Қазақстанның барлық өңірінде ауқымды құрылыс жұмыстары басталады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізде ауқымды құрылыс жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы азаматтардың толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты екенін айтты. Осыған байланысты басты назарды инфрақұрылым құру ісіне аударып, барлық аймақта жаппай құрылысты бастау міндетін қойды.
«Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ. Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет», – деді Президент.
Жолдауда бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу көзделген. Атап айтқанда, жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының құрылысын бастау тапсырылды.
Сонымен қатар барлық өңірде шығармашылық үйлерін, спорт кешендерін, кітапханалар мен ғылыми орталықтарды салу қажеттігі айтылды. Тұрғын үй құрылысы да маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.
Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. 2029 жылдың соңына дейін осы мақсатқа Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Ал биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге қарастыру қажет.
Президент ауқымды құрылыс аясындағы жобаларды мұқият іріктеп, сенімді компаниялармен жұмыс істеу және бастамаларды жүзеге асырудың әр кезеңін жіті бақылау маңызды екенін атап өтті.