Тәртіп күшейсе, қылмыс азаяды

0 10

Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».
Балалар өнер мектебінде аудандық полиция бөлімінің бастығы Еркен Абаев тұрғындар алдында 2025 жылдың 2 айында атқарылған жұмыстар туралы есебін берді. Жиынға қала әкімі Дархан Баймбетов, аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы, білім беру мекемелерінің қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.
Жыл басынан бері аудан көлемінде 26 қылмыстық құқық бұзушылық дерегі тіркелген. Маскүнемдік жағдайда қылмыстарға жол бермеу мақсатында соңғы 3 ай көлемінде дүкен иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Бұл аралықта алкоголь өнімдерін белгіленген уақыттан тыс сатқан 13 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылыққа жол бермеу мақсатында 24 рейдтік іс-шара өткізілген. 2 ай мерзім ішінде жалпы саны 1578 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталып, хаттамалар толтырылған. Бұл туралы кездесу бары­сында Еркен Қайратұлы баяндап берді.
Жыл басынан бері 8 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл екі айдағы болған апаттар саны. Жол апаты көбіне қараусыз қалған малдардың қатысуымен орын алып жатады. Мәселенің әрқайсымыз үшін маңызды екендігін түсінуіміз қажет. Бұл бағытта полиция бөлімі тарапынан аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Еркен Абаевтың сөзінше, аудан аумағындағы тас жолдарға талдау жүргізіліп, қауіпті учаскелер нақтыланған. Тиісінше ол аймақтарға 12 жануар макеті мен 10 малды айдау белгілері қойылған. Дегенмен, әлі де болса қараусыз малдардың қатысуымен болған апаттар азаймай отыр. Жиында одан өзге интернет алаяқтық қылмыстары бойынша да мәселе көтеріліп, тұрғындарға таныс емес нөмірден шалынған қоңырауларға жауап беруде сақ болу қажеттігі ескертілді.
Басқосуда тұрғындар мопедтерді тіркеу талабы, шетелден жеткізілген көліктер мен интернет алаяқтығы бойынша сауалдар қойылды.
Өз кезегінде көтерілген сауалдарға қатысты аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Мадияр Қожахметов: -Мопедтерді тіркеу 5 -сәуірге дейін жүргізіледі. Заңға сәйкес жүргізуші куәлігі, мемлекеттік нөмірі және сақтандыру куәлігі болуы қажет. Ал, сырттан жеткізілген көліктерді транзит нөмірімен жүргізуге тыйым салынған. Тек шетел азаматтарына ғана рұқсат берілген. Мұның барлығы жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін жасалып жатқан шаралар. Халық осыны түсіне білуі қажет. Расымен кейбір шектеулердің нәтижесінде жол апаттары едәуір азай­ған, — деп жауап берді.
Құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында қала ішінде 75 бейнебақылау камерасы орнатылмақ. Сонымен қатар М.Әуезов мектебі аумағындағы көлік жолына бағдаршам қою жоспарланып отыр. Мұндай шешімдер құқық бұзушылықты анықтауға әрі баланың қауіпсіздігі үшін маңызды болмақ.
Кездесу соңында Дархан Тобашұлы ата-аналарды бала тәрбиесіне жауапкер­шілікпен қарауға шақырып, аудандық полиция бөлімінің жұмысына сәттілік тіледі.