Жастардың жарқын жеңісі аудан мерейін асырды

0 7

«Tt» — ақпарат».

«ЖАСstar FEST-2025» өнер байқауында Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының «Шашу» би тобы бас жүлде иеленіп, алдағы уақытта Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында өтетін бай­қау жолдамасына қол жеткізді.
«ЖАСSTAR» өнер орталығының ұйымдастыруымен өткен байқауда сонымен қатар «Шашу» би тобының кіші тобы бірінші орын биігінен көрініп, ауданымыздың мерейін үстем етті. Аталмыш би ұжымын аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков арнайы қабылдап, өнер өлкесіне қанат қаққан жас таланттарды, оның ішінде «Шашу» би тобының кіші тобын алғашқы жеңістері­мен құттықтады. Жеткіншектердің талабын шыңдап, өнерге баулып жүрген би ансамблінің жетекшісі Мақпал Ермекқызына алғыс білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі.
Түрлі деңгейдегі байқауларда топ жарып жүрген Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының «Hustle dance» заманауи би тобы тағы бір өнер бәгесінің жеңімпаздары атанды. Жерлестеріміз 13 сәуір күні Алматы қаласында өткен «JAS DARYN» Халықаралық конкурс — фестивалінде 3 блок бойынша сынға түсіп, «Вип гран при» жүлдесінің 3 дүркін жеңімпазы атанып, ауданымыздың абыройын асқақтатып қайтты. Жандос Нұрланұлы жетекшілік ететін «Hustle dance» би тобының кіші тобы, яғни 5-7 жас аралығындағы жеткіншектер кіл мықтылардың арасында оза шауып, бас бәйгені жеңіп алса, осы би ұжымының 11-13 жас аралығындағы жас өнерпаздары екі бимен өнер көрсетіп «Вип гран при» және «Гран при» жүлдесін қанжығаға байлады.
Бұл орайда «Hustle dance» за­манауи би тобының негізін қалап, талапты жастарды өнерге баулып, түрлі байқауларда шыңдап жүрген Даулет Агибаевтың шығармашы­лық ізденісі мен ерен еңбегін атап өткен жөн. Халықаралық додада олжа салған жас өнерпаздар­дың жетістігі ауданымыздың мәдениеті мен руханиятын дамытуға қосқан қомақты үлесі деп білеміз.