Рәміздер — тәуелсіздік тұмары

0 5

4 маусым — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Қаратау қаласында мерекелік шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Қаладағы “Батырлар алаңында” өткен салтанатты жиынға аудан ардагерлері, мекеме қызметкерлері, колледж және мектеп оқушылары қатысып, еліміздің көк Туын желбіретіп, патриоттық рухты паш етті. Салтанатты шарада аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков көпшілікті мемлекеттік мерекемен құттықтап, Мемлекеттік рәміздердің маңызын атап өтті.
– Рәміздер – елдің тәуелсіздігі мен егемендігін білдіретін қасиетті нышандар. Оларды құрметтеу – әрбір азаматтың ұлттық парызы, – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Шара аясында Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының өнерпаздары әннен шашу шашып, жиналған жұртты ерекше көңіл-күйге бөледі.
Мерекелік күн аясындағы бағдарламалар “Жеңіс” алаңында жалғасын тапты. Бұл кеште «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілді. Алаңға жиналған жастар мен қала тұрғындары қызықты жарыстарға қатысып, ұлттық ойындардың көркін қыздырды.
Олар «Бұқа тартыс», «Бауырсақ жеу», «Қымыз ішу» сияқты тартысты сайыстарда бақ сынады. Сонымен қатар, ләңгі тебу мен асық ату ойындары да көрермен қызығушылығын тудырды.
Жарыс соңында сөз алған «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері қатысушыларға алғысын білдіріп, ұлттық спортты ұлықтау арқылы жастар арасында отансүйгіштік пен ұлттық рухты арттырудың маңызына тоқталды.
Мемлекеттік рәміздер күні Талас жұртшылығы үшін патриоттық рухты күшейткен, ұлттық құндылықтарды дәріптеген айтулы күн ретінде есте қалды.

Шұғыла ӘБДІКЕР,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің
1-курс студенті.