Калифорниялық шылаушан — кәсіп көзі

0 24

Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».

Қазір тірлік бастаймын дегенге кедергі жоқ, керісінше мүмкіндік көп. Мемлекет тарапынан бөлінетін қолдау бар, бастысы ниет болса болғаны. Қызыләуіт ауылының тұрғыны Серік Алпысбаевты тәуекелге бастаған кәсіп айналдыруға деген қызығушылық.
Серік Сейітжанұлының негізігі мамандығы- мұғалім. Талай жыл Қаратау қаласында мектеп-лицейде шәкірт тәрбиелеген оның ауылға қоныс аударғанына да біраз жылдың шамасы болды. Қол қусырып бос жатқанды құп көрмейтін Серік қазір Қызыләуіт ауылында калифорниялық шылаушанды өсірумен айналысады.
-Шылаушанның бұл түрі топырақтың құнарын арттырады. Бақша баптайтын шаруалардың көбі біле бермейді. Әсіресе, аудан көлемінде сұраныс кем. Ал мұндай кәсіп қазір Түркістан облысында қызып тұр. Бақша өсірсең, тіпті ше­лек­ке үйге гүл ексең нәтижесін ұзаққа бармай-ақ көресіз,-дейді кәсіпкердің өзі.
Жалпы Серік кәсіп бастау үшін үй іргесіндегі жерді айнал­дыруда. Калифорниялық қызыл құртты өсіру үшін қорадағы тү­­лік­тердің қиын пайдаланып отыр. Оның көлемі 20 шаршы метр. Одан бөлек кәсіпкер үй ір­гесінен 200 шаршы метр жер­ді кәдеге асырып отыр. Болашақтағы жос­пары жер көле­мін үл­кейтіп, кә­сіп­ті кеңейту.
Ол жайын­да Серік Сейіт­жан­ұлы: -Ты­ңай­тылған топырақ­тың жарнамасын әлеуметтік желі арқылы өзім таратып отырмын. Тапсырыс берушілер де жоқ емес. Қазір литрін 60 теңгеден саудалап жатырмын. Көтерме саудаға сұраныс берушілер болса, бағасын келісеміз,-дейді.
Кәсіп бастамас бұрын шаруа тірліктің дәл осы түрімен айналысып жатқандардан кеңес алған көрінеді. Бизнес жоспар әзірлеп, мемлекет тарапынан берілетін грандты да жеңіп алған. Бұл соңғы бір жылда жеткен еңбек. Ниетіне бұйырған несібесі.
Жалпы калифорниялық шылаушанды өсіретіндер ауданда некен-саяқ. Қайбір кәсіпкерлер жайында қолға алған ісін үлгі етіп баспасөз жарияладық та.
Қазір бастаймын десең кәсіптің түрі көп. Тек тірлік көзін таба біл. Ал біз тақырыпқа арқау еткен калифорниялық шылаушан өсіру-кәсіптің ауыр әрі пайдалы түрі. Ауырлығы сонда көпке беймәлім. Ал пайдасы шаш етектен. Кез-келген шаруа құнарлы топырақты еш қиындықсыз кәдеге жарата алады.