Конституция – елдің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің басты тірегі. Оны мемлекеттің саяси-құқықтық төлқұжаты деп атау бекер емес. Себебі Конституция мемлекеттің даму бағытын, негізгі құндылықтарын айқындайды.
Ата Заңның 1-бабының 1-тармағында Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны және оның ең басты қазынасы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені атап көрсетілген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстан – заң мен тәртіп үстемдік құратын ел» деп атап өтті. Бұл қағида жаңа қоғам қалыптастыруда басты ұстанымға айналуы тиіс. Заң алдында барлығы тең болғанда ғана әділетті мемлекет құруға болады. Құқық үстемдігі – кез келген демократиялық қоғамның ажырамас бөлігі. Мемлекеттік қызметкерлерден бастап әрбір азаматқа дейін заңды құрметтеу, әділеттілік қағидаттарын сақтау маңызды.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Адал адам – Адал азамат – Адал табыс» қағидасын ұстану қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, заң мен тәртіпке баса назар аудару керектігін айта келе: «Заң алдында бәрі тең. Бұл – ортақ әрі мызғымас қағида. Мемлекет бейберекеттікке жол бермейді, ал әр азамат қоғамдағы тәртіпке жауапты» деген болатын.
Бұл сөздер елдегі тұрақтылық пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің аса маңызды екенін көрсетеді. Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның басты көрсеткіші.
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі бар. Егер әр азамат тәртіпті сақтап, әдептілік пен мәдениеттілікті ұстанса, ел ішінде тыныштық орнап, қоғамда татулық пен береке орнайды. Ол үшін ең алдымен құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті жаңа деңгейге көтеру қажет.
Қоғамдағы ұсақ құқықбұзушылықтар мен қылмыстарға қарсы күрес – құқықтық мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Президент бұл мәселеге ерекше мән беріп, құқықбұзушылықтарға төзбеушілік қағидатын қалыптастыру қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында құқық қорғау органдарының қызметін реформалау мәселесіне тоқталған болатын. Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы заңның қабылдануы – құқықтық мемлекеттің дамуындағы маңызды қадам. Бұл заңға сәйкес, бұрын әкімшілік құқықбұзушылық саналған әрекеттер енді қылмыстық жауапкершілікке жатқызылып, жаза күшейтілді.
Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – синтетикалық есірткіге қарсы күрес. Осы бағытта 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Бұл жоспар есірткі таратумен күрес шараларын күшейтіп, нашақорлықтың алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдары интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге қарсы күресті күшейтіп, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруда.
Конституция – халықтың басты құндылығы. Ал заң үстемдігі – мемлекеттің негізгі қағидаты. Заң алдында барлығы тең, ешкім құқықтан жоғары болмауы тиіс.
Сондықтан әрбір азамат Ата Заңымызды құрметтеп, оны терең меңгеруі қажет. Бабалар аманатына адал болғанымыз секілді, Ата Заңға да адал болып, әділетті қоғам қалыптастыруға үлес қосайық!
Талас ауданының прокуратурасы