2025 жылы МӘМС-ке қанша төлейміз?

0 32

Қазақстандағы ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшері бұрынғы дең­гейде қалғандықтан, МӘМС төлемдерінің кө­бісі өзгермейді.
Әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру қорын­да дербес төлеушілер мен жеке кәсіпкерлер үшін жарналарды есептеу негізі ретінде ең төменгі жалақыны алатынын еске салды. 2025 жылы оның мөлшері сол күйінде қалды – 85 000 теңге. Демек, жарналар мөлшері де өзгермейді.
Жұмыс берушілер мен жұмысшылар үшін төлем мөлшері өзгеріссіз қалады – сәйкесінше 3% және 2%.
Тек біржолғы төлем мөлшері өзгереді – 21,5%-дан 23,8%-ға дейін, сондай-ақ жеңілдетілген категориядағы азаматтар үшін мемлекет тарапынан жарналар мөлшері өзгереді – орташа айлық жалақының 1,9%-ынан 2%-ына дейін, бұл көрсеткіш өткен екі жылдағы ағымдағы қаржы жылының орташа айлық жалақысынан есептеледі. Бұл мәліметті мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган анықтайды. Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойын­ша 2023 жылдың қорытындысы бойын­ша ҚР орташа айлық жалақысы 364 295 теңгені құрады.
Осылайша, 2025 жылы МӘМС төлемдерінің мөлшері келесідей болады:
• Жұмыс берушілердің жарналары – қызметкердің табысынан 3%;
• Жұмысшылардың жарналары – табыстың 2%-ы;
• Біржолғы төлем тө­леушілер – жалақы қорынан 23,8%;
• Азаматтық-құқық­тық шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалардың жарналары – табыстың 2%-ы;
• Жеке кәсіпкерлердің, жеке практикамен ай­налысатын тұлғалардың жарналары – 5 950 теңге (Республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ЕТЖ мөлшерінің 1,4 еселенген мөлшерінің 5%);
• Дербес төлеушілердің жарналары – 4 250 теңге (ЕТЖ-ның 5%-ы);
• Мемлекет тарапынан МӘМС-ке төленетін жарналар – 7 285,9 теңге.
МӘМС жарналарын «Қазпошта» АҚ, екінші деңгейлі банктердің кассалары мен мобильді қосымшалары, сондай-ақ терминалдар арқылы төлеуге болады.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы.