«Tt» — ақпарат».
Қостанай облысы, Меңдіқара ауданында сатирик-жазушы, этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» атты республикалық байқау өтті. Әзіл-сықақ театрларының арасында өткен аталмыш байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылып, еліміздің әр түкпірінен келген үздік өнер ұжымдары бас қосты. Қазақ сатирасының дамуына зор үлес қосқан Сейіт Кенжеахметовтің шығармашылығына арналған бұл байқау – театрлар үшін үлкен шығармашылық алаң әрі кәсіби бәсеке болды десек, артық айтқандық емес.
Байқауға Ақтөбе, Орал, Қызылорда, Маңғыстау, Қостанай облыстары мен Жамбыл облысынан өнер ұжымдары қатысып, сахналық мәдениет, актерлік шеберлік, ұлттық юмор мен өзекті тақырыптарды жеткізе білу тұрғысынан сынға түсті. Осындай мәртебелі додада Талас ауданынан барған «Талас» халық театры жоғары деңгейде өнер көрсетіп, І орынды жеңіп алды. Өнер мен мәдениетке адал қызмет етіп жүрген ұжымның еңбегі мен таланты осылайша елге танылып, театр сүйер қауымның қошеметіне бөленді.
Қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Боранбаев, белгілі сатирик-жазушы Нұрлыбек Жұбатқан және мәдениет қайраткері Бауыржан Орда сынды елімізге танымал өнер қайраткерлері болды.
Қазылар «Талас» халық театрының тақырыпты ашудағы шеберлігін, актерлердің сахналық үйлесімділігін, заманауи көзқараспен ұлттық әзілді жеткізе білу қабілетін жоғары бағалады.
«Талас» халық театры – аудан мәдениетінің мақтанышы. Ұжым бұған дейін де облыстық, республикалық деңгейде түрлі байқауларға қатысып, үздік атанып жүрген шығармашылық бірлестік. Театр ұжымы өмір шындығын, ұлттың өткені мен бүгінін, салт-дәстүр мен рухани болмысымызды көрерменге театр сахнасы арқылы жеткізіп келеді. Ұжым репертуарында классикалық және заманауи драматургия негізіндегі қойылымдар, әзіл-сықақ, патриоттық және тәрбиелік мәні зор сахналық көріністер мол.
Театр құрамында тәжірибелі әртістермен қатар, жас таланттар да өнер көрсетеді. Бұл өз кезегінде театрдың дәстүр сабақтастығын сақтап, шығармашылықты үнемі жаңартып отыруына жол ашады. Театр жетекшілері мен режиссері әр қойылымда мазмұн мен маңызға ерекше мән беріп, көрермен көңілінен шығатын дүниелерді сахналауға күш салады.
Талант пен табандылықтың арқасында аудан, облыс көлеміндегі байқауларда жүлделі орындарды иеленіп жүрген бұл ұжым бүгінде республика деңгейінде де өз орнын айқындап отыр. «Талас» халық театры – аудан мәдениетінің шынайы айнасы, шығармашыл жандардың ұйытқысы.
Бұл жолғы жеңіс – театр ұжымының қажырлы еңбегінің, тынымсыз ізденісінің және өнерге деген адалдығының нәтижесі. Бұл жеңіс тек Талас ауданының ғана емес, тұтас Жамбыл облысының абыройы мен мерейін республика көлемінде үстем еткен үлкен жетістік. Бұл жеңіс – ұжымның өнер жолындағы табандылығы мен кәсіби шеберлігінің дәлелі.
Алдыңғы жазба
Келесі жазба