Мәңгілік ел жадында

0 1

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы – бұл ерлік пен тағзымға толы тарихи белес. Қазақстан үшін бүкіл посткеңестік кеңістік сияқты бұл соғыс тарих қана емес, ұлттық жадтың бір бөлігіне айналған оқиға. Қазақстандықтардың 1941-1945 жылдардағы көрсеткен қайсарлығы мен ерлігі Отанға адал қызмет етудің үлгісі болды.

Кеңес Одағының миллиондаған халқымен бірге, Қазақстан да бұл сұрапыл соғыстағы жеңіске өзінің үлкен үлесін қосты. Соғысқа 1,5 миллионнан астам қазақстандық аттанып, соның тең жартысы қан майданнан қайтпады. Миллиондаған адам «бәрі де жеңіс үшін» деп, бел шешпей еңбек етті. Қасіреті мол соғыс оты әрбір шаңыраққа тиіп, өшпес дақ қалдырды. Олардың ерлігі мен жанқияр­лығы нағыз патриотизмнің үлгісі ретінде мәңгі есте қалды. Ұлы Отан соғысында бейбіт­шілік үшін күрескен батыр бабаларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
9 мамыр Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Қаратау қаласындағы «Мәңгілік алау­ға» гүл қою рәсімі өтті. Жиналған жұртшы­лық алдымен қан майданнан оралмаған боз­дақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Мұнан соң аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков, аудандық мәслихаттың төраға­сы Қадірбек Садубаев, шараға қатысқан со­ғыс және тыл ардагерлерінің ұрпақтары мен мекеме қызметкерлері ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Жеңіс мерекесі орталық алаңда жалғасты. Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының өнерпаздары Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңінен таралған әндерді шырқап, алаңға жиналған көпшілік назарына ұсынды. Тылда еңбек еткен аналарымыздың жанқиярлығы, жеңісті жақындатқан ерлердің ерлігін бір сәтке еске түсіріп, театрландырылған қойылым қойды.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай қан майданда қаза тапқан батыр бабаларымыздың ерлігін еске алу шаралары бұл күні барлық ауылдық округтерде өтті.

Серік Тәжібаев,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы.