Татулық пен келісім- «Достық керуенінің» басты мұраты

0 19

Мадина ЖАРАС, «TALAS tynysy».
Жалпы Жамбыл облысында бүгінгі күні 84 этнос өкілдері мен 75 этномәдени бірлестік бар. Олардың ынтымағы мен бірегейлігін сақтау мақсатында түрлі шаралар өткізілуде. Соның бірі қыркүйек айында басталған өңірлік Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Достық керуені» жобасы.
Апта ішінде Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің «Достық керуені» Талас ауданына келді. Облыстың 85 жылдығы аясында қазақстандық патриотизмді ілгерілетуге, ұлттық мәдениетті және рухани дәстүрлерді сақтау мен дамытуға бағытталған «Достық керуені» жобасының ауқымы кең. Жамбыл облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілханов, Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Дәурен Тайлеев бастаған топты аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова, аудан ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері қарсы алды.
Шара барысында Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығына қойылған ауданымыздағы этномәдени орталық өкілдері мен жас суретшілердің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Мұнан соң, аудандық орталық кітапхананың Coworking орталығында кеңейтілген кеңес отырысы өтті. Жиынға аудандық ақсақалдар және аналар кеңесінің мүшелері, аудандық полиция бөлімінің тұрмыстық зорлық-зомбылық және есірткіге қарсы бөлімінің жауапты қызметкерлері, Қаратау қалалық қорғаныс істері бөлімінің бастығы және орта білім беру мекемелері директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысып, қоғамды толғандырған түрлі тақырыптарда ой бөлісіп, пікір алмасты. Жиын соңында ауданымыздағы этномәдени орталықтардың, аудандық ҚХА ақсақалдар және аналар кеңесінің белсенді мүшелері Алғыс хаттармен марапатталды.
“Достық керуені” жобасы ауданымыздағы өзге ұлт өкілдерінің жастары қатысқан “Өнерім саған, Қазақстан!” атты фестивалімен жалғасты. Фестивальде өнер көрсеткен үздік өнерпаздар облыстық фестивальге шақырту алды.
Бұл күні аталмыш жоба аясында сондай-ақ, аудандағы этнос жастары арасында ұлттық ойын түрлерінен спартакиада өтті. Үш топтан құралған командалар арқан тарту, садақ ату, асық ойнау, ләңгі тебу сияқты ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті. Тартысты өткен спорттық сайыс жеңімпаздары арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қаратау технология, білім және бизнес колледжінде облыстық “Ассамблея жастары” қоғамдық бірлестігі аудан жастарымен кездесті. Кездесу барысында жастарға аталмыш ұйымның негізгі атқаратын жұмыстары түсіндірілді. «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің белсенділері аудан жастарын еліміздегі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға атсалысуға шақырып, жастардың жарқын бастамалары әркез қолдауға ие болатындығын жеткізді.
«Достық керуені» жобасы құрамында келген цирк өнерпазы Қаратау қаласындағы Оңалту орталығына барып, тәрбиеленушілерге қызықты бағдарламасын ұсынды. Көрсетілімнен соң балаларға жоба аясында марапат пен сыйлықтар табысталды.