Жақсының аты өлмейді

0 11

Дүйсен МОЛДАҚҰЛОВ, «TALAS tynysy».
ӨМІРДЕРЕК

Керімбай Оязбеков 1944 жылы Қызыләуіт ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген. Алғаш еңбек жолын жас маман «Қазмежколхозстрой» жобалау институтында инженер-жобалаушы болып бастаған. 1970 жылы Талас ауданының сәулетшісі, ауыл шаруашылығы басқармасында бас инженер-құрылысшы, 1974 жылы аудандық партия комитетінде нұсқаушы, одан кейін ЖМК-2011 мекемесінде экономист-прораб болып еңбек етті.
1983 жылы жаңадан ашылған «Аққұм» совхозына партия комитетінің тапсырмасымен прораб, одан кейін осы шаруашылықтың партия ұйымын басқарды.
1991 жылы өзі туып-өскен Ильич атындағы асыл тұқымды қаракөл қой совхозына директор болып тағайындалды.
Ал, 1994 жылы «Көктал» АҚ-ның президенті болып сайланып, өмірінің соңына дейін осы қызметті абыроймен атқарды.
Керімбай Оязбековтың осы жылдар ішіндегі еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Құрмет» орденімен наградталды.
Керімбай ағамызға ғұмырында небір соқтықпалы, соқпақты жолдан өтуіне тура келді. Олай дейтінім-Керекеңнің 1-2 жас шамасында әкесі Оязбек дүниеден озды. Соңында қалған бес баланы балиғатқа жеткізу барысындағы бар ауыртпалық анасы Ақтолқынның мойнына артылды.
Шаруашылықта сауыншы болып істейтін аналары шиеттей бала-шағаны қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай жетілдірді, жеткізді.
Отбасындағы осындай ауыртпалықты әлі де буыны бекіп, бұғанасы қата қоймаған жас Керімбай, бала Керімбай барлық болмыс-бітімімен түсініп, түйсігімен сезіне білді. Бастауыш сыныпта оқып жүріп-ақ ауылдан Қаратау қаласына арбамен сүт тасыды. Қаршадай баланың қажырлылығына тәнті болған шаруашылық мамандары осындай жауапты жұмысты сеніп тапсырған болатын.
Бастауыш сыныпты ауылда аяқтаған Керекең одан кейін оқуын Қаратау қаласындағы мектеп-интернатта жалғастырған. Сол кезде осы оқу орнының директоры болған, кейін әртүрлі лауазымды қызметтер атқарған есімі елге жақсы таныс Жапар Шәріпұлын ыстық ықыласпен еске алып жүрді.
Жоғарғы оқу орнын аяқтап, атжалын тартып мінген шағында небір жауапты қызметтерді атқарып, оның бәрінде де өзін абырой биігінен көрсете білді. Іскерлігімен, ұйымдастырушылық қасиетімен көптің құрметіне бөленді.
Керімбай Оязбекұлы өзінің бұл саладағы қабілет–қарымын 1991 жылдан Ильич атындағы асыл тұқымды қаракөл қой совхозын, кейін «Көктал» акционерлігі қоғамы болып қайта құрылған шаруашылықты басқарғанда айқын көрсетті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жаппай жекешелендіруге ұшырап, ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кеткен шаруашылықтардың іргесі ыдырады. Бір кездері 30-50 мың бас малы бар іргелі деген колхоз-совхоздардың өздерінің шаруалары шатқаяқтап, майда қожалықтарға бөлініп, берекесі кетті.
Осы қиын-қыстау кезеңде Керекеңнің ортақ мақсат, бір мүдде жолындағы табандылығын көпшілік әлі күнге дейін жыр қылып айтады.
«Көктал» аудан көлеміндегі бірден бір, еліміздегі талан-таражға түспей сақталып қалған санаулы шаруашылықтардың қатарында саналды.
Әрине, бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Қаншама табалдырықты тоздырып, жүйкені жұқартуға тура келді.
Керекеңнің осындай қажырлы еңбегінің нәтижесінде шаруашылықта 18 мың бас қой, 56 бас жылқы, 53 бас түйе және 120 бас мүйізді ірі қара сақталып қалды. Бұл жалақы мен зейнетақы уақтылы төленбей, азық-түлік тауарларының дүкен сөрелерінен жоғалып, халықтың тұрмыс жағдайы барынша төмендеген тұс болатын. Бір қап ұнның құны 1-2 бас қой болатыны да осы шақ.
Шаруашылық осы кезде тығырықтан шығатын жолдарды қарастырды. Малдың басын шашау шығармай, дүкендер ашып, тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз етті. Сондай мезгілдің өзінде қоғам 14 дана МТЗ-80 тракторын сатып алуға қол жеткізді. Сол техникаларды шаруашылық әлі де пайдаланып жүр.
Керімбай Оязбековтың күрделі кездің өзінде қиыннан жол таба білуінің нәтижесінде «Көкталдың» шаңырағы шайқалмай, қайта көп-теген ізденістердің нәтижесінде шаруалары алға басты. Мұнда бірінші кезекте қоғам мүшелері мен ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайларын жақсартуға баса назар аударылды.
Мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын қатар дамытудың тың жолдары өндіріске енгізілді. Мал да, жер де қоғам мүшелерімен келісім-шартқа тұрып, жалға берілетін.
Мәселен, отардағы малға шаруашылық тарапынан жем–шөп, зоотехникалық-мал дәрігерлік қызметтер көрсетіледі де шопандар әр саулықтан баспа-бас төл алуды, оның 85 пайызын өсімге қалдыруды, қозы бөлік кезінде олардың әрқайсысы 25 келі салмақ тартуы, жалпы мал шығыны 5 пайыздан аспауы керек сынды шарттар көрсетіледі.
Және осы шарт үдесінен шыққан шопандарға алынған төлдің 15 пайызы өз меншігіне қалдырылатын, сонымен бірге науқан соңында әр қойдың, әр қозының басына төленетін қаржы тағы бар.
Егін шаруашылығына қатысты әңгіме де осындай. Жер жырту, тегістеу, тұқым себу, тыңайтқыш енгізу, жиын -терін жұмыстары қоғамның еншісінде де, жалгерлердің алқапты суғару, қору және жинау жұмыстарына қатысу сынды міндеттері бар. Оларға алған өнімдерінің 20 пайызы берілетін.
Міне, осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қоғам мүшелерінің тұрмыс дәрежесі көтеріліп, еңбекке деген құлшыныстары артты. Басқа елді мекендерде балапан басымен, тұрымтай тұсымен дегендей, жайлы жер іздеген қоныс аударушылар жиі кездессе, ынтымағы жарасқан бұл ауылдың іргесі сөгілмеді. Мұны Керекеңнің іскерлігі, жұмыстың көзін таба білетін жаңашылдығы деп түсінген жөн.
-Төрт түлігіңді түгендеп,
Мың-мыңдап мал өсірдің.
Ұжымыңды таратпай,
Нарықтық іске көшірдің.
Үндемей жүріп,
Кереке,
Қыруар іс тыңдырдың,-
деген Керекеңе арналған өлең жолдарының көпшілік арасында кеңінен тарайтыны да осы кезең болатын.
Сонау 2001 жылы сол кездегі аудан әкімі Батырбек Құлекеев, аудан әкімінің орынбасары Балтабай Бекежанов бар құм өңірінде күйекке түсіп жатқан «Көктал» ЖШС-нің отарларын аралаудың сәті түскен.
— Мұндағы «Домалақ баз», «Көжеқұдық», «Жамбыл» және «Қонақбай» пункттерінде шаруашылықтың 17 саулық отары қолдан ұрықтандырылуда. «Көжеқұдықта» көк, қара және суыр қаракөлдері шоғырландырылған. Ұрықтандыру жұмыстары кестеге сай жүргізілуде, — деген сонда Керекең.
Біз өз кезегімізде шопандардың тұрмыс жағдайы туралы сұрағанымызда:
— Олармен жасалған келісім-шарт бар. Мұның екі жаққа да тиімді, өміршең тәсіл екенін тәжірбиенің өзі көрсетіп отыр.
Соның арқасында бүгіндері малшылардың ішінде жоқ дегендерінде 150-200 бастан малдары бар,- деген-ді.
Біздің осы сапарымызда тілдескен шопандардың барлығы өздерінің жағдайлары жақсы екендіктерін, қоғам тарапынан қажетті барлық шаралардың жасалып жатқанын тілге тиек еткен.
Батырбек Әбдірәсілұлының «Таластық нұсқа» деген атпен республика тараған шаруа қожалықтарына тауарлы несие беру бастамасының бел ортасында «Көктал» ЖШС болды. Осы тауарлы несиенің арқасында қаншама қожалықтар малды болып, шаруаларын тіктеп, аяқтан тұрды. Соның арқасында аудандағы мал басы артты.
Тағы бірде Керімбай ағама жолығып, шаруа жәйін сұрағанымда:
— Біз еліміздегі қаракөл қойын өсіруге бағыт ұстаған санаулы шаруашылықтың біріміз,-деген сонда Керекең,-қазір қаракөл қой шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының Жамбыл филиалымен бірлесе отырып, көк түсті елтірі беретін қаракөл қойын өсіруді мақсат тұтып отырмыз. Алға құрған жоспарымыз көп. Мал басын көбейтіп, егін алқабын ұлғайтуды да көздеп отырмыз.
Өкінішке орай, тағдыр Керекеңнің алға қойған асқақ мұраттарын жүзеге асыруға жететін ғұмыр бермеді.
Десек те, Керімбай Оязбекұлының осы аралықта үлкен құлшыныспен атқарған тірліктері ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға деген қыруар еңбегін көпшілік әлі күнге дейін бір-біріне жыр қылып айтады. Соған қарап Керекеңнің көзден кетсе де, көңілден кетпегеніне шын қуанасың.
-Керекең Ильич атындағы қаракөл қой совхозына 1991 жылы директор болып келді. Мен осында бас мал дәрігері едім,-деп еске алады Талас ауданына еңбегі сіңген ардагер, зейнеткер Қабылғали Жампозов,-келе жедел іске кіріскен басшымыз әрқайсымыздың алдымызға нақты тапсырмалар беріп, оның орындалу барысын қатаң қадағалап, талап ететін. Соның арқасында аз уақыт ішінде шаруашылықта тәртіп орнап, ісіміз алға баса бастады.
Мал шаруашылығымен бірге, егін-бидай, арпа, жүгері өсірумен де шындап айналыса бастадық.
1993 жылғы қатты қыс үлкен сынақ болды, бірақ біз Керекеңнің көрегендігі арқасында сол сынақтан сүрінбей өттік. Ауданда сол қыста «Талас» совхозы болса 10 мың бас, біз 14 мың басты аман алып шықтық. Ал, қалған шаруашылықтар құмнан малсыз қайтты десе де болады.
Мұны Керекеңнің ерлікке пара-пар еңбегінің пір парасы деп те айтуға толық негіз бар.
Ұзақ жылдар Қызыләуіт ауылдың округі әкімінің аппаратында қызмет атқарған еңбек ардагері Темірбек Баяқов Керекеңнің адамгершілігі, адами асыл қасиеттері туралы:
— «Көкталдың» көші түзеліп, шаруасы өрге басып тұрған шақта Керекең мені шақырды.
— Темірбек, -деген сонда Керекең,- біздің отбасымыздың жағдайын сен жақсы білесің. Әкеміз менің кішкене күнімде қайтыс болып кетті. Үйелмелі-сүйелмелі бес баланы бағып-қағудың бар ауыртпалығы жалғыз анамның мойнында қалды.
Сол кезде сиыр фермасын басқарған сенің әкең Баяқ ағамыз балалар ағарған ішіп отырсын деген оймен бір бұзаулы сиыр бергізген.
Осындай қысылтаяң кезде қол ұшын созып, қамқорлығын көрсеткен ағаның жақсылығын қалай ұмытайын. Сол ағамның еңбегінің қайтарымы болсын, сені бір жақсы қызметке қояйын,- деген өзінің ұсынысын айтқан.
Мен сонда әкемнің сол кездегі жасаған жақсылығын әлі күнге дейін ұмытпай, көңіл түпкірінде сақтап жүрген Керімбай ағамыздың сұңғылалығына тәнті болған едім,-деп риза кейіпте сөзін аяқтаған еді.
-Серіктестікте мен Керімбай ағамның кезінде зооинженер жас маман болып еңбек еттім. Ағамның талай тәрбиесін көрдім, үлгі-өнегесінен үйрендім. Қиын сәттерден жол таба білетін табандылығын айырықша атап өткім келеді.
Қазірде сол кісінің салып кеткен сара жолын жалғастырудамыз. Басшымыз Берік Қасымов бұған барынша мән беруде. Бүгінде бізде 3 мың бас қаракөл қойы, 1 отар қазақы қой бар. Ыстық-суыққа төзімді 85 бас саулық және 75 бас тұсақ малдың элиталық тұқымын сақтап отырмыз. Алдағы уақытта олардың санын көбейту ойда бар, — дейді Сейфулмәлік Меркібаев.
Керекең жөнінде кіммен сөйлесең да ол кісінің жасаған жақсылығын, қоғамға сіңірген еңбегіне баса назар аударады. Өмірден ерте кеткеніне өкініш білдіреді.
2006 жылы «Көктал» акционерлік қоғамы «Керімбай Оязбеков атындағы «Көктал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі» болып аталды. Міне, Керімбай Оязбекұлының еңбегіне берілген лайықты бағы. Керекеңнің ғибратқа толы ғұмыры осылай өрбіген еді.
Аталарымыздың «Жақсының аты өлмейді»,-деп бір ауыз сөзбен кесіп айтатыны да осындайдан шығар.