Спорттық сынға түсті

0 9

7 сәуір — Дүниежүзілік денсаулық күніне орай Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығы қызметкерлері мен орталыққа қарасты ауылдық мәдениет үйлері мен клуб қызметкерлері арасында аудандық спартакиада өтті.
Спорттың кросс, арқан тартыс, қол күрес, волейбол және футбол сынды 5 түрі бойынша өткізілген спартакиада өте тартысты болды. Жеңіске деген жігер, командалардың бір-біріне қолдауы жарыстың көрігін қыздырды. Әсіресе, арқан тартыс ойынында дене бітімі шағын болғанымен шапшаң әрі шымыр ойыншылардан құралған ауылдық клуб­тың қыздар командасы жеңімпаз атанды.
Ал, ерлер командасы арасында Ұлбике ақын атындағы мәдениет үйінің жігіттеріне тең келер ешкім болмады.
Қызықты да тартысты өткен спартакиада қорытындысы бойынша жүлделі 1-орынды Ақкөл, Қараой, Шәкіров ауылдық клуб қызметкерлері, 2- орынды Ойық, Үшарал, Қожағаппар ауылдық клуб қызметкерлері, 3- орынды Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығы қызметкерлері жеңіп алды.
Әр спорт түрінен қатысқан жеңімпаздарға және командалық есеп бойынша жеңіске жеткен командаларға диплом, медаль, кубок және қаржылай сыйлық табыс етілді.
Спартакиаданы өткізу барысында аудандық спорт бөлімі командаларды арнайы спорт нұсқаушылары мен қажетті спорт құралдарымен қамтамасыз етті.
Мақсат Таңжарықов,
Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының әдіскері.