдеуде.
Әулиеата өңірінің жауһары саналатын қызғалдық мұрасын сақтау бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Аймақтың бірегей табиғи құндылығы өткен аптада Жамбыл облысы әкімінің қолдауымен өткен «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалінің басты тақырыбына айналды. Аталмыш шара өңірдің қызғалдақ мұрасын сақтауды талқылау үшін Германия, Украина, Қырғызстан, Ниерланды, Ресей, Қытай, Түркия және Үндістаннан келген ғалымдардың, экологтар мен табиғат әуесқойларының басын біріктірді. «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестиваліне сонымен қатар, экожүйелер бойынша сарапшылар, ЮНЕСКО, консулдық және дипломатиялық корпустардың өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары, министрліктердің өкілдері қатысты. Қонақтар фестивальдің екінші күні Талас ауданының Есейхан ауы­лында өткен негізгі шараға қатысты. Көктем келісімен алқызыл кілемге оранатын Қаратау бөктеріне жиналған жұртшылық табиғаттың осынау көркем сыйына тамсанды. Дала тө­сінде өткен дүбірлі шараның ашылу сал­та­натын­да сөз алған Жамбыл облысы­ның әкі­мі Ербол Қарашөкеев фестивальдің эколо­гия­лық мақсат-мұратына тоқталды. Мұн­дай шаралар табиғатқа деген жауапкерші­лікті қалып­тастырып, туған өлкенің табиғи мұ­ра­сы­на деген қызығушылықты арттыратынын айтты.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев біздің елімізде туризмнің барлық түрін – экологиядан бизнеске дейін дамытуға кең мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Бұл шара өңіріміздегі туризмнің дамуына тың серпін береді деп сеніммен айтуға болады. Қызғалдақ – ұлттық мақтаныш пен мәдени мұраның символы. Дәл осы жерден, қазақ даласында оның тарихы басталып, дүние жүзіне таралып, ол голландиялық бақтарды қоса алғанда, әлемдік бақтардың сәніне айналды. Бұл туған жеріміздің ұлылығы мен байлығының жарқын көрінісі, – деген облыс басшысы фестиваль жұмысына сәттілік тіледі.
Қаратау бөктеріндегі этноауылда өткен «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалінің тағы бір ерекше тұсы — ұзындығы 200 метрге жететін киіз туындының көпшілік назарына ұсынылуы болды. Өңірдегі қолөнер шеберлерінің басын біріктірген ассоцация аналарының бұл бірегей туындысы ұлттық өнер мен заманауи креативтіліктің тамаша үйлесімін көрсетті. Ісмерлер киіз басудың дәстүрлі ылғалды әдісін қолданып, жергілікті табиғи шикізатты пайдаланған. Ерекше туынды өз өлшемі мен көркемдік құндылығы арқылы Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабына енді.
Шара қатысушылары, оның ішінде шетелдік қонақтар да қолөнершілердің еңбегіне жоғары баға беріп, зор ықыласпен қабылдады. Бұл жетістік ұлттық мәдениетті дәріптеуге қосылған зор үлес ретінде бағаланып, фестиваль барысында Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабының сертификаты салтанатты түрде табысталады.Айта кетейік, рекордтар кітабына енген қолөнершілердің киізі арнайы шынымен қапталып, халықаралық «Әулие-Ата» әуежайына табыс етілмек.
Фестивальде сонымен қатар, облысымыздың түкпір-түкпірінен жиналған қолөнер шеберлері мен ісмерлердің халқымыздың дәстүрін дәріптейтін, салтын суреттейтін түрлі бұйымдары қойылған көрмелер шараның көркіне айналды. Айнала ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар қойылды. Халықаралық шарада сондай-ақ, халқымыздың ежелгі дәстүрі «Қымызмұрындық» рәсімі көрсетілді. Бұл шараны Талас ауданы ұйымдастырды. «Қымызмұрындықтың» «Қазық қағу», «Бие байлау» сияқты дәстүрлерін ауданымыздың абыройлы ақсақалы Рысбек қария жиналғандарға паш етті. Ата дәстүрі мен салтымызды сақтаған Есейхан ауылының ибалы келіндері «Қымыз ашыту» бойынша шеберлік сағатын өткізіп, қымыз көрмесін көпшілік назарына ұсынды. Шет елдік қонақтардың қызығушылығын тудырған «Қызмұрындық» шарасы аясында сондай-ақ, бие сауушылар жарысқа түсті.
Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған фестивальда қазақ халқының ұлттық спорт түрлері кеңінен дәріптелді. Жүйрік баптап, аңшылықты серік еткен қазақ жігіттері жеті қазынаның бірі құмай тазы ұстаған. Бұл қазақты өзге ұлттан ерекшелейтін ежелгі дәстүрлердің бірі. Бүгінде халқымыздың осы салтын сақтап, құс ұшырып, ит жүгірткен, аңшылықты кәсіп еткен әуесқойлар да арамызда баршылық. Шараның көрігін қыздырып, төл дәстүрімізді көпшілікке паш еткен «Құмай тазы» жарысы халқымыздың бай мәдениетінің бір көрінісіне айналды десек, артық айтқандық емес.
Фестиваль аясында үш жүзге жуық қатысушы аударыспақ, қазақ күресі, қошқар көтеру, дәстүрлі садақ ату, асық ату, арқан тарту секілді спорт түрлері бойынша өзара бақ сынасты. Ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыс бұл тек, спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар ғасырлар тоғысында ұмыт қалмай атадан балаға мирас болған қазақ халқының бай мұраларының бірін дәріптеу. Еліміздің еншісіне бұйырған табиғаттың ерекше сыйы «Қызғалдақ мұрасын» тамашалауға жиналғандарға халық қазынасын,ата дәстүрін паш ету деп білеміз..
Екі күнге созылған халықаралық фестиваль аясында сондай-ақ, флористтерге арналған шеберлік сағаттары өткізілді. Нидерланды, Қырғыз Республикасының және өңірдің жетекші флористері қатысушыларға гүл шоғын жасау өнерінің қыр-сырын үйретіп, тәжірибелерімен бөлісті. Өңірлік дизайнерлер «Қызғалдақ мұра» шарасына арнайы әзірлеген сән үлгілерін ұсынды. Этно стиль мен заманауи үлгіні ұштастырған дизайнерлердің композициялары қазақ халқының ұлттық нақыштағы киім үлгілерін түрлендіргендігімен ерекшеленді. Дизайнерлердің сән шеруіне ауданымыздан қатысқан, сән әлеміне қадам басқан жас дизайнердің жұмысы да көп ішінде ерекшеленіп тұрды.
Фестивальдің жабылу салтанатында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Қызғалдақ мұра» фестивалі Жамбыл облысының бірегей табиғи мұрасын сақтау үшін маңызды оқиғаға айналғандығын, екі күндік шарада Грейг, Кауфман және Регель қызғалдақтарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне енгізу және Кіші Қаратау аумағында геопарк ұйымдастыру ұсынысына ерекше назар аударылғандығын, бұл бастама сирек кездесетін өсімдіктерді сақтау мен экожүйені айрықша қорғауға, Жамбыл облысының туризм әлеуетін арттыруға және табиғи байлығын танытуға бағытталғандығын, сондай-ақ әлем жұртшылығының назарын осы мәселеге аударуға мүмкіндік бергендігін атап өтіп, спорттық сайыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Шара соңы Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Суреттерді түсірген: Юрий КИМ.