Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы қарсаңында

0 6

Түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».

Үкімет Қаулысына сәйкес елімізде
2025 жылы ұлттық ауыл шаруашылығы
санағы жүргізіледі. Ондағы мақсат-аграрлық сектордың дамуына болжам жасау және ауыл шаруашылығы саласының жай-күйі туралы жан-жақты ақпарат алу болып табылады. Жалпы ұлттық ауыл шаруашылығы санағы бұған дейін соңғы рет 2006-2007 жылдары
өткізілген болатын.
Еуропалық статистика сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруа­шылығы ұйымы конференциясының ұсынымдарына сәйкес ұйымдастырушылық-әдіснамалық ережелерді, санақ құралдарын, бағдарламалық-техноло­гиялық процесті сынақтан өткізу үшін алдымен дайындық кезеңінде пилоттық санақ ұйымдастыру туралы шешім қабылданған.
Соған сәйкес аудан әкімінің міндетін атқарушы Медет Үрістенов, аудан­дық статистика басқар­масының басшысы Светлана Макамбетова, қала әкімі Дархан Баймбетов және жауапты сала мамандары қала тұрғындарымен кездесіп, алдағы уақытта өткізілетін ұлттық ауыл шаруашылығы санағының мақсат-міндеттерін таныстырды.
Облыс бойынша пилоттық сынақ екі елді мекен мен бір қалада өткізіледі. Оған Байзақ ауданынан Көктал, ал Меркі ауданынан Ақтоған ауылы таңдалса, қалаға Қаратау енгізілді. Бүгінде шағын шаһардағы жеке, қосалқы шаруашылықтар саны-3245 болса, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер 33-ті құрайды. Ауыл шаруашылық кәсіпорындарымен шаруа қожалықтары бойынша санақ жүргізуге арналған сауалнамада 26 сұрақ, жеке қосалқы шаруашылықтар үшін 18 сұрақ әзірленген. Бұл туралы тұрғындармен өткен кездесу барысында аудандық статистика басқармасының басшысы баяндап берді.
Өз кезегінде Медет Әбдімашұлы санақ науқанында тұрғын­дарды белсенді болуға шақырды. Сондай-ақ, алынған мәліметтер Үкіметке ұсынылып, ауыл шаруашылығы саласына әр бағыттар бойынша бөлінетін қаржыға әсер ететіндігін жеткізді.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан туындаған сауалдарға жауаптар қайтарылды.