1846 жылдың 28 ақпанында жыр алыбы Жамбыл Жабаев Жамбыл тауының етегінде өмірге келді. Өлең сөздің дүлдүлінің, туғанына биыл 178 жыл толып отыр.Бүгінде ауданымызда Жамбыл тауының етегін жайлаған, Жамбыл бабамыздың атымен аталатын қазақы қаймағы бұзылмаған, мал шаруашылығы шалқыған, табиғаты тылсым сырларға толы атына заты сай тамаша ауыл мен мектеп бар. Облысымызда ақын есімімен аталады.
Осы ретте Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай «Жүз жасаған бәйтерек» атты тақырыпта қазақ тілі бірлестігінің ұйымдастыруымен оқушылардың шығармашылық кеші өтті.
Кешті жүргізген мектеп оқушылары Нұрхан Қамшыбай мен Раушан Ыбырай Жамбыл Жабаевтың өмірбаяны мен шығармаларына кеңінен тоқталды.
Жыр кешінің ашылуында сөз алған мектеп директоры Жаңыл Әшірімбетова: «Ж.Жабаевтың туғанына 178 жыл толуына арналған іс-шаралар легі аталмыш мектепте жыл сайын өткізіледі, себебі бұл біздің парызымыз деп білеміз» дей келе, Жамбыл бабамыздың ұшан-теңіз шығармашылық мұрасы – халқының талайлы тарихы мен шынайы өмірінің айнасы екенін тілге тиек етті.
Алдымен мектептің 7, 8-сынып оқушылары қазақша мың бұрала би биледі. Ал 5 «ә» сынып оқушылары мәнерлеп өлең оқыса, 7 «а» сынып оқушылары сахналық көрініс көрсетті. Онда қаршадай Жамбыл ақынның өнеріне атақты Сүйінбайдың бата беруі сомдалды. Бұдан кейін Ақниет Беден «Ерке сылқым» күйін күмбірлете шертсе, Айым Оразалы «Рухымды оятар айбыным» әнін орындады. Ал Нұрасыл Бекжігіт, Әмірбек Шаяхмет, мектеп Президенті Сәкен Сағадин Жамбыл ақынға арнау өлеңдерін мәнерлеп оқыды. 7 сынып оқушылары Әйгерім Көшкінбек, Мерей Талғат, жыр дүлдүлінің өлеңдерін мәнерлеп оқыса, 5 «ә» сыныбының оқушылары нақышына келтіре қазақ биін биледі.
Кеш барысында ауданның билер, кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз Айнаш Боташева, Қазақстанның Құрметті кітапханашысы Гүлсім Нарбаева сөз алып, тәрбиелік мән-маңызы зор іс-шараны ұйымдастырушылар мен мектеп басшылығына алғыстарын айтты. Сондай-ақ ақынның өнегеге толы өміріне шолу жасап, Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда, халық ақындарының жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенетінін жеткізді. Бүгінде ақынның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталғанын атап айтты.
Кеш соңында мектеп оқушылары хормен ән айтса, мектеп ұстазы Бейбіт Молдабаева кешті қорытындылады.
Жамбыл жерінің әр кеші Жамбыл бабамыздың маржан жырымен батып, Жамбыл тауынан соққан салқын самалы сол жыр алыбының өлеңдерімен мәңгі тербеле беруін тілейміз!
Алдыңғы жазба
Келесі жазба