Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».
Тәртіп сақшыларына жүктелген міндет жауапты. Өйткені қоғамдық тәртіп пен елдегі тыныштықты сақтау осы сала мамандарына артылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге қатысты: — Учаскелік инспекторлардың әлеуетін одан әрі нығайту қажет. Себебі, олар іс жүзінде мемлекет пен қоғам арасындағы дәнекер саналады. Әсіресе, бұл ауылдық жерлерде анық байқалады. Өйткені жергілікті тұрғындар үшін учаскелік инспектор-қорғаушы, құқықтық кеңесші, тіпті әділдік сұрап жүгінетін соңғы инстанция,-деген болатын.
Сенім артылған жерде жауапкершіліктің күшейетіні, рас. Сондықтан, полиция қызметкерлері кез-келген оқыс жағдай мен заңсыздық орын алған әрекеттерге әрдайым әзір болуы тиіс. Бұл-полиция қызметкерлерінің басты міндеті.
Құқық қорғау саласы қызметкерлері арасында ұйымдастырылатын спорттық бәсеке, нысананы көздеп ату, құқық негіздерінен тест сұрақтарын тапсыруы сынды байқаулар осындай орын алуы ықтимал жағдайда полицияның саптық даярлығымен қатар, халықтың тәртіп сақшыларына деген сенімін арттырады.
Құқық қорғау саласы өкілдерінің білімі, біліктілігі мен физикалық әлеуетін байқау мақсатында аудандық полиция бөлімі қызметкерлері арасында «Үздік полиция инспекторы» және «Үздік кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ювеналдық полиция инспекторы» конкурсы өтті.
Бәсі басым байқауға қала мен ауылдық округтерден 14 қызметкер қатысып, өзара мықтыны анықтады. Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Нысанбай Айдабосынов және аудандық ішкі істер бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы полиция подполковнигі Сабыржан Байжанов полиция қызметкерлеріне мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс жолына шыққан 14 үміткер алдымен орталық стадионда 100 метрге және 1000 метрге жүгіруден, кермеге тартылудан бәсекеге түсті. Одан соң атыс полигонына барып, тапаншамен нысана көздеуден өзара мықтыны анықтады. Конкурстың келесі кезеңінде полиция қызметкерлері А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияда құқық негіздерінен тест тапсырды. Жалпы байқауға қатысушылардың қарымы мен қайратын, біліктілігі мен қабілетін мекеме басшыларынан құрылған арнайы комиссия өкілдері бағалады. Байқаудың төртінші, яғни шешуші кезеңі Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында өтті. Мұнда әр қатысушының жеке басы деректері мен қызмет бабына байланысты түсірілген видео роликтер көрсетіліп, қазылар алқасы бағасын берді.
Байқау барысында дәрежесі бірдей, атқаратын міндеті ортақ үміткерлердің арасынан үздіктерді анықтау оңайға соққан жоқ. Десе де, Жанболат Шойбеков, Бекмұрат Кенжебеков, Ерік Айділдаев, Бағлан Алтай сынды полиция қызметкерлерінің белсенділігі мен жеке дайындықтары ерекшеленіп тұрды.
Тартысқа толы бәсекенің марапаттау рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Ринат Бекбосын үлкен жауапкершілік жүктелген полиция қызметкерлерінің еңбектеріне сәттілік тілеп, жеңімпаз полиция қызметкерлерінің аттарын атады.
Конкурс қорытындысы бойынша үздік учаскелік полиция инспекторына Бекмұрат Кенжебек лайық деп танылса, 2-орынды Жанболат Шойбеков иеленді. Ал үздік үштікті Ерік Айділдаев түйіндеді. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі үздік ювеналды полиция инспекторы арасынан Мұхаммедали Құралбаев жеңімпаз атанса, 2-3 орындарды Бағлан Алтай мен Бурхан Аманов өзара бөлісті. Үздіктер қатарынан көрінген полиция қызметкерлеріне дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Байқаудың жеңімпаздары облыс көлемінде өтетін бәсекеде аудан намысын қорғайтын болады.