Жасыл экономиканың болашағы жарқын

0 13

Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».

Жасыл экономика-экологияны басымдыққа ала отырып, жер — су, сол сияқты табиғи ресурстарды тиімді пайдалану. Бұл мақсатта елімізде 2014 жылы «Жасыл экономика туралы» Заң жобасы қабылданды.
Құжатта табиғи ресурс­тарды орнымен қолдана отырып, инфрақұрылымды дамыту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, одан бөлек әлем елдерін алаңдатып отырған өзге де мәселелерді шешу қарастырылған. Бізге бұрыннан таныс дәстүрлі экономика — өндірістік қал­дықтарды қайта өңдеу болса, жасыл экономиканың ерекшелігі — баламалы қуат көздерін табиғи ресурс­тардың көмегімен өндіру. Бұл әдіс өз кезегінде мемлекеттің әлеуетін арттыруға серпін береді.
Жасыл экономиканы да­мыту мәселесі бойынша Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ар­наған Жолдауында: — Энер­гетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды бір­тіндеп енгізу қажет. 2029 жылға қарай энергияны тұ­тынуға және энергия шығы­нына байланысты негіз­гі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс. Біз «жасыл экономиканы» дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Бола­шақта бүкіл әлем таза энерге­тикаға көшетіні сөзсіз,-деген болатын.
Бұл бағыттағы жұмыстар аудан көлемінде тиісті деңгейде атқарылып келе­ді. Мәселен Қызыләуіт ауылдық округіне қарасты жер аумағынан 2019 жылы «WindPowerCity» және Wind­ElectroCity» ЖШС-і желден энер­гия көзін өндіретін құрыл­ғы­ларды орнатып, жұмыс бас­тады. Бүгінде әр серік­тестік орнатқан 3 қондырғы арқы­лы жал­пы қуаты 4,5 мВт бола­тын электр энергиясын өндіруде.
Дәл осы аумақта 2022 жылы құны 5487,0 млн. теңге­ні құрайтын 3 жоба жоспарла­нып, жүзеге асырылды. Әр жобаның құны 1829,1 млн. теңгеге айналды. Осылайша «Жасыл экономика» бағдар­ла­масы аясында іске қосылған «Новатекс», «Шеңгелді», «Шең­гелді-2» ЖШС-і өз жұмыстарын тиісті деңгейде атқарып келеді. Әр кәсіпорын сағатына 4,5 мВт электр қуатын өндіруге қауқарлы. Қазір 5 кәсіпорында 21 адам қызмет атқарады.
Уақыт талабына сай ел экономикасына енгізілген жаңашылдыққа қатысты аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров: -Бүгінде әлемнің көптеген елдері жасыл экономиканы таңдайды. Өйткені, балама қуат көздерін пайдалану арқылы энергияны үнемдеу күн тәртібіндегі басты мәселеге айналған. Өз кезегінде балама қуат көзі-дербес экономиканы қалыптастырады. Желден электр энергиясын өндіретін 5 кәсіпорын аудан бюджетіне 30-50 млн. теңге көлемінде салық төлеп отыр. Жел электр стансалары Көктал ауылының маңында орналасқандықтан онда жергілікті тұрғындар да жұмыс жасайды. Атал­ған кәсіпорындардың арқа­сында 9 млрд. теңгенің инвес­ти­циясы тартылды. Одан бөлек өнеркәсіптің дамуына да зор үлес қосып отыр,-дейді.
Кәсіпорындар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып қана отырған жоқ, қайырымдылық шараларына қатысып келеді.
Ауданбек Тауасаровтың сөзінше ауыл іргесіндегі ес­кі мешіттің шатырын жауып, ішкі сылақ жұмыс­тарын жүргізіп, қайта жабдық­тауға қаржылай демеу­шілік танытқан аталған кә­сіпорындардың басшылығы.
Бүгінде елімізде жасыл экономиканың маңыз­ды­лығы артып келеді. Айталық 2013 жылдың 30 мамырында мемлекеттің инновациялық іскерлігі мен бәсекеге қабілеттігін артты­руға бағытталған Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы бекітілді. Сала мамандары құжаттың ел экономикасының орнықты да, тиімді моделін құруға негіз болатындығын айтады. Одан бөлек жаңашылдық экономикалық жүйелерді тұ­рақ­тандыруға, қорларды тиімді пайдалану арқылы адам мен табиғаттың арақа­ты­насын теңестіруге сеп болмақ.
Еліміз жел және күн энергиясы жөні­нен әлемнің ең үздік аймақтарымен теңе­се алады. Бұл орайда жа­сыл экономиканы дамы­туды қолға алсақ, баламалы энер­гия көздерін өндіруде өзге елдерге үлгі болумен қатар, қоршаған ортаны сақтау тұр­ғысынан да озық мемлекеттер көшіне ілесер едік.