Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».
Бүгінде ұлттық ат спорты ойындарына үлкен көңіл бөлініп отыр. Содан болар бәйге, көкпар, аударыспақ сынды ойындарға қызығушылық танытқан жастардың қатары қалың. Талас ауданының шабандоздарының қарымы өзгелерге жақсы таныс. Түрлі деңгейдегі бәсекелерде жерлестеріміздің жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Ат құлағында ойнаған шабандоздардың жетістігінде Бұқаралық спорт ойындарын өткізу орталығының ат спортын дамыту бойынша жұмыс жасап жатқан мамандардың үлесі аз емес. Бұған дейін Берікқара ауылдық округінде көкпардан аудан чемпионаты өткізілген болатын. Дүбірлі додада Ойық ауылы шабандоздарының мерейі үстем болды. Жерлестеріміздің бұл алғашқы жеңісі емес. Кіл мықтылардан жасақталған құрама көкпардан облыс чемпионатында күміс жүлдені иеленіп, өңір жұртшылығына мықтылығын дәлелдеп берді. Ал Амантай Сүндетәлі аударыспақтан осымен екінші рет республика чемпионатында топ жарды.
Күні кеше ғана Таластың 4 шабандозы облыстық «Әулиеата» құрамасында өнер көрсетіп, Алматы облысы Талғар қаласында көкпардан жастар арасында өткен республикалық додада жеңімпаз атанды. «Әулиеата» көкпар командасының капитаны да таластық- Нұрдәулет Әлімбек.