Ойлылар ойынында бақ сынаған мықтылар
«Тt» — ақпарат».
Жерлесіміз Берік Пшановтың есімі дүйім жұртқа жақсы таныс. Дойбыдан Азия чемпионы болса, шахматтан Жамбыл облысы мен Талас ауданының бірнеше дүркін жеңімпазы. Қазақстан Республикасының спорт шебері.
Сонымен бірге Берік бауырымыз Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабына енген. Оның тісімен 32 келілік кір тасын көтеруі, құлағымен көлікті сүйрейтін тосын рекордтары да көпшілікті тамсандырған. Ал, белтемірде акробаттарға тән өнер көрсетуі де талайды тәнті еткен.
Бірнеше рет теледидар арқылы өзінің ұзақ жылдарға созылған спорттық бабы туралы көрермендермен ой бөліскенін де былайғы жұртшылық ұмыта қойған жоқ.
Берік Абулханұлының өмірден озғанына жыл толуына орай, Қаратау қаласында шахматтан облыстың ашық турнирі өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында алғаш сөз алған Жамбыл облысы шахмат федерациясының президенті Әлібек Өтеулиев жерлесіміз жайлы жылы лебізін білдіріп, оның көп жылғы спорттық мансабы туралы әңгімеледі.
Сондай-ақ, басқа да қонақтар Б.Пшановтың жастарды спортқа баулу барысында сіңірген еңбегіне, адами қасиеттеріне кеңінен тоқталды.
Турнирге облысымыздың мықты деген 33 шахматшысы 60 жасқа дейін және 60 жастан жоғары екі топқа бөлініп бас жүлдені сарапқа салды.
Бұл жерде Байзақ ауданынан келген 81 жастағы Амангелді Оспанов сынды ардагер спортшының да қатысқанын атап өткен жөн. Ол Берік екеуі талай байрақты бәсекелерде тізе қосып, бірге өнер көрсеткендерін сағынышпен еске алды.
Жарыс қорытындысында 60 жасқа дейінгі спортшылар арасында Тараздық Ерғазы Дулаттың мерейі үстем болса, 60 жастан жоғарғы шахматшылар арасында Азия чемпионы Айтқазы Баймурзинге тең келер қарсылас табылмады.
«Мықты алып та жығады, шалып та жығады»,- деген осы десті жанкүйерлер.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтармен бірге кубок, медальдар табыс етілді.
Берік Абулханұлының зайыбы, Жамбыл облыстық дойбы федерациясының президенті, халықаралық дәрежедегі төреші Жауһар Дәуренбекова жиналған көпшілікке өз отбасы атынан рахметін айтып, ризашылығын білдірді.
Жиын соңында Берік бауырымыздың өмірден өткеніне жыл толғанына орай ас беріліп, құран бағышталды.