«2025 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы № 1248 қаулысына сәйкес ауыл шаруашылығы санағы 2025 жылғы 1 тамыздан бастап 20 қазан аралығында жүргізілетін болады.
Ауыл шаруашылығы санағы кемінде он жылда бір рет өткізіледі. Қазақстандағы алғашқы ұлттық ауыл шаруашылығы санағы 2006-2007 жылдары өтті және екі кезеңде жүргізілді.
Ауыл шаруашылығы санағының негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығының жай-күйі, оның құрылымы, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің санаттары, ресурстардың болуы мен пайдаланылуы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірушілерінің экономикалық сипаттамалары туралы толық және шынайы деректерді алу. Алынған мәліметтер іріктемелі ауыл шаруашылығы зерттеулерін жүргізу үшін шаруашылық жүргізуші субъектілердің ауыл шаруашылығы тіркелімін өзектендіруге, сондай-ақ мемлекеттік басқару органдарын, ғылыми-зерттеу ұйымдарын және басқа да мүдделі тараптарды агроөнеркәсіптік кешен саласындағы тиімді мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру үшін қажетті объективті ақпаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңға ауыл шаруашылығы санағын өткізу мерзімдері және деректерді жинау әдістері айқындалды.
Ауыл шаруашылығы санағының 1-кезеңі 1 маусымнан 30 маусым аралығында Қаратау қаласында жеке шаруашылықтарды алдын-ала аралау арқылы нақтылау жүргізіледі, жер учаскесінің жалпы ауданын нақтылау,өз жерлерінде ауыл шаруашылық дақылдарын өсірумен айналыса ма,ауыл шаруашылығы жануарларының барын анықтау. Қаратау қаласында 3249 жер үй бар, аралау үшін 1-ші кезеңге 3 интервьюер жұмысқа қабылданады (1 интервьюерге 1380 үй аралау жүктеледі).
2025 жылдың 1 тамызынан 31 тамызға дейін ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, жеке кәсіпкерлер, шаруа (фермер) қожалықтары sanag.gov.kz сайты арқылы онлайн сауалнамадан өтеді.
Аудан бойынша 38 заңды тұлға, 1829 шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкерлер тіркелген.
Негізгі кезеңі 20 қыркүйектен 20 қазан аралығында интервьюерлер үй аралап планшетпен сауалнама жүргізеді. Қалалық жерде 1 интервьюерге 480 үй (6 интервьюер) , ауылдық жерде 1 интервьюерге 540 үй (6 интервьюер) беріледі. Аудан бойынша аула саны – 6915, оның ішінде Қаратау қаласында 3249 аула, ауылдық округтерде 3666 аула бар.
Құрметті аудан тұрғындары, ауыл шаруашылығы санағына өз үлестеріңізді қосыңыздар!
С.Макамбетова,
Талас ауданының статистика басқармасының басшысы.
Алдыңғы жазба
Келесі жазба