Конго-Қырым қанды безгегінен сақтаныңыз!

0 5

Ауа-райының күрт жылынуымен жан-жануарлардың тіршілігі жандана бастайды. Ерте көктемде адамдарға қауіп төндіретін кененің де аса қауіпті жұқпалы ауру тарататыны белгілі. Мәселен, Конго-Қырым қанды безгегі аты айтып тұрғандай ең алғаш Қырымда тіркеліп, адамды ауру кене шаққан кезде жұғатын вирустық ауру екені дәлелденген.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының негізгі қоздырғышы табиғатта кездесетін кененің, сондай-ақ ауру жұқтырған жануарлардың қой, ешкі, сиыр, жылқының ағзасында болатыны анықталған. Кене – қанмен қоректенетіндіктен, ол адамды тіпті 100 метр қашықтықта сезетін қабілетке ие. Зиянды жәндік секундына 7 см дейін жылжып, бір тәулікте 200 мг дейін қанмен қоректенеді. Көбіне мал қорада, малдың қиында, тышқан, құстың ұясында және тоғайда, өсімдіктердің түбінде көптеп кездеседі. Бір аналығы 18 мыңға дейін жұмыртқа тастауға дейін барады. Ал жұқпалы вирусын бойында 2 жылдан астам уақыт сақтай алады. Өлім жағдайына дейін әкелетін індетті жұқтыру кез келген адамға қауіп әкеледі. Әсіресе, мал қора тазалау кезінде, шөп шабу, тоғайда мал баққанда өте сақ болған жөн. Алдын ала кенеден қорғанудың амалын жасап, ұзын жеңді киім киіп, дененің барлық жері қымталғанына назар аудару керек. Сонымен қатар, малшылардың қырқым кезінде кенемен жанасу кезінде, оның қаны жалаң қолға, көзге, ауызға тигенде жұқтыру қауіпі жоғарылайды. Ауруды жұқтырған адамның бойында жылдам қан арқылы тарайтын вирус аса қауіпті. Ең алдымен басы ауырып, дене қызуы 40 градустан да асып, қалтырап, беті мен шырышты қабыршықтары қызарады. Әл-дәрмені құрып, бұлшық еті ауырады. Буындарында қақсау, жүрегі айну секілді белгілер пайда болып, құсады. Науқастың жағдайы 2-4 күннің ішінде нашарлап, мұрнынан, тістің қызыл иегінен, кене шаққан жерден қан кетеді. Іші өтіп, бауыры мазалайды. Адам өміріне қауіпті індеттің көбісі өліммен аяқталады. Сондықтан адам өзін кене шаққанын байқаса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Әсіресе наурыз айларында шаққан кененің белсенділігі жоғары болғандықтан міндетті түрде медициналық көмектің араласуымен дене қызуын бақылаған жөн.
Бұталарды аэрозольді генераторларды пайдалану арқылы дәрілеу жүзеге асырылады. Аудан бойынша Аққұм, Бостандық, Кеңес және Үшарал ауылдық округтерінің аймақтары КҚҚГБ ауруының ошақтары орналасқандықтан 2025 жылы кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары 15.04.2025 жылы көктемгі залалсыздандыру жұмыстары басталатындығын хабарлайды. Сондықтан, ауылдық округтің немесе елді мекеннің тұрғындарының назарына қора-жайларыңызды механикалық жолмен яғни, шөп, кидан тазалап дәрілетіп алуларыңызды сұранады.
А.Жапан,
ветеринариялық бөлімнің маманы.