Талас ауданының экономикасына серпіліс әкелген серпінді жобалар көп. Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбековтың айтуынша, биыл өңірде өндірілген өнеркәсіп өнімдері 12,9 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 105,6 пайызға орындалған. Оның 3,1 миллиард теңгесі кен өндіру және карьерлерді қазу, 8,5 миллиард теңгесі өңдеу өнеркәсібіне, 1,3 миллиард теңгесі электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау, ал 70,2 миллион теңгесі сумен жабдықтау және кәріз жүйесіне тиесілі. Ал ауданның негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 11,3 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 234,9 пайыз болған.
450 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған
– Жыл санап ауданның әлеуметтік экономикалық көрсеткіші жақсарып келеді. Бүгінгі күні ауданда тіркелген жеке кәсіпкерлік субъектілер саны – 3823. Оның 209-ы шағын кәсіпорын болса, 1984-і жеке кәсіпкер, 1630- сы шаруа қожалық. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бірыңғай кешенді бағдарлама, «Кең дала» және «Агробизнес» жобалары аясында ауданда үш мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Сондай-ақ, осы бағдарлама аясында «пайыздық ставканы субсидиялау» бағыты бойынша Қаратау қаласында құны 127 миллион теңгені құрайтын сауда саттық, қоғамдық монша, құрылыс саласында 5 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар, ауданға инвестиция тарту және жаңа жұмыс орнын ашу бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде атқарылуда. Атап айтар болсақ, 2023-2027 жылдары құны 31,2 миллиард теңгені құрайтын төрт ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл жобаларды іске асыру аясында 450 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Көзделген жобаның бірі – «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған жалпы құны 25,8 миллиард теңгені құрайтын цианид натрий өндірісін ұлғайту жобасының екі кезеңін жүзеге асыру. Жоба 2026 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Екінші жобаны – «KARATAU CHEMICALS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған. Жобаның жалпы құны 2,88 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі күні пиросульфат натрий өндіру жобасы бойынша құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылуы күтілуде. Үшінші жоба – «Asia NST» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске қосқан мрамор өндіру жобасы. Зауыттың жылдық қуаты 300 мың тоннаны құрайды. Жобаның жалпы құны 476,8 миллион теңге. Төртінші жобаны «Жамбыл Недр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Қаратау әктас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мүшесі болып, «Жамбыл Недр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аумағында қуаттылығы 400 тоннаға дейін бір және екінші сортты әктас шығаратын әк өндіру зауыты құрылысының инвестициялық жобасын бастады. Қазіргі таңда 1,7 миллиард теңгеге құрал- жабдықтар сатып алынып, оларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Инвестицияның жалпы сомасы 2 миллиард теңгені құрайды, – дейді Нұрбол Әбдімажитұлы.
Биыл 56 техника сатып алу жоспарланған
Ауданның ауыл шаруашылығы саласында да оң өзгерістер бар. Айталық, есепті мерзімде, ауыл шаруашылығы өнімі 4 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 102 пайызға орындалған. Аудан әкімінің айтуынша, қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша, жалпы мал басы 491 993 басқа жеткен. Өткен жылдың төрт айымен салыстырғанда 32 854 басқа, яғни 7,1 пайызға өскені байқалады. Бүгінгі күні 7 695 бас бұзау, 56 384 бас қой-ешкі, 2 962 бас құлын, 254 бас бота, 98 бас торай ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасына енгізіліпті.
Көктемгі дала жұмыстары да жоспарға сәйкес жүргізілген.
Осы жылдың өнімі үшін егіс алқаптарына 694 тонна тыңайтқыш сіңірілген. Ал аудандағы егістік жер көлемі 22 359 гектар алқапты құрайды.
Оның 12 667-і суармалы, 9 692-сі телімді алқаптар. Биыл 12145 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Мұның ішінде күздік бидай 4500, көпжылдық шөп 4125 гектар алқапты алып жатыр.
Бұдан бөлек, 3520 гектар алқапқа арпа, мақсары, күнбағыс, картоп, бақша, көкөніс, пияз, қант қызылшасы, жоңышқа мен жүгері орналастырылған. Егіс алқаптарын өңдеу және өнім жинау жұмыстарына 812 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Оның 7-і комбайн, 323-і трактор, 482-і ауыл шаруашылығы тіркемелері.
Өткен төрт айында үш трактор, бес ауыл шаруашылығы тіркемесі сатып алынған. Егіс алқаптарын ылғалдандыру барысында атқарылып жатқан жұмыста баршылық. Мәселен, биыл 519 гектар алқапты тамшылатып және жаңбырлатып суару көзделген болатын.
Бүгінгі күні «Зерхат» шаруа қожалығы – 190, «Рәтбек» – 35, «Нұрдаулет» – 100, «Демеш» – 55, «Мирас» шаруа қожалығы – 10 гектар алқапты жаңа технологиямен ылғалдандыруда.
– «Ауыл Аманаты» жобасы аясында жұмыс істеп жатқан округтер қатары артып келеді. Осы жобаның 5-ші бағыты бойынша, бүгінгі күні Қаратау қаласы мен ауылдық округтерден 341,6 миллион теңгені құрайтын 48 жоба жинақталып, ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынылды. Қазіргі таңда 197,4 миллион теңгені құрайтын 29 жоба қолдау тауып, қаражаты берілді. Қалған жобалар шілде айынан бастап қаржыландырылатын болады. Таратып айтсам, қаржыландырылған жобалардың бесеуі ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Оның төртеуі жылыжай, біреуі балық шаруашылығы. Тамақ өнеркәсібі бойынша қаржыландырылған жобаның саны – 13. Бұл жоба аясында бес наубайхана, төрт кафе ашылса, бір бірден кондитерлік өнімдер, кофейня, ұлттық сусын, лапша жайма өндірісі ашылуда. Құрылысқа қажетті өнімдер шығару саласында 7 жоба шешімін тауып, нәтижесінде екі кірпіш шығару, бір темір өңдеу мен дәнекерлеу цехы, үш жиһаз цехы жұмысын бастап отыр. Қызмет көрсету саласында қаржыландырылған жоба саны – 23. Оның ішінде ТЖО, тігін цехы, медициналық орталық, тренажер, компьютерлік қызметтер, полиграфия, садақ ату, мультимедиялық орталық, жабдықтар жалға беру, жөндеу орталығы, күзет агенттігі, балабақша мен дауыс жазу орталығы бар, – дейді аудан әкімі.
Үй кезегінде 1271 адам тұр
Соңғы жылдары құрылыс саласында айтуға тұрарлық жобалар жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Аудан әкімінің айтуынша, ауданда таза ауыз су жүйесін, спорт кешендерін, жылыту қазандықтары мен жолдарды орташа жөндеу жұмыстарының көлемі 2,6 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 233,4 пайызға орындалған. Бүгінгі күні ауданда үш елді мекеннің және «Флора» саяжайының таза ауыз су жүйесінің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ басқа да жоспарланған құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылуда.
– Аудандағы әлеуметтік мәселелердің бірі, ол – тұрғындарды тұрғын үймен қамту болып табылады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 7051 шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 133,5 пайызға орындалды. Ал құрылыс саласы бойынша Қаратау қаласы А.Шейн көшесіндегі №15 нысандағы қонақ үйді әкімшілік нысан ретінде қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 600 миллион теңге бөлінді, қосымша 1 миллиард теңгенің облыстық бюджеттен бөлінуі күтілуде. Бүгінгі күнге мердігер анықталып («Агро Спец Строй» ЖШС), қайта жаңғырту жұмыстары басталып кетті. 1-мамырдағы жағдай бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 1271 адамды құрады. Олардың 248-і көпбалалы, 607-і әлеуметтік осал топтағылар болса, 415- і бюджеттік қызметкерлер, ал бір адам ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала. Ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамту бойынша жұмыстар атқарылып, өткен жылы қайта жаңғыртылған 185 пәтерді құрайтын үш көпқабатты тұрғын үй сатып алынды. Бүгінгі таңда тұрғын үйлердегі пәтерлерді кезекте тұрған азаматтарға табыстау жұмыстары жүргізілуде, – дейді Нұрбол Әбдімажитұлы.
23 елді мекеннің 17-сі көгілдір отынмен қамтылған елді мекендерді көгілдір отынмен, таза ауыз сумен қамту жұмыстары да ауданда жалғасын тауып отыр. Мәселен, аудандағы 23 елді мекеннің 17-сі көгілдір отынмен қамтылған. 2027 жылдың соңына дейін ауданда газдандыру жұмысын аяқтау межеленген.
Майтөбе және Қожағаппар елді мекендеріне газ құбырларын салу жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 704 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жалғасуда. Ондағы құрылыс жұмыстарын «АқБарысСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Сонымен қатар, Қасқабұлақ, Есейхан және Қараой ауылдарын газбен қамтамасыз ету бойынша жеткізуші газ құбырының құрылысына республикалық және аудандық бюджеттен 555,6 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Газ-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде, нысан алдағы жылға өтпелі. Аталған ауылдарға ішкі кварталдық газ жүйесінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттары әзірленген, жоба құны 995,8 миллион теңгені құрады. Көктал ауылының газ тарату желісінің құрылысына жобалықсметалық құжаттары әзірленген, жоба құны – 1261 миллион теңге.
Бұл жобаларды іске асыру мақсатында, республикалық бюджеттен қаражат қарастыру үшін бюджеттік өтінім берілген. Қаратау қаласындағы мазут шаруашылығын қайта құру жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 451,9 миллион теңге бөлініп, бүгінгі күні қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қаратау қаласындағы жылу желісінің №1 бөліміне ДЮЦ-тан А.Байтұрсынов мектебіне және «Тамды-Аулие» көшесіндегі №3 тұрғын үйді қайта жаңғыртуға облыстық бюджеттен 225,5 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Мердігер – «Тараз Даниял и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында аудандағы С.Шәкіров ауылындағы 4 көшеге (Қонаев, Шәкіров-1, Шәкіров-2, Жылымбетов), Аққұм ауылындағы 3 көшеге (Сейфуллин, Тоқтықожаұлы, Рысқұлов), Ойық ауылындағы 1 көшеге (Рысқұлов), Ақкөл ауылындағы 2 көшеге (Шәкіров, Қонаев) және Бостандық ауылындағы 2 көшеге (А.Құнанбаев, Байжанов), барлығы 12 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 212,4 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Сонымен қатар, Ойық ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратын қайта жаңғыртуға 111,1 миллион теңге (жоба құны 277,9 млн. теңге) және Үшарал ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратын қайта жаңғыртуға 141,2 миллион теңге (жоба құны 471,3 млн.теңге) бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Оның құрылыс жұмысын «Компания Сырым Блеке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізу үстінде.
Бұл нысандар алдағы жылға өтпелі. Ал өткен жылдан өтпелі Бостандық ауылындағы спорт кешенінің құрылысын аяқтауға 427,1 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Жоба құны 562,0 миллион теңге, 2024 жылы 111,1 миллион теңге бөлінген. Мердігер – «Әл-Мансұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Көшелерді жөндеуге аудандық бюджеттен
868,1 миллион теңге бөлінді
Таза ауыз сумен қамтамасыз ету жайына тоқталсақ, аудандағы 23 елді мекеннің 20-ы орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Биыл Қожағаппар (мердігер – «Темир-Строй Сервис и Ко» ЖШС), Сейілбек (мердігер – «Пырақ Құрылыс» ЖШС) елді мекендерінде су құбырының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, халық игілігіне берілді. Қараой ауылында (мердігер – «Байсын-А» ЖШС) су құбырының құрылыс жұмыстарын аяқтауға 267,2 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.
Арал және Қайыр ауылдарын таза ауыз сумен жабдықтауға арналған модульдік контейнерлік блоктарын орналастыруға облыстық бюджеттен 72,4 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жалғасуда. Қаратау қаласындағы Флора саяжайын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 50 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
– Автомобиль жолдарын орта және ағымдағы жөңдеу жұмыстары да жалғасуда. Аудан аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 587,59 шақырым құрайды. Оның 394,1 шақырымы облыстық, 193,49 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар. Биыл қала және елді мекендердегі көшелерді орташа жөндеуге аудандық бюджеттен жалпы 868,1 миллион теңге бөлінді. Қаратау қаласында 10 көшені орташа жөндеуге аудандық бюджеттен 329,6 миллион теңге бөлініп, «Тараз Көлік Жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер болып анықталды. Жұмыстар маусым айында басталды. Бөлтірік шешен, Майтөбе, Көктал, Қызыләуіт, Есейхан, Тамабек ауылдарында 14 ауылішілік жолды орташа жөндеуге аудандық бюджеттен 538,5 миллион теңге бөлініп, бүгінгі күнге 13 көшені жөндеуге «Тараз Көлік Жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер болып анықталды. Бөлтірік шешен ауылындағы 1 көшені орташа жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Қаратау қаласындағы Панфилов, Тамды Әулие, Арбатас көшелерінің автомобиль жолдарын қайта жаңғыртуға 2025 жылға республикалық және облыстық бюджеттен 696,4 миллион теңге бөлініп жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – дейді Нұрбол Жүнісбеков.
Марат ҚҰЛИБАЕВ.
«Aq jol» газетінен.