«Tt» — ақпарат».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық акциясына қатысты: -Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені, «Таза Қазақстан», бұл бір күндік науқан емес. Бұл-біздің өмір салтымыз. «Жас келсе-іске», — деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осылай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз-осы,-деген болатын.
2024 жылдың сәуірінде бастау алған жарқын жоба биыл да жалғасын тапты. Шапағаты мол шарадан аудан тұрғындары да сырт қалып жатқан жоқ. Шілденің аптап ыстығына қарамастан мекеме қызметкерлері, жастар мен еріктілерден құралған топ өкілдері тиесілі аумақ пен өздері тұратын ауылдардың тазалығына ерекше көңіл аударған. Мәселен, «Amanat» партиясы аудандық филиалына қарасты «Мәдениет» және «Көріктендіру» бастауыш партия ұйымының мүшелері, «Жастар рухы» Жастар қанатының өкілдері қаладағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған «Даңқ» монументіне, саябақтарға және «Тамды» өзені бойына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Ортақ игілікке арналған дәл осындай шара ауылдық округтерде де атқарылып жатыр. Айталық, Қызыләуіт ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен ауылға кіреберіс «Жасыл белдеу» аумағына тазалық жұмыстары жүргізіліп, 450-ге жуық ағаш отырғызылды. «Таза like» акциясы аясында округтегі мекемелердің аумағы тазаланып, күл-қоқыстар тиісті орындарға шығарылды. Жалпы ауылдан түлеген азаматтардың туған жерді көркейтуге қосып жатқан үлесі аз емес. Мұның алдында 1977 жылы туылған ауыл азаматтары кіреберіске тал отырғызу орнын соғып, оған қоршау орнатқан болатын. Ол аумаққа тамшылатып суғару әдісін енгізген де осы түлектер.
-«Таза Қазақстан» — көптеген игілікті іске бастама болып отырған жалпыұлттық акция. Ауыл ішінде бұл науқанға қолдау көрсетіп, ортақ жұмыста белсенділік танытып жатқандар аз емес. Түлектердің демеушілігімен жасалған аумаққа 200-ге жуық ағаш түптерін отырғыздық. Ал, 1964 жылы туылған азаматтар ауылға «Шапағат» саябағын соғып берді. Оған түнгі жарықтандыру, суғару жүйелері қосылды. Тұрғындардың игілігіне арналған гүлзарлар да айналаның көркін келтіріп тұр,-дейді Қызыләуіт ауылдық округі әкімі Қаршыға Шәріпхан.