«Tt» — ақпарат».
Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағының иегері, Талас ауданының Құрметті азаматы, жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлының шығармашылығына арналған кеш өтті. Жазушының ұстазы Балтабай Әбітаев, әдебиетші Бекбосын Кенжеғараев, Шу ауданының Құрметті азаматы, ақын, бірнеше жыр жинақтарының авторы Сәт Мәлібек, ақын Асқарбек Айдаров пен қатар өскен замандастары әдеби – сазды кештің құрметті қонағы болды. Аудандық орталық кітапхана Талас топырағында дүниеге келген ақын, жазушылардың шығармаларын өнеге ету, өмір жолдарын келешек ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында «Әулиеата -кітап оқитын өңір» жобасы аясында талантты тұлғалардың шығармашылық кештерін өткізуді жақсы дәстүрге айналдырған.
Талантты жазушы, қаламы қарымды журналист Көсемәлі Сәттібайұлының шығармашылығына арналған «Жамбыл көркемсөзінің жампозы» атты кештің ашылу салтанатында Талас аудандық мәслихатының төрағасы Қадірбек Садубаев сөз алып, қаламгердің еңбек жолы мен журналистік қызметіне тоқталды. Таласта туып, бүгінде алашқа танылған кеш иесіне ауданның Құрмет грамотасын табыстап, иығына шапан жапты.
Көсемәлі Сәттібайұлы тек жазушы ғана емес, ол қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосқан, ауданымыздан шыққан көрнекті қаламгер. Оның қаламынан туған мақалалар, очерктер, фельетондар мен сұхбаттар заман үні мен халық мұңын қатар жеткізген шынайы журналистиканың үлгісі. Талас ауданына қарасты аядай Амангелді ауылында дүниеге келген қаламгер журналистік қызметін аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «TALAS tynysy») газетінде тілші болып бастаған болса, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы қызметін ұзақ жылдар атқарып, оны қоғамдық пікір қалыптастыратын беделді басылымға айналдыра алды. 1988 жылы жазушы К.Сәттібайұлы «Елгезек Бағдаршам» атты ертегі-хикаятымен «Жалын» баспасының жабық бәйгесіне қатысып екінші жүлдеге ие болды. Содан бері қаламгердің әр жылдарда жазылған «Сайқымазақ дүние», «Аран», «Хауа Ананың көз жасы», «Сумен жазылған өлең», «Жалғызқара» атты кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ «Бастау», «Қазақ балуандары», «Елбасы», «Кәусәр бұлақ» және басқа да ұжымдық жинақтарға әңгімелері, ертегілері, хикаяттары мен эсселері енген. Шығармалары орыс, қырғыз және түрік тілдеріне аударылып, бүгінде қалың оқырманнан өз бағасын алып үлгерді.
Кеш барысында сондай-ақ, жазушының ұстазы Балтабай қария, ақын, бірнеше жыр жинақтарының авторы Сәт Мәлік, әдебиетші Бекбосын Кенжеғараев Көсемәлі Сәттібайұлының балалық шағы, тұлғалық қасиеті, қаламгерлік қарымы жайлы әңгімеледі. Жас оқырмандар жазушының «Елгезек бағдаршам» атты хиқаяты мен бірқатар әңгімелерінен үзінді оқыды. Кеш қонақтарына кітапхана қызметкерлері мен жас оқырмандардың қатысуымен «Шеткері үйдің жарығы», «Алдамаңдаршы адамдар» атты шығармалары негізінде қойылған шағын сахналық көріністер ұсынылды. Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының әншілері Гүлсезім Ағабекқызы “Ауылым”, Сатыбалдиева Зауре “Әгугай домбыра”, Дана Шалқарбаева жергілікті әнші, сазгер Әбен Шалқарбаевтың «Ақтілек» әндерін шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Кеш соңында аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Мұхтаров әдеби-сазды кеште өнер көрсеткен оқырмандарды марапаттады.