Баланың болашағы алған біліміне байланысты
Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында «Білім берудегі цифрлық инновациялар» атты білім қызметкерлерінің аудандық Тамыз кеңесі өтті. Ұстаздардың басын қосқан алқалы жиынға келушілер алдымен білім беру мекемелері ұйымдастырған көрмені тамашалады.
Тамыз кеңесі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың білім саласы қызметкерлерін құттықтауымен ашылды.
Жаңа форматта ұйымдастырылған жиында алғашқы болып сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов саладағы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге тоқталды.
Бүгінде аудан көлемінде 27 балабақша, 15 шағын орталықта 2982 бала тәрбиеленуде. 2023-2024 оқу жылында 27 орта мектептің 26-да 11 сыныпта 437 оқушы бітірді. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша орташа 77,8 баллды құрады. Аудан бойынша ең жоғары 134 балл иеленген А.Пушкин атындағы орта мектептің оқушысы, «Алтын белгі» иегері Аяулым Ерланқызы екенін айта кетуіміз керек. «Алтын белгіге» үміткер болған 29 оқушының 26-ы «Алтын белгіні» иеленді. Білім бөліміне қарасты 33 мектепте Үкімет қаулысына сәйкес бір мезгіл ыстық тамақпен 2855 бала қамтылып отыр.
Алайда білім сапасын төмен көрсеткішпен аяқтаған білім беру мекемелері де жоқ емес. Жаңа оқу жылынан бастап бұл мектептер бақылауға қойылмақ.
Қазір аудандағы орта мектептерде 577, ал мектепке дейінге білім беру мекемелерінде 293 бейнебақылау камералары орнатылған. Ал қала мектептері жедел бақылау жүйесіне қосылған. Жаңа оқу жылында 850 бала 1-ші сыныпқа қабылданды. Бұл туралы Тамыз кеңесі барысында Мақсат Қазанғапов айтып берді.
Сонымен қатар, басқосуда «Астана» бөбекжай бақшасының меңгерушісі Күнжарқын Жұманазарова «Цифрландыру дәуіріндегі мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің ғаламдық болашағы» атты тақырыпта баяндама жасаса, Ойық ауылы Д.Қонаев атындағы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Гаипова ұлттың жаңа келбетін айқындайтын құндылықтарға тоқталды.
Дәстүрлі Тамыз кеңесін қорытындылаған аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков: — Баланың болашағы алған біліміне байланысты. Бұл орайда педагогтардың атқаратын еңбегі өлшеусіз. Білім беру мәселесінде мұғалімдерге ауқымды міндеттер жүктеліп отыр,-деп жаңа оқу жылында педагогтарға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, Нұрбол Әбдімәжитұлы білім беру саласына ерекше үлес қосқан ұстаздарға «Білім беру ісінің үздігі», Оқу-ағарту министрінің, облыс әкімдігі білім басқармасының, аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын сонымен қатар, үздік білім беру ұйымы, мектепке дейінгі білім беру мекемесі, шағын жинақталған орталықтар мен үздік мұғалім мен әдіскерге қаржылай сертификатты табыс етті.
Өз кезегінде аудандық мәслихат хатшысы Қадірбек Садубаев және Мақсат Қазанғапов мұғалімдерге аудандық мәслихаттың, облыстық білім беру қызметкерлері кәсіподағының, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыстады.
Ұлана Омарова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика
факультетінің студенті.