Биыл елімізде 1 тамыз – 20 қазан аралығында Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтетінінен көпшілік хабардар. Соған орай 1-30 маусым аралығында үй шаруашылықтарын алдын ала аралау аяқталған болатын.
Осынау еліміз бойынша маңызды шара саналатын Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы жөнінде Талас аудандық статистика басқармасының басшысы Светлана Камердинқызы Макамбетова жолығып, бірнеше сауалдар қойған едік.
Сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
— Жалпы ауыл шаруашылығы санағы елімізде нешінші рет өткізілгелі отыр?
С.Макамбетова: — Тәуелсіз Қазақстанның тарихы туралы айтатын болсақ, 2006-2007 жылдары алғашқы ауыл шаруашылығы санағы өтті. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының (БҰҰ ФАО) халықаралық ұсыныстарына сәйкес, ауыл шаруашылығы санағы әр бес-он жыл сайын жүргізілуі керек. Бірақ Қазақстанда санақтың бұл түрі 2006-2007 жылдары ғана жүргізілді. Содан бері үлкен үзіліс болды. Ол кезде ауыл шаруашылық санағы екі кезеңде жүргізілді – өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы. 2025 жылы барлығы бір мезетте өтеді.
— Ауыл шаруашылығы санағын жүргізудегі басты мақсатқа тоқтала кетсеңіз.
С.Макамбетова: — Ауыл шаруашылығы санағы – бұл еліміздің аграрлық секторының құрылымы, ресурстары мен жай-күйі туралы өзекті, әрі сенімді деректерді алуға мүмкіндік беретін ауқымды статистикалық байқау. Санақ деректері тиімді мемлекеттік саясат құру, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет.
Санақ жүргізу және оның мерзімдері туралы шешімді Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылдады. Оны өткізу мерзімі ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығын және ауыл шаруашылығы жылының қорытындылары бойынша өзекті деректерді алу қажеттілігін ескере отырып таңдалған.
— Санақ барысына кімдер қамтылады?
С.Макамбетова: — Ауыл шаруашылығы санағына біріншіден, бұл – мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және балық шаруашылығы салаларында ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа немесе фермер қожалықтары, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қамтылады.
Екіншіден, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері бар немесе мал ұстайтын үй шаруашылықтары. Ашып айтқанда, бұл бақшасы бар, өздері үшін төрт түлік ұстайтын, құс өсіретіндер және тағы басқалар қамтылады.
— Шараның негізгі кезеңдерін атасаңыз?
С.Макамбетова: — Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында онлайн және оффлайн этаптарында өтеді.
Алдымен 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz. сайтында онлайн-сауалнама жүргізіледі. Бүгінде сайт санақ жұмысымен танысу үшін жұмыс істеп тұр. Заңды тұлғалар, фермерлер, үй шаруашылықтары – барлығы порталдағы санақ парақтарын қашықтан өз бетінше толтыра алады. Бұл әдіс өте ыңғайлы, сонымен қатар деректерді жинаудың тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сайтқа кірген сәтте респонденттер жүйеге тіркеліп, ЭЦҚ, QR-код немесе СМС арқылы авторизациядан өтуі қажет. Сауалнама парағына кірген кезде кейбір жолдарда мемлекеттік органдардың деректер базасында бар көрсеткіштер көрсетіледі. Респондент көрсетілген көрсеткіштерді сол күйі қалдыра алады немесе оларды өзектендіре алады. Респондент толтырылған деректерін сақтап қойып, үзілістен кейін сол сауалнаманы толтыруын жалғастыра алатынын ескертеміз. Сауалнамадан өткеннен кейін респондент электрондық поштаға санақтан өткені туралы хабарлама алады.
Санақтан онлайн түрде өтуді ыңғайлы қылу үшін жергілікті әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімшелерінің ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылады.
ЖШС, Жеке кәсіпкерлер мен шаруа-фермер қожалықтары сияқты шаруашылықтың барлық ұйымдастырылған нысандары сауалнамадан сайтта өз бетінше өтуі тиіс екенін ескертемін. Қызметі мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы немесе балық шаруашылығымен байланысы бар өндірушілер санаққа қатысуға міндетті.
Егер респонденттің сауалнама парағын толтыру кезінде қандай да сұрақтары туындаса, арнайы дайындалған жасанды интеллект арқылы жауап беретін Sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне жүгіне алады.
Сондай-ақ, 1446 нөмірі бойынша бюроның байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңыраулар сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін, ал онлайн-сауалнама басталған кезеңде – тәулік бойы, аптасына жеті күн қабылданады.
Екінші кезең – интервьюерлердің үй шаруашылықтарын жеке-жеке аралауы 2025 жылдың 20 қыркүйегі мен 20 қазаны аралығында өтеді . Арада қалдырылған қосымша 20 күн сауалнаманы өз бетінше аяқтағандарды ескере отырып, үй шаруашылықтарының тізімдерін қалыптастыру үшін қажет.
Осылайша, санақ респонденттердің барлық санаттарын қамтиды және ақпарат жинаудың барынша толықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді. Санақ барысында ауданымызда барлығы 4344 үй шаруашылығын және 1890 ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамту жоспарланған.
Санақ қызметкерлері барлық респондентті қамтуға міндетті. Қатысудан бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Біздің сұхбат берушілердің атрибуттары — бейсболка, жамылғы, ауылшаруашылық санағының символикасы бар портфель, планшет және QR коды бар куәлік.
— Санақтың мемлекеттік маңызды шара екенін көпшілік ескеруі қажет қой.
С.Макамбетова: — Әлбетте. Біз азаматтарды санаққа саналы түрде қатысуға шақырамыз, өйткені бұл жай статистикалық шара емес, барлық азаматтарды қамтитын мемлекеттік маңызы бар іс.
Өкінішке орай, бұл зерттеудің маңыздылығын бәрі бірдей түсіне бермейді, халықтың мұндай есепке алудан қорқынышы бар. Қандай да бір себептермен, кейбіреулер бұл мәліметтер салық органына немесе басқа бақылаушы органға кетеді деп санайды. Есепке алу басқа мақсатта, атап айтқанда анықтау үшін жүргізіледі.
Ұлттық статистика бюросы алынған деректердің құпиялығына және оларды қатаң статистикалық мақсаттарда пайдалануға кепілдік беретінін атап өткім келеді. Деректер респонденттің бастапқы деректерін ашпай-ақ, жиынтық түрде өңделеді және жарияланады. Бюро деректер салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді деп растайды.
— Сұхбатыңызға рахмет!