Төл мұрамызды төрге оздырған…

0 23

Талас ауданының мәдениет күні дүркіреп өтті

Мадина Жарас, «Talas tynysy».

Өнер мен мәдениет — егіз ұғым. Тарихы тереңнен бастау алатын құт мекен Талас жерінде де мәдениет пен өнерді дамыту бағытында атқарылып жатқан істер сол төл тарихымызды таразылауды, өнерді өнеге тұтқан елдің рухани дүниесін байытуды көздейді. «Мәдениет асыл қазынам» атты Талас ауданының мәдениет күндеріне орай өткен мерекелік шара осындай игі істердің бір парасы ғана. Жамбыл өңірінің 85 жылдығы аясында облыс аудандарында өтіп жатқан аталмыш шара биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр.

Дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеу, халқы­мыздың салт — дәстүрі мен өмір дағдысын жас ұрпаққа паш ету мақсатында Талас жерінде жалғасқан өнер мерекесі Көктал ауылынан бастау алды. Мұнда «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ламасымен жаңадан бой көтерген ауылдық клуб үйі пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындарына есігін айқара ашқан мәдени нысан 90 орындық және мұнда көрермен залы, кітапхана, цифрлан­дырылған ақпараттық орталық келушілерге қызмет көрсететін болады. Көктал ауылының тұрғындары көптен күткен мәдениет ошағының ашылу салтанатында ауданға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз алып мәдениет пен өнер – қоғамның айнасы, халқымыздың рухани мұрасы, асыл қазынасы, сондықтан еліміз үшін экономикалық өсіммен қатар елдің рухани бай құндылықтарын да дамыту мәселесі маңызды екендігін, бүгінде облыс аумағында заманауи мәдениет ошақтары салы­нып, ел игілігіне беріліп, түрлі бағдарлама негізінде елдің мәдени білімін тереңдету мәселелері де қарастырылып жатқандығын айтты.
— Ауыл аймақтардағы мәдениет ошақтары өнер иелерін баулып, дарынын ашатын киелі орын. «Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтыл­маса керек. Бұл ауылдан болашақта талай дарындар­дың түлеп шығарына сенеміз. Қай кезеңде де мәде­­ниет пен өнер – халықтың рухани болмысының ай­насы болып қала бермек, — деген Серік Жақсылықұлы мұнан соң ауыл ақсақалдары мен бірге клуб үйінің лен­тасын қиып, ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлаған жаңа мәдени нысанды аралап, көрді.
Мәдениет пен өнер мерекесі Қаратау қаласында жалғасты. Мұнда құрметті қонақтарды сәні мен салтанаты жарасқан, ән салып, думандатқан керуен қарсы алды. Халқымыздың дәстүрін жалғаған, қазақы бояуы қанық керуеннің өнерін тамашалаған қонақтар мұнан соң Қаратау қаласындағы атшабарға барды. Облыс орталығынан келген комиссия мүшелері ат құлағында ойнаған ауданымыздың қыз -жігіттерінің өнерін тамашалады. Ауданның мәдениет күніне арнайы ұйымдастырылған «Қыз қуу», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Көкпар» сынды ұлттық спорттық ойындар тартысты өтті.
Талас топырағының өшпес өнегесі мен мәртебелі мәдениетін паш еткен мерекелік шара бұл күні Қаратау қаласындағы орталық стадионда салтанат құрды. «Кітаптар қалашығы» мен «Ертегілер елі», ұлттық тағамдар мен сусындарды ұсынып, қазақы салтымызды сақтаған «Қазақы ауылы» әдет-ғұрыптарды сахналады. Аудан тарихынан сыр шерткен тарихи көрме, қылқалам және қолөнер шебер­лері мен өнерлі жас­тардың туындылары қойылған көрме күз мезгілігінің көрінісімен әдемі үйлесім тап­ты. Ауданымыздағы ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің өнімдері мен түрлі көкө­ніс, жемістер қойылған жәрмеңке қойнауы құт- береке, ырысы артқан өлкенің мол қазынасын көпшілік назарына ұсынды.
Татулық пен бірлік салтанат құрған жерде мәдениет пен өнер де дамыйтыны белгілі. Талас ауданы бірнеше ұлт өкілдерінің құтты мекеніне айналған, бірлігі жарасқан осындай қасиетті өңір. Ауданда бүгінде кәріс, неміс, күрді, славян халықтарының этно – мәдени орталықтары жұмыс жасайды. Мерекелік шарада аталған этнос өкілдері ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдары қойыл­ған көрме ұйымдастырды.
«Мәдениет — асыл қазынам» атты Талас ауданының мәдениет күні концерттік бағдарламаға ұласты. Шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Медет Үрістенов аймақ бойынша халыққа қалтқысыз қыз­мет етіп келе жатқан мәдени ошақтар мен ұжымдардың игі жұмысына тоқталып, мәдениет саласындағы мәуелі істерді атап өтті. Облыс аудандарының барлығында өтіп жатқан шараның маңыздылығына тоқталып, өңірдің мәдени өміріне өзіндік зор үлес қосып келе жатқан ауданның өнер ұжымдарының еңбегіне табыс тіледі.
Көпшілікке көтеріңкі көңіл- күй сыйлаған өнер кешінде аудан өнерпаздары мен қатар Таластан түлеп ұшқан Сәрсенбек Бәкір, Мадина Сағымбекова, Айгүл Мақашева, Бақыт Шағырбаев сынды танымал өнер майталмандары өнер көрсетті.
Өнер — ұлттың жаны, ал мәдениет- рухани келбеті. Оны сақтап, байыта түсу- ортақ парыз. Киелі туған өлкемізде өткен дүбірлі тойда көпшілік батырлар мен ақындар елі Таластың бай тарихы мен мәдениетіне тағы бір рет куә болды.