Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».
Халықаралық жастар күніне орай «Берікқара» лагерінде аудан көлемінде әр салада жетістікке жеткен белсенді жастардың оқыту-сауықтыру лагерінің ашылу салтанаты өтті.
«Restart: жаңа дем, жаңа белес» атты тақырыпта ұйымдастырылған лагерь үш күнге жоспарланған. Табиғаты әсем тау етегіндегі демалыс орнында 100-ге жуық жас тәжірибе алмасып, түрлі шаралар мен демалысқа уақыт арнамақ. Олардың қатарында мәдениет, өнер, білім, спорт саласында жетістікке жеткен жас мамандармен қатар, волонтерлар мен студенттер бар.
Оқыту-сауықтыру лагерінің ашылу салтанатына аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков қатысып, демалушыларды Халықаралық жастар күнімен құттықтады.
— Жастар-қоғамның қозғаушы күші. Еліміздің болашағы білімді жастардың қолында. Бүгінде жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барша үлес қосып келеді. Алдағы уақытта Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру біздің қолымызда, яғни жастардың жауапкершілігінде. Сондықтан жастар қауымы уақыттың кез-келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беруі тиіс.
«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, мен жастарға сенемін»,-деп Алаш арысы Мағжан Жұмабаев айтқандай, сіздерге артылатын сенім мол,-деген Нұрбол Әбдімәжитұлы бір топ жасқа аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Сонымен қатар, салтанатты рәсімде қоғам белсендісі Исламбек Дастан аудан жастарын мерекелерімен құттықтап, оларды тәуелсіз елдің жарқын болашағы жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
Мұнан соң Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының көркемөнерпаздары мерекеге орай әзірлеген концерттік бағдарламасын ұсынды.
Үш күнге жоспарланған лагерде жастар бірін-бірі танып, араға достық байланыс орнатып қана қоймай, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар және салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарға қатысты ақпаратқа қанығады.
Жалпы бұл аралықта лагерге қатысушыларға «Жастар шеңбері» және «Solf skills-XXI ғасырдың дағдылары» атты оқыту тренингтерімен қатар, «Әулиеата-кітап оқитын өңір» жобасы мен «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында квест ойындарын, «Жоба жазу және іске асыру» атты тақырыпта шеберлік сабағын, спорттық ойындарды өткізу жоспарланған.
Алдыңғы жазба