Тұрмыстық зорлық — зомбылық үшін жауапкершілік және алдын алу шаралары

0 10

Қазіргі кезде отбасы аясындағы құқық бұзушылықтарға аса мән беріліп, заңдарға өзгерістердің енгізілгеніне қарамастан соттың қарауына бұл санаттағы істер әлі күнге дейін түсуде.
«Отан — отбасынан басталады»- демекші, еліміздің дамыған мемлекеттер қатарына қосылып, өркендеуі, өсуі, толыққанды дамып, жетілуі және үлкен мемлекет ретінде өзін қалыптастыруы үшін, біз алдымен еліміздегі неке және отбасы аясындағы құқық бұзушылықтарды тамырымен жоюымыз қажет. Сол үшін, отбасындағы тұрмыстық зомбылықтар өзекті әлеуметтік мәселеге айналып кеткен.
Отбасындағы тұрмыстық зом­бы­­лықтар жасағаны үшін жауап­тылық Қазақстан Респуб­лика­сы Әкімшілік құқық бұзушы­лық туралы Кодексінің (әрі қарай — ӘҚБтК), «Жеке бастың құқық­тары­на қол сұғатын әкімші­лік құқық бұзу­шылықтар» туралы 10-тарауындағы баптармен реттеледі.
Атап айтқанда, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер ӘҚБтК-нің 73-бабында, ал кодекстің 73-1-бабында денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және 73-2-бабында ұрып соғу үшін жауаптылықтары көзделген.
Соның ішіндегі қоғамда көп орын алатын және сотта қаралып жататын ӘҚБтК-нің 73-бабы санатындағы істер. ӘҚБтК-нің 73-бабы 73-бабында отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер, атап айтқанда құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, тұрғын үйде жасалған басқа да әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, ескерту жасауға не бес тәулікке әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғатыны, сонымен қатар осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер – он тәулікке әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғатыны көрсе­тілген. Осы кодекстегі отбасы-тұр­мыстық қатынастар деп — ерлi-зайыптылар, бұрынғы ерлi-зайып­тылар, бiрге тұратын немесе бiрге тұрған адамдар, жақын туыстар, ортақ баласы (балалары) бар адамдар арасындағы қатынастар түсiнiледi.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңына (әрі қарай -Заң) сүйенсек, отбасы-тұрмыстық қатынастар бұл ерлі-зайыптылар, бұрынғы ерлі-зайыптылар, бірге тұратын немесе бірге тұрған адамдар, жақын туыстар, ортақ баласы (балалары) бар адамдар арасындағы қатынастар. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық бұл отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға (басқаларға) қатысты дене зардабын және (немесе) психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті (іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі) болып табылады.
Осы Заңның 4-бабына сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылық күш көрсету, психологиялық, сексуалдық және (немесе) экономикалық зорлық-зомбылық түрінде болуы мүмкін.
Күш көрсету зорлық-зомбылығы — дене күшін қолданып, денені ауыр­тып денсаулыққа қасақана зиян келтіру.
Психологиялық зорлық-зомбы­лық — адамның психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау немесе құқық бұзушылықтарды немесе өмірге немесе денсаулыққа қауіп төндіре­тін, сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуы­на әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту.
Сексуалдық зорлық-зомбылық — адамның жыныстың тиіспеушілігіне немесе жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс-әрекет, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер.
Экономикалық зорлық-зомбылық — адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімі­нен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру.
ӘҚБтК-нің 73-бабына сәйкес, отбасы-тұрмыстық қатынастыар аясын­дағы құқыққа қарсы әрекеттер қатарына былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдіру және олардың тыныш­тығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге тұрғын жайда жасалған басқа әрекеттер жатады.
Жәбірленушілерді тұрмыстық зролық-зомбылықтан қорғау үшін ішкі істер органдарының тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилак­тикасы шараларын қолдану құқығы бар.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шаралары тұрмыстық зорлық-зомбылық жаса­ған адамның құқықтық санасы­на және мінез-құлқына жүйелі түрде мақ­сатты ықпал ету үшін, оның тара­пынан жаңа құқық бұзушылықтар жасалуының алдын алу және жәбір­лену­шінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолданылады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық­тың жеке профилактикасы шарала­рына: профилактикалық әңгімелесу; әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау не қорғау нұсқамасын шығару үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамды ішкі істер органдарына жеткізу; қорғау нұсқамасы; әкімшілік ұстау; медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары; құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу; әкімшілік жаза қолдану; ата-ана құқығынан айыру не оны шектеу, бала (ұл, қыз) асырап алудың күшін жою, қорғаншыларды және қамқор­шыларды өз міндеттерін орын­дауынан босату және одан шеттету, баланы патронаттық тәрбиешінің тәрбиесіне беру туралы шартты мерзімінен бұрын бұзу; іс жүргізу­дің мәжбүрлеу шаралары және қылмыстық процесте жәбірле­нушілердің қауіпсіздік шаралары; сот үкімі бойынша қолданылатын шаралар болып табылады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық­тың жеке профилак­тикасы шаралары өзіне қатысты қолданыла­тын адамның жеке ерекшеліктері, ол жасаған құқық бұзушылық­тардың қоғамға қауіптілігінің сипаты мен дәрежесі ескеріле отырып айқындалады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикалық шаралары нәтиже бермеген және қайталанған кезінде жоғарыда көрсетіліп кеткен әкімшілік жазаның түрлері қолданылуға және кінәлі тұлға әкімшілік жазалануға жатады.
М.Байтасова,
Талас аудандық сотының судьясы.